Абай

Бассейн – бұқара игіліне

    Денi сау ұрпақ – ел болашағының кепiлi. Елбасымыздың дәстүрлi Жолдауларында бұқаралық спортқа, салауатты өмiр салтын қалыптастыруға басым бағыттар берiлiп келедi.

Ауданымызда бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында бiрқатар iлкiмдi жұмыстар атқарылуда. Аудан ажары ашылып, кент келбетi көркеюде. Жаңарған көшелер, гүлденiп, көкке оранған бақтар мен аллеялар, қазақ халқының салт – дәстүрлерiнен дем беретiн түрлi әшекей жоралғылар, мүсіндер, тағы басқа да сәулеттi нысандар кентiмiздiң көркіне көрік қосуда.

Соның бір жарқын көрінісі – Жеңіс даңғылы бойындағы жабық бассейн құрылысы. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан ғимаратты биылғы жылдың желтоқсан айында ел игілігіне беру жоспарлануда.

Аталмыш бассейннің ұзындығы – 25 метр, ені 11 метр болады. Бассейн барлық стандарттарға сай етіліп жасалмақ. Жалпы ауданы – 1437,08 шаршы метр, орталық ғимаратының аумағы – 12244 шаршы метрді құрайтын спорт сарайының сметалық құны 397441,8 мың теңгеге тең. Құрылысқа облыстық және аудандық бюджеттен қаражат бөлінді.

Аталмыш нысанның құрылысын «Наладочный центр Темиртау»  ЖШС жүргізуде. Құрылыс барысында 40 адамға жұмыс орны ашылған. Ондағы 27 жұмысшы Абай аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген. Қазіргі таңда 32 адам жұмыс істеуде.

– Бассейнге салауатты өмір салтын ұстанамын деген үлкендер де, балалар да келе алатын болады. Күн сайын 12 сағат бойы есігі ашық бассейнде бір ауысымда елуге жуық адам жүзумен еркін айналысатын болады. Бұдан басқа, ғимараттың екінші қабатында түрлі жаттығулар жасауға арналған құралдармен жабдықталған жаттығу залы, спортшылардың әзірлік залы, киінетін бөлмелер, душтар, массаж кабинеттері, дәрігер бөлмесі, спорт құралдары сақталатын қойма орналасатын болады, – деді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айдос Елеубеков.

Спорт кешені суды жылытатын және тазартатын ең соңғы заманауи технологиялық құралдармен жабдықталады. Абай қаласында ашылатын жүзу бассейні спорттың дамуы мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін дайындауға жаңа серпін бермек. Сонымен қатар, жүзу бассейнінің ашылуы – спорттың дамуына ғана емес, тұрғындардың денсаулығына қосылған сүбелі үлес болары сөзсіз.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button