Балаңыз кітап оқысын десеңіз…

«Қазіргі балалар кітап оқымайды». Осынау тұжырымды пікірді жиі естиміз. Рас, біздің бала кезімізде ойын құрылғылары, смартфон, ноутбук деген дүниелер болған жоқ. Бос уақытта кітап оқушы едік. Әрине, «ол заманның баласы кітап оқитын, қазіргінің барлық баласы кітапты қолына алмайды» – деп кесіп-пішіп айтуға да болмайды. Бәлкім, біз оларға жөн көрсете алмай жүрген шығармыз? Мүмкін, қазіргі заман баласына лайықты әдебиетті өзіміз ұсына алмай жүрген болармыз? Айталық, ғылыми-фантастика жанры жоқтың қасы. Ал, бала үшін бұл – қашанда қызықты тақырып…

Енді, балаңызға қызықты болуы мүмкін кітаптар немесе шығармалар топтамасын ұсынып көрелік.

Сайын Мұратбеков. «Жусан исі». Шығарма кезкелген заманның баласына қызық болуы тиіс. Әңгіме кейіпкері – Аян есімді бала. Ол әке-шешесінен жастайынан қалып, әжесі екеуі бір ауылға көшіп келеді. Аянның ауыл балаларымен танысуы, өрістен мал қайтарып жүріп тобығын тайдырып алуы, қатарластарынан өзгеше ойлау қабілетінің болуы, айналасына балаларды үйіріп алып, әңгімені шебер айта білуі оқып отырған адамды сол ортаға еріксіз сүңгітіп жібереді. Жалпы, оқиғалары жылдам ауысып отыратын қысқа ғана шығарма кезкелген балаға қызық болады деп ойлаймын. Айтпақшы, Аянның прототипі – өмірде бар адам, Алматы облысындағы ақын Сара ауданының тұрғыны Наухан Керімов.

Мұхтар Мағауин. «Бір атаның балалары». Осы хикаяттағы Зигфрид-Зекен оқиғасы кез-келген баланы елітіп әкетеді. Ахмет қария – соғысқа үш ұлын жіберіп, үшеуінен де қара қағаз алған адам. Науқан кезінде аудандарға, ауылдарға қосымша көмек жіберілмек болады. Алайда, ауылға өкімет тарапынан көмекшілердің орнына 54 жетім бала әкелініп, адамдардың өздері қалаған баланы асырап алып, еңбекке баулуы жөнінде талап қойылады. Топ баланың ішінен «нағыз жетім осы екен» деген жанашырлық сезім мен Ахмет ақсақал неміс баласын асырап алады. Әңгіме барысында Зекеннің тілді меңгеруі, атқа мініп үйренуі, ауыл балаларымен сіңісіп кетуі секілді оқиғалар желісі жеңіл баяндалады.

Балалар әдебиеті жайлы сөз қозғалғанда алғашқы кезекте еске түсетіннің бірі – Бердібек Соқпақбаев. Кітаптың иісі мұрнына бармайтын балалардың өзі білетін «Менің атым Қожа» фильмі осы кісінің шығармасы желісінде түсірілген. Егер, балаңыз «Менің атым Қожаны» оқып шықса, онда оның алдынан жазушының «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?» сынды шығармалары шығатын болады.

Оқырманды бір ғана туындысымен-ақ баурап алып, басқа да жазғандарын іздестіруге еріксіз мәжбүрлейтін жазушылар болады. Таупық Рымжанов – сондай жазушылардың бірі. Егер, балаңыз бұл қаламгердің «Өлместің жұлдызы» атты ертегі-хикаясын оқыған болса, іле-шала «Алтын ара», «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі», «Жәки-Жамал және шайтандар» сынды туындыларын парақтауға өздері-ақ ынта танытар еді.

Бала кезімде «Жұмбақ із» деген кітапты оқыған едім. Бізде мешеу күйде қалған детектив жанрындағы шығарма. Авторы есімде қалмапты. Оқиға оқушылардың жазғы демалысқа шығар сәтінен сәл ғана бұрын бастау алады. Басты кейіпкерлер ерекше етік ізін кездестіріп, соны зерттеуден басталатын. Әуелгіде, жарқабақта кезіккен із балалардың бірінің атасының жайлауында тағы кезігіп, оларды небір ойға жетелейді. Егер, осы кітап табыла қалса, бала тұрмақ өзім де қайыра бір оқып шығудан бас тартпас едім.

Балалардың міндетті түрде оқуы тиіс шығармаларын атап шық десе, менің тізіміме енетін шығармалардың ішінде Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты хикаяты міндетті түрде болар еді. Хакім Абайша айтар болсақ, «қолымда зәкін күші бар адам болсам», бұл шығарманы мектеп оқулықтарына енгізуге күш салар едім.

Әрине, бұл тізімге әлі де бірқатар шығарманы енгізуге болар еді. Бірақ, біз ол міндетті сіздерге қалдырдық, қадірлі оқырман!..

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.