Жаңалықтар

Бала көңілі кіршіксіз болуы керек…

Бала дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, әрбір ата-ана, баланың болашағына аса мән беру керек. Қандай тәлім-тәрбие бере алатыны, қоғамның белді бір мүшесінің өсіп келе жатқаны туралы әрдайым есте сақтауы керек деп ойлаймын. Себебі, өсіп келе жатқан бала әрбір затқа, әрбір іс –әрекетке үлкен мән береді. Өзінің бойына сіңіре бастайды.

Ата-ананың арасында болып тұратын сәл кикілжіңнің өзі бала психикасына үлкен зардабын тигізеді. Бұндай жағдай отбасында үнемі қайталанатын болса, бала өзінің болашақ отбасы туралы ойлана бастауы, немесе отбасын құрудан мүлде бас тартуы да мүмкін. Кез-келген кикілжің немесе зорлық-зомбылық жағдайлары, балалардың қалыптасып келе жатқан жеке басының дамуын тежейді. Мұндай жағдайда бала уайымшыл, зейіні шашыраңқы күйде жүретіні әрине, өкінішті.

«Ата-анамен бала арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда тек достық, сыйласымдылық, мәдени қарым-қатынасты қалыптастырғанда ғана үйлесім табары сөзсіз.

Ата-ана балаларын неліктен жазалайды?» деген сұраққа жауап іздеп көрсек, ата-ана баланың ішкі әлемін, жанын түсінбеуі, өз баласына жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеуі, тіпті кей жағдайда баласының ерекшелігі мен бейімін білмеуі, жете танымауы, баладан не күту керектігін түсінбеуі, көп жағдайда жазалауға, кикілжіңге әкеліп жатады. Баланы әрдайым тыңдай білу, оның жан-дүниесіне терең бойлап, жақсы көретінін үнемі айтып отырса, бала мен ата-ана арасында керемет қарым-қатынас қалыптасар еді.

Көбіне ата-аналар ашуға бейім тұрады. Өз ашуын, эмоциясын ірке алмай қалып жатады. Кейде өз ашуын балаларынан алып жатады. Бұл жақсы тәлім-тәрбие болмайды, керсінше сол баланың қатігез болуына немесе қорқақ болуына ықпал етеді. Ата-ана қатал болса, баланың жүрегін жаралауы, ренжітуі әбден мүмкін.

Бала ата-анасынан қорқып өспеуі керек. Бала жаны өте нәзік, әрбір теріс іс-әрекеттер бала санасының түкпірінде жатталып қалады. «Қорықса, сыйлайды» деген жаңсақ пікір қалыптаспауы керек. Себебі, «уақытша сыйластық» не үшін керек? Оның орнын сүйіспеншілікпен мейірімге ауыстырып, отбасындағы жағымды күйді сақтап қалуға тырысуымыз қажет, деп санаймын. Отбасында қанша бала бар болса, әрқайсысының жекелеген ерекшеліктері бар екенін ұмытпауымыз керек. Жекелеген мінезі, жекелеген қабілеті, қабылдауы болады. Әрбір ата-ана әрбір баласына жеке –жеке жүректеріне жол таба алуы, балалар арасындағы өзара сыйласымды қарым-қатынасты қалыптастыра алады.

Сондықтан, баланың отбасындағы алатын алғашқы тәрбие үлгісі зорлық-зомбылықсыз ортада орын алуы тиіс.

Балаларымызды барынша, зорлық-зомбылық іс-әрекеттерден қорғап, болашағының жарқын болып, кемелденуіне ат салысуымыз керек.

Нұргүл БАКИРОВА,

Педагог-психолог.

Басқа материалдар

Back to top button