Тарих

БАТЫР

Қазақ қыраны Нұркен ӘБДІРОВТІҢ ерлігін қарқаралылық Аманжол БҰХАРБАЕВ та қайталапты. Ол (Нұркен) көк тағысы – қыран болса, бұл кісі жер тағысы – бөрі, бөрінің абаданы. Көзсіз ерлік көрсеткен соғыста. Батыр атағы берілмеген, бірақ. Неге екені белгісіз. Көзсіз ерлігі, сөзсіз батырлығы құпия құжаттар ғаламтор бетіне жарияға шыққанда, яғни, кеше ғана белгілі болды. Онда неге бермеген батыр атағын? «Қазақ болғаны үшін шығар» деген бір ойым. Ол да бар. Одан басқа себебі тағы бар…

 

«Отан үшін отқа түс – күймейсің» демей ме? Аманжол Құсайынұлының жанқиярлық ерлігі туралы оқығанда, соған көзім анық жетті. Әңгімені Нұркеннен бастағаным да тегін емес. Ол жаудың бірнеше танкісі, әскери техникалары мен жауынгерлерінің көзін құртып, ұшағы отқа оранғанын білген бойда оны немістердің жанармай толы цистерналарына бағыттап, ұшақпен қоса өзін де отқа тастап жібергенін ел біледі. Дәл сол сияқты, майданнан бронмен босатыла тұра, Қарқаралы ауданынан өзі сұранып аттанған танк командирі Аманжол Құсайынұлы 54 фашисті жер жастандырып, жаудың 4 пулемет нүктесін, сондай-ақ, өздігінен жүретін артиллериялық техникаларын жойып жіберіп, экипажымен қоса танкінің ішінде отқа оранып кеткен. Жау бекінісіне бұзып кіріп, қырыпжойып, ойранын шығарғаны өз алдына, танкіні жалын шарпыса да, тастап шықпаған, берілмеген. Демек, Отан үшін ақ өлім кешкен шаһит деген сөз. Осы ақтық шайқасқа 1945 жылдың 5 наурызында Чехославакияның Саса елді мекенінің түбінде түскен. Батыр Бауыржанның «Менен де батыр, менен де ержүрек ерлердің өліп кеткенін көрдім» дейтіні еске осындайда түседі. Сөзіміз сенімді болу үшін құжатты сөйлетеміз.

«Командир танка Т-34 25 ОТП (отдельный танковый полк) лейтенант Бухарбаев А.Х. в бою за д. САСА /Чехославакия/ проявил исключительное мужество, отвагу и стойкость.

Поддерживая продвижение нашей пехоты лейтенант Бухарбаев на максимальной скорости ворвался в глубину обороны протвника в д. САСА, где навел панику на оборонявщихся там немцев:

Войдя в тыл оборонявшемуся противнику лейтенант Бухарбаев огнем и гусеницами танка уничтожил до 30 солдат противника, 4 пулемета, несколько повозок и подбил самоходное орудие противника. Когда его танк был подбит, лейтенант Бухарбаев отбивал из танка атаки пехоты противника, истребив гранатами и огнем из танка до 24 солдат противника. Когда боеприпасы были на исходе и танк был подожжен лейтенант Бухарбаев продолжал оставаться в танке и предпочев смерть немецкому плену, сгорел в танке.

 За исключительную дерзость, мужество и стойкость, проявленные в бою с немецкими захватчиками лейтенант Бухарбаев А.Х. достойн награждения правительственной наградой посмертно орденом «Отечественной войны первой степени».

Бұл наградтау парағына Қызыл Тулы, Богдан Хмельницкий, Кутузов орденді №25 ерекше Умань танк полкінің командирі, подполковник Антонов қол қойған.

