Бас жүлде – Қарағандыда!

Ақтөбе облысының 85 жылдық мерейтойына орай, Ақтөбе қаласында өткен «Ақтөбем менің еңселі, жырға қосамын мен сені!» атты республикалық ақындар айтысында Қарағанды облысының намысын қорғаған Төлеген ЖАМАНОВ «аузымен құс тістеген» айтулы айтыскерлердің арасынан топ жарып, бас бәйгені жеңіп алды. Бабы мен бағы келіскен жерлесімізге тиесілі жүлде – 2 000 000 теңгенің сертификатын облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өз қолымен табыстады.

Бұл – жазба поэзиядағы айшықты қолтаңбасымен қоса, жаратылысынан жалыны өрттей лаулаған өлең шумақтарын жанынан суырып салып айтуға да машықтанған Төлегеннің сахна төріндегі сайыста бұған дейін де сан мәрте қол жеткізген жетістіктерінің заңды жалғасы. Топырағына кие дарыған Жаңаарқа жазирасында дүниеге келіп, еңбек жолын Қаражал-Жәйрем аймағында бастаған ақын азамат қазір Жезқазған қаласында тұрады.

Ауызекі тілде «Айтыстың атасы» атанған ақын Жүрсін Ерман тізгіндеген сөз сайысына әдебиет пен өнердің «жілігін шағып, майын ішкен» кіл майталман тұлғалар қазылық еткен екен.

«Үйірімен үш тоғыз» демекші, айтыс алаңындағы аламанға кенді аймақтағы ағайынның үкілі үмітін арқалай барған арқалы жыр дүлдүлдері Мақсат Ақанов пен Дидар Қамиев те абырой биігінен көрініп, жүлделі ІІІ орынға табан тіреді.

Қарағанды облысының өнері мен мәдениетінің бүгінгі биігі мен дара деңгейін ел аумағына ерекше бітімде айғақтап берген қуаныш құтты болсын, жырсүйер қауым!

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.