Бас тақырып

Балет жауһарлары – Қарағандыда

23-24 ақпан күндері «Астана Балет» ұжымы Қазақстан қалаларына жоспарланған гастроль аясында Қарағандыдағы К.Станиславский атындағы орыс драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Осы күндері Қазақстанның ірі қалаларының бірі әрі мәдени орталық саналатын қала тұрғындары мен қонақтары театр репертуарындағы әлемдік балет өнерінің жауһары саналатын спектакльдерді тамашалай алады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында «Ішкі туризм мен елге келушілердің санын арттыруға күш салу керек. Ол үшін еліміздің табиғи және мәдени жетістіктерін молынан пайдаланған абзал» дегені бар. «Астана Балет» театры осы бағытты толығымен қолдап, аймақтарда балет өнерін насихаттауға кірісіп те кетті.

Театр директоры Валерий Күзембаевтың айтуынша, осы аймаққа театр алғаш қадам басқалы отыр.

«Өткен жолы келгенімізде көрермен қауым бізді қошеметпен қарсы алды. Бұл жолы аңдатпа бағдарламасын емес, әлемдік мұра қатарына жатқызылған спектакльдерді, тың дүниелер мен соңғы қойылымдарымызды ала келдік. Бұл туындылар Еуропа жұртшылығын тамсандырған еді. Талғамы биік көрерменді түрлі хореография тілімен таныстырып, осы құдіретті өнердің саф алтындай сақталған мол мұрасын паш етпекшіміз», – деді директор.

Гастрольдің алғашқы күні, яғни, 23 ақпанда сағат 17:00-де балет әлемінде биік бәйтерекке баланып жүрген екі тұлғаның, хореография генийлерінің туындылары көрсетілмек. Бұлар – Уильям Форсайттың «IntheMiddle, Some what Elevated» («Ортада, сәл жоғары») және Джордж Баланчиннің «Серенада» атты бір актілі балеттері.

Екінші күні, яғни, 24 ақпанда, сағат 17:00-де хореография өнерінің биік шыңына баланған туындылар көрсетілмек. Кештің бірінші бөлімінде көрермен назарына италиялық композитор Эцио Боссоның музыкасына қойылған «Love’sLostIdols» («Махаббаттың ғайып болған дарабоздары») атты бір актілі балет қойылады. Премьера 2018 жылдың 2-қарашасында өтті. Қоюшы-хореограф – танымал америкалық балетмейстер Николо Фонте.

Екінші бөлімде «Астана Балет» театры репертуарындағы жарқын қойы лымдардың бірін паш етеді. Шақырылған хореограф, бразилиялық Рикардо Амарантенің «Love.Fear.Loss» (Махаббат. Айырылу. Үрей.) және «A Fuego Lento». Ол хореография авторы ғана емес, костюмдерін де өзі шығарды.

Натальи Чепуренконың өңдеуіндегі Эдит Пиаф, Шарль Дюмон, Жак Брель музыкасына қойылған «Love.Fear.Loss» – әр дуэті махаббат сезімін әспеттейтін, аса нәзік, сезімтал балет. Мұнда махаббатынан айырылып қалу қаупі де, үрей де сезіліп тұрады. Осы хореографиялық туындыны шығаруға Эдит Пиафтың қасірет пен мұңға толы тағдыры түрткі болған екен. Ол өзінің сүйіктісінен айырылып, осы бір қасіретін өз әндеріне арқау еткен әнші. Спектакль премьерасы 2016 жылдың 21-қарашасында, Варшавада өткеніне қарамастан, көрсетілген сайын көрерменін елітіп әкететін құдіретке ие зор туынды.

Рикардо Амарантенің екінші туындысы Лало Шифрин, Астор Пьяццола, Карлос Гардель мен Саё Косугидің музыкасына қойылған «A FuegoLento» балетінің премьерасы 2016 жылдың 5-қазанында Токиода өтті. Спектакль жалынға ұқсас: бастапқыда баяу ғана жанып, артынан лаулайтын, бойыңды жылытатын от іспетті. Бұл балет бойыңызды алғаш билеген тұстағы махаббат әлегі мен құштарлық сезімін көркем тілмен жеткізуге тырысқан. Осы хореографиялық композицияның әр сахнасы тангоның көңіл толқынына ілескен сезім мен құштарлықтың көрінісі.

Валерий Күзембаевтың айтуынша, биыл маусым айында «Астана Балет» гастроль бағдарламасымен Атырауға да аттанбақшы. Онымен қоса, биыл театр һас өнерді сүйер қауымға тың қойылымдарын да тарту етпекші. Хореограф ретінде Ресей мен Германияның айтулы балетмейстерлері Юрий Григорович пен Раймондо Ребек шақырылып отыр.

 Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button