 Енді осы жерде ежіктеп түсіндіре кетуге тура келеді. Ресей Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысты архивтегі құпия құжаттарды 2007 жылы жалғанның жарығына, яғни, ғаламтор бетіне жариялады. Онда бұл кісінің атыжөні Бухарбаев Аманжал Хусаинович деп толтырылған. Ол кісіге қатысты деректі індетіп тауып, зерттеп, зерделеп шыққан – КСРО ішкі істер министрлігінің ардагері, отставкадағы милиция подполковнигі Сәлижан Садықов ағамыз. Бұл кісі – Аманжол ағамызбен аталас, Бесоба топырағының тумасы. Майдангердің сол құжаттарының арасында шекесіне «секретно» деп жазылған №53 бронетанкілі және механикаландырылған армияның қолбасшысы, полковник Супян мен штаб бастығы, майор Кирилловтың 1945 жылдың 31 наурызында шығарған №02/Н бұйрығы бар. Онда осыншама фашисті жер жастандырып, ұрыс алаңында отқа оранып жанып кеткен Т-34 танкісіндегі 4 жауынгерге: танкі командирі, лейтенант Аманжол Бұхарбаевқа «І дәрежелі Отан соғысы» ордені, және қасындағы кіші сержант Антон Асеев, аға сержант Иван Коваленко, кіші сержант Николай Кондрашин атты 3 жауынгерге «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені берілген. Төртеуі де майданда шаһит кетті ғой. Құжат – құпия, орден ауылдағы ағайынға жолданбаған. Аманжол әкемізге мұндай орден берілгенін Сәлижан аға ғаламторды ақтарып отырып былтыр ғана білген. Әрі майдангердің жоғарыдағы «Наградтау парағында» көрсеткен ерлігінің қысқаша сипаттамасына қарағанда, орден былай тұрсын, батыр атағына әбден лайықты. Неге берілмеген? Себеп мынада. Біздің кейіпкер, лейтенант Бұхарбаев – №53 бронетанкілі және механикаландырылған армияның Қызыл Тулы, Богдан Хмельницкий, Кутузов орденді №25 ерекше Умань танк полкінің Т-34 танкісінің командирі. Ал, әскери тәртіп бойынша полк дивизияға бағынуы керек. Дивизия – корпусқа, корпус – армияға, армия – фронтқа, фронт – Халықтық Қорғаныс Комитетінің Бас қолбасшысы Сталинге бағынышты. Сонда Аманжол әкеміз командир болған Т-34 танкі ерекше Умань танк полкіне қарасты болғандықтан, тікелей армия қолбасшысына қараған. Өйткені, ол арнайы жасақ болып тұр ғой. Ал, №53 бронетанкілі және механикаландырылған армияның қолбасшысы, полковник Супян болса, лейтенант Бұхарбаевтың ерлігін армияның әскери кеңесінде талқылатпаған және өзінен жоғары фронттың әскери кеңесіне жолдамаған, бұйрықты өзі шығарып, «Наградтау парағын» да өзі толтырып, құжаттарды сол күйі құпияда қалдырған. Олай дейтініміз, лейтенант Бұхарбаевтың «Наградтау парағында» Супянның қолы мен мөрі бар да, армияның және фронттың әскери кеңесі толтыруы тиіс бағандар бос тұр. Қол да, мөр де жоқ. Ал, ең соңғы нақты қорытынды шешім шығаратын (заключение наградной комиссии Народного Комиссариата Обороны) Бас қолбасшының қолы мен мөрі қойылатын жерге өз армиясының штаб басшысы, майор Кириллов қол қоя салған.

