Балаға махаббат
Жалғанды жалпағынан бастым десек те, ананың алдында қауқарсыз баламыз. Анасын сыйлай алмаған жігіттен жақсы жар шықпасы да анық. Кез келген қыз бала – болашақ ана.
Ғаламтордан «Ана жүрегі» туралы әңгімені жиі кездестіремін. Газет бетінде көрмеппін. Азаматын таңдаймын деген қыз балаға да, ұрпағының болашақ анасын кездестіремін деген балаң жігітке де ой салсын деп осы тәмсілді жолдадым…
Ертеде бірін-бірі ессіз сүйген екі ғашық болыпты. Сүйген жігітінің махаббатын сынамақшы болған ерке қыз: «Мені жан-тәніңмен сүйетінің рас болса, бар да, өз анаңның кеудесін қақ жарып, жүрегін маған алып кел!» дейді. Ғашықтықтан басы айналған әумесер сүйген қызының әмірін екі етпей, анасының жүрегін кеудесінен жарып алып, дереу ғашығына қарай құйындата шауып келе жатқанда астындағы аты сүрініп, өзі құлайды. Сонда баланың қолынан анадай жерге ұшып түскен ана жүрегі: «Құлыншағым-ай, бір жерің майып болған жоқ па?!» деп ышқына үн шығарыпты!
Ғайни МҰРАТОВА.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.