Жаңалықтар

Баспасөзге жазылу – басты назарда

 Мерзімді басылымға жазылу кампаниясына қатысты жиында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская қоғамдық көзқарастың қалыптасуындағы газеттің рөліне тоқталды.

Жарты жылға және бір жылға баспасөзге жазылу науқаны басталған кезде мемлекеттік және коммерциялық ұйым басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және «Қазпошта» АҚ Қарағанды филиалының өкілімен кездесуді дәстүрге айналдырған қала әкімінің орынбасары ұйым басшыларына газетке жазылуда дұрыс насихат жұмысын жүргізуді тапсырды.

Бүгінгі күні Сіздерге жазылуға кеңес беріп отырған газеттер ақпаратты түрлендіріп емес, оқырманына нақты дерек көзінен алып беретін, шынайы, тексерілген ақпаратты ғана жариялап келе жатқан газеттер. Мемлекетіміздің, Елбасымыздың жүргізген саясатының дұрыс бағалануына, сол арқылы қоғамдық пікірдің қалыптасуына үлес қосушы баспа құралдары. Кітап оқудан алшақтап, ойын қағаз бетіне түсіре алмайтын ұрпақ өсіп келе жатқан кезде газеттен бас тартуға болмайды. Газет болған, бар, бола бермек, – деді өз сөзінде И.Любарская.

Қарағанды халқы қашан да өзінің білімі мен мәдениетінің жоғарылығымен ерекшеленді. Интернет үстемдік құрған заманда газеттің болашағы жоқ дегенді де естиміз. Бірақ, газет көтерген мәселенің шешілмей қалған күні жоқ. Газет бетінде жарияланған әр қызықты мақалаға тақырып ұсынатын халықтың өзі. Халықтың тағдырына бей-жай қарамаған газет арқылы айтулы мәселелер көтерілді, өңір өмірі – осы газеттердің беттерінде, – дейді «Казахстансакая Правда» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Наталья Рыжкова.

Жазылу кампаниясына қатысқан «Қазпошта» АҚ-ның Қарағанды филиалының өкілі А.Тәттімбетов еліміздегі және облысымыздағы ресми ақпараттарды жариялайтын төрт газет – республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская Правда», облыстық «Орталық Қазақстан», «Индустриальная Караганда» газеттеріне жазылудың маңыздылығын атап өтіп, оларға поштаның қырыққа тарта кез келген бөлімшесінде жазылуға болатындығын айтты.

И.Любарскаяның айтуынша, газетке жазылуда Қарағанды облысының кәсіпкерлері салғырттық танытып отыр. «Қарағанды облысы бойынша 16 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар екенін назарға алсақ, олардың әрқайсысы осы аталған газеттердің кем дегенде біреуіне жазылса, жоспарды толық орындар едік», – дейді.

Баспасөзге жазылу – ерікті. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді, әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бей-жай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмасы анық.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button