Қарқаралы

Балабақша – бақыт мекені

Бала тәрбиесінде ата-анадан кейінгі маңызды рөлді балабақша атқарады. Жаңа ғана жас жауқазындай желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршіндер үшін балабақшадағы тәрбиешілердің айтқандары жазылмаған заңмен тең. Алдына келген әр балдырғанның көңіл-күйі, жүріс-тұрысы, тамақтануы секілді қағидаларды атқаруда тәрбиеші апайлар барынша еселі еңбек етеді. Бүгінде сүйкімді бүлдіршіндер жиналған «Еркетай» балабақшасында 36 тәрбиеші қызмет жасайды.

2007 жылы ашылған 140 балаға арналған балабақша заманауи үлгіде салынған. Ойнайтын, тамақтанатын және жатын бөлмелері, гигиеналық орындары жеке-жеке орналасқан, әрі кең, жарық. Ыстық су, суық су үздіксіз ағып тұрады. Техникалық базасы толығымен жарақтандырылған.

Тәрбиеші апайлары да тәжірибелі, білімді мамандар. Өз ісінің білгірлері. «Еркетай» балабақшасының директоры Майгүл Сиязбекқызының айтуынша, мұндағы мамандар уақытпен санаспай, саналы ұрпақ тәрбиелеуде елеулі үлес қосып келе жатқан жандар. Балалардың ой-өрісін дамытуда күнделікті түрлі шаралар, мен бағдарламаларды ұйымдастыруда өте белсенді. Әрі ата-аналармен де бірігіп жұмыс жасауға әбден дағдыланған. Тәжірибе алмасу мақсатында, аудандағы өзге де балабақша тәрбиешілерімен түрлі тақырыпта дөңгелек үстелдер мен семинарлар жиі өткізіліп тұрады.

– Біз бүлдіршіндердің ауқаттануына да жіті көңіл бөлеміз. «Ас адамның арқауы» дегенді басты мақсатымыз деп білеміз. Олардың жас ағзаларына пайдалы, табиғи дәрумендерге толы азықтарды ас мәзіріне үнемі ұсынамыз. Ең бастысы, ақылды, ұқыпты, тәртіпті, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі алғашқы қадам осы балабақшадан басталатынын жете түсінетін апайлары барынша еңбек етіп келеді, – дейді Майгүл Сиязбекқызы.

Елбасының «Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпақтармен байланыстырады» деген сөзі тәрбиешілер қауымына зор жауапкершілік жүктейді. «Еркетай» тәрбиешілері болса жауапкершілік пен сенім үдесінен шығуға бар күшін салып келеді.

Сағыныш Әбілова,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button