Осылайша, жанқиярлық ерлік жасаған танктегі төрт жауынгерге батыр атағы берілмей қалған. Танк командирі – Аманжол Бұхарбаев қазақ болып тұр ғой! Қарқаралының Бесоба ауылының 1905 жылғы тумасы. Сол кездегі жасы қылшылдаған қырықта ғана екен. Соғысқа дейін Қарқаралыдағы педтехникумды үздік бітіріп, оқуын Алматыда педагогикалық институтта жалғастырған. 1938 жылдан бастап, Қарағанды қалалық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, 1940 жылы Қарағандыдағы №19 мектеп директоры, қазіргі Егіндібұлақ, бұрынғы Қу ауданы, одан кейін Қарқаралы ауданы білім бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін тыңғылықты атқарған. Сол кездегі заң бойынша маңызды буында қызмет атқаратындар соғыстан арнайы броньмен босатылған. Аманжол да тап солай болғанымен, 1942 жылдың күзінде майданға өз еркімен аттанған. «Мұнан менің қай жерім аяулы деп, Бірге тұрып қалады кім майданда» (Абай) деген ар-намысы текке қалдырмай тұр ғой. Онысы ғаламтордан табылған құжатында «соғысқа 1942 жылдың қазан айынан бастап Оңтүстік майдан әскері қатарында кірген» деп көрсетілген. Алғаш соғысқа рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып кіреді. Тарихта қанқұйлы атымен қалған Корсунь-Шевченко операциясы – Днепр өзенінің оң жағалауында неміс әскерін талқандауға қатысқан. Аталған ұрыста 1943 жылдың 19 қаңтарында жараланып, госпитальде емделген. Жазылып шыққан соң №53 бронетанкілі және механикаландырылған армияның Қызыл Тулы, Богдан Хмельницкий, Кутузов орденді №25 ерекше Умань танк полкінің Т-34 танкісінің командирі болып соғысқа қайта кірген. Бұл танк полкіне «Умань» құрметті атағы Умань елді мекені үшін болған жантүршігер шайқастан кейін берілген. Мұнымен қоса, ЯссыКишинев ауданындағы неміс-румын, 1944 жылдың қазан-желтоқсан айларында немісвенгер әскерлерін талқандауға қатысты. Ал, 1945 жылдың қаңтар-наурыз айларында Словакия жерін неміс басқыншыларынан азат етісті. Осы жылдың 5 наурызында Чехословакияны жаудан азат етіп жүріп, Саса елді мекенінің түбінде өшпес ерлік көрсетіп, өлімді ерлікпен қарсы алды. Доспанбет жыраудың «Ер Мамайдың алдында, Шаһит кештім – өкінбен» дегенін немесе Қасым Аманжоловтың «Жау жолына атам сені, Бомба бол да жарыл, жүрек!» дегенін еске салады. Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэмасындағы айбынды ерлікті айнытпай қайталап тұр ғой! Отбасына «І дәрежелі Отан соғысы» ордені де келмеген. Өкініштісі сол ғана ма? Батыр атағы, құрығанда, батыр атағына бір табан жақын «Қызыл Ту» ордені қайда? Майданға еркімен аттанғанда, соңында жары Лида және Ида мен Нелля атты кішкентай балалары қалған. Оларға жазып тұрған хаттары, басқа да өмірдеректері туралы мақала Ермағамбет Лұқпан мен Ғаббас Смағұловтың авторлығымен «Орталық Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 12 наурыздағы санында жарияланыпты. Ондағы батырдың майдан даласынан жеткен хаттарынан аса сезімтал жүрегі мен сергек көңілін аңғару қиын емес

Батырдың немересі, журналист жерлесіміз Гүлнар Бұхарбаева жақында Ресей Президенті В.Путинге хат жолдаған екен. Осыншама ерлік көрсеткен майдангер атасының ерлігі үшін берілген награданы қайта қарау жөнінде. Оған Ресейдің Қорғаныс министрлігінен «бұрынғы армия басшысының шығарған бұйрығы қайта қарауға жатпайды» деген жауап келіпті. Бұған қоса, кезінде жіберілуі тиіс «І дәрежелі Отан соғысы» орденін өздерінің Аманжол Бұхарбаевтың ұрпағы екендігін дәлелдеп, жергілікті қорғаныс істері жөніндегі құрылым арқылы ресми түрде сұратса, жіберетіндіктерін мәлімдепті. Бұдан бөлек, немересі Гүлнар Бұхарбаева құзырлы органдардан жаужүрек аталары Қарағанды қаласында мектеп директоры, Қарқаралы, Қу аудандық білім бөлімдерін басқарғандықтан және соғыстағы асқан ерлігін ескеріп, Қарқаралы аудандық білім бөлімі ғимаратына ұрпақтарының жеке қаржысы есебінен ескерткіш тақта қоюды өтініп, аудан орталығындағы бір көшеге майдангердің атын беруді сұрап отыр. Ұрпақтарының тілегі орынды әрі майдангер мұндай құрметке әбден лайықты.

Нұркен Әбдіровтің көк зеңгірде жүріп көрсеткен ерлігін жерде осы Аманжол Бұхарбаев қайталапты. Батырлығына шүбә жоқ. Кеңестік жүйе қимаған Батыр атағын өзінің туған Отаны – Тәуелсіз Қазақстан қиятын шығар деген үміттеміз. Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа батыр атағын бермеген Одаққа не деуге болады? Ол кісінің есімі халықтың жүрегінде батыр ретінде қалды. Атақты Бауыржан Момышұлына да дер кезінде берілмеген атақты Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алып бермеп пе еді? «Ештен кеш жақсы».

Аманжол Бұхарбаевтың наградтау парағындағы ерлігінің сипаттамасын оқыған жанның көңілінде «нағыз батыр екен ғой!» деген ой ұялайды. Біз де бірден дәл солай пайымдаған соң, кезінде жіберілген олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы мақала тақырыбын бір-ақ ауыз сөзбен кесімді түрде «БАТЫР» деп қойдық.

Қалғаны – патша көңіл оқырман мен мемлекеттік құзырлы органдарға тиесілі.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button