Ресми

Баланың қорғаны – ата-ана

«Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен тиімді күресу маңызды рөл атқарады» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында. Отбасындағы құқық бұзушылықтар туралы сөз қозғағанда бала құқығын айналып кете алмайтынымыз анық. Әлбетте, бала құқығының бас қорғаушылары – ата-анасы. Қазір қорғаушысы дегеннің өзінен теперіш көріп, психологиялық ауытқуға ұшыраған, ешкімнен көмек күтпейтін, ешкімге көмек қолын созбайтын, ешкімге сенбейтін, дүние атаулыға ашулы көп бала өсіп келе жатыр қоғамда. Өркениетті елдер қатарына қосылғымыз келіп, қанша тыраштанғанымызбен, дәл осы жағдай реттелмей, өспейтініміз де, өркендемейтініміз анық.

зорлық-зомбылық

Жалпы, өркениетті елдер өз болашағы үшін бала құқығының бұзылмауына ерекше мән береді екен. Мәселен, француздар бала құқығына қатысты екі мақсатты көздейді. Біріншісі – келеңсіз жағдайдың алдын алу. Яғни, кез келген отбасы баламен арадағы жағдай ушығып бара жатқанын сезсе, құзырлы органға жүгінеді де, мамандардан психология­лық көмек алады. Ал, екіншісі – қорғау. Егер балаға қауіп төнсе, тағы да сол құзырлы орган баланың отбасынан қажетті шараларды қабылдауды талап етеді.

Бұл – қазақтың менталитетіне жат дүние болса да, француздардан алатынымыз көп екен. Бізде қалай? Бала тыңдамай, сәл мінезін көрсетіп, өз пікірін білдіре бастаса, «күшімізді» көрсетіп, не зекіп, не соққыға жығып тынамыз. Бір деңіз. Екінші қауіп төнген жағдайды біле тұра, баланың емес, үлкендердің сөзіне сеніп, жауырды жаба тоқуға тырысамыз.

Осы орайда психолог баланың құқы­ғы қорғалуы үшін ең алдымен, отбасындағы тыл мықты болуы керек дейді.

– Қандай жағдай болмасын, ата-анасы қорғай алатынын білген бала өзін жәбірлеуге жол бермейді. Жақындарына сенім арта алмаған бала жасып, өзгелердің алдында төменшіктеп тұрады. Келе-келе санасында «өмірдің өзі осындай, баланы жәбірлеу қалыпты құбылыс» деген пікір қалыптасып, үнсіз жүре береді. Ал, зәбір көргені жайлы айтса, ата-анасы сенбей, баланың өзіне ұрсып, болмаса, «өтірік айттың» деуі мүмкін. Баланы тыңдауды, сөзіне құлақ асуды, пікірімен санасуды ойламайды көп ата-ана. Қоғамда бұл қалыпты құбылыс. Осындай жағдайдан құтылмасақ, дұрыс, дені сау қоғам құра алмаймыз, – дейді Сләмия Саттаров атындағы мектеп-лицейінің педагог-психологы Сымбат Берікқызы.

Ал, АҚШ-та бала ата-анасын сотқа бере алады. Тіпті, бала анасының жаты­рында жаралған сәттен оның құқығы күшіне енеді. Сондықтан, ол жақта түсік жасатуға ішінара немесе толық тыйым салуды қарастыруда. Мемлекеттік ор­­гандар бала асырап алушыларға да ерекше назар аударады. Мәселен, асырап алушы отбасында балаға қатыгездік жасау жағдайлары туралы азаматтарды хабарлауға міндеттейтін заң бар.

Германияда ата-ана болу да жұмыс­тың бір түрі тәрізді. Яғни, жақсы жалақы төленеді. Бұл елде балаларды қорлауға және оларға күш қолдануға құқығы жоқ. Күш қолданған адам қылмыстық жазаға тартылады.

Бала зәбір-запаны көп жағдайда отбасында көретінін жазады белгілі заңгер Ләззат Рақышева. Саналы өмірін зорлық­-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арнап келе жатқан заңгердің арнайы блогы да бар. Бастарынан өткен жайтты бөліскендердің бәрі сәбидің «зорлық көрдім» деген сөзіне сенбей, өздерін кінәлаған.

Облыстың полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева балалардың құқығының бұзылуы жағдайымен бөлісті. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың жыныс­тық қолсұғылмаушылығына қатысты. Статис­тикалық деректер жыл сайын мұндай озбырлық жағдайлар азаюдың орнына, ұлғайып келе жатқанын көрсетеді.

– Облыста жыл басынан он алты жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түскен немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер бойынша алты қылмыстық іс тіркелді. Ал, былтыр дәл осындай 8 жағдай орын алған. Бұл ретте қылмыскер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, он екі жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, биыл жас балаларды азғындық жолға түсірген 6 жағдай тіркелді. Қылмыскерге бұл ретте он жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, – дейді Гүлбану Ратайқызы.

Облыстың кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Динара Мутубаева «Егер бала құқығы тапталмаса, ювеналдық сот болмайтын еді» дейді. Соған қарамастан, облыста бала құқығы өз деңгейінде қорғалуда екенін де айтады.

– Сот тәжірибесінде бала құқықтарын қорғау бойынша көбінесе білім бөлімдері талап-арызбен жүгінеді. Эмансипация жағдайында, яғни, кез келген тәуелділіктен босату, шектеулерді жою, құқықтарын теңдеу керек деп танылған балалардың құқықтарын қорғау үшін сот актісімен адвокат тағайындалады, – дейді сот төрағасы.

Динара Мутубаева бүгінде баланы тәрбиелеу және білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ата-ана құқығынан айыру бойынша – 172 іс, ата-ана құқығынан шектеу бойынша – 47, әкелікті анықтау бойынша – 71 іс қаралуда екенін айтады.

Одан бөлек, сот төрағасы баланың құқығы олардың тұрғылықты жері, кездесу уақытын анықтау, алиментке қатыс­ты да бұзылатынын да айтады. Баланың тұрғылықты жерін анықтауда – 109, кездесу уақыты бойынша – 90, алимент мөлшерін азайту бойынша 132 іс түскен.

Динара Маратқызы ең көп қаралуға жататын істер – ата-ана құқығынан айыру екенін айтады.

Қазақстанда күн сайын 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Түркістан қаласындағы басқосуда дәл осылай деді.

«1-2 бала күн сайын өз-өзіне қол жұмсайды немесе жұмсауға тырысады. Балалар арасында 1 күнде 5 қылмыс жасалады. Буллинг мәселесі де өзекті. Жылына 150 бала терезеден немесе люктерге құлап кетіп жатыр», – деді ол.

Бала құқығын өзге бұзбасын десек, өзімізден бастаған жөн. Себебі, бала құқығының басты қорғаушысы – ана-­анасы. Қорғансызға қорлық көрсетуге дайын тұратындар қашан да табылады. Оған жол бермей, қорған бола білу де – өнер. Болашағымыз өр, намысшыл, жігерлі, психикасы сау болсын дегеннің осыны ескергені жөн.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button