Жаңалықтар

Балқаштың жолбарысы орала ма?

Ұлан-байтақ жерінің кеңдігімен ғана емес, табиғатының алуан түрлілігімен де таң қалдыратын қазақ даласы сирек кездесетін жабайы аң құстарға аса бай екендігін жақсы білеміз. Сонымен қатар, жойылып кеткен жануарлар да қаншама. Солардың бірі сарыала жолбарыстар XX ғасырдың ортасына дейін қазақ жерінде жортып жүрген. Бұл жануарды біздің ел Тұран жолбарысы деп атайды.

 

Тұқымы тұздай құрыған Тұран жолбарысын қайта тірілтіп, Балқаш жеріне жерсіндіре аламыз ба? Осы жағдай елді алаңдатып отыр. Жалпы, түз тағысының кешкен тағдыры мен тартқан тауқыметі туралы сөз қозғағанда, тебіренбей жазу мүмкін емес. Ол қаншама зобалаң заманды, небір нәубет кезеңді басынан өткеріп, ақыры жойылып кетті.

Ресейде жарық көрген «Военный сборник» журналының 1871 жылғы санындағы «Табиғат және аңшылық» деген бөлімінде Сырдария бойында тұратын Шақан деген аңшы жайында мақала басылған. Шақан аңға кеткен бір күні түнде адам жегіш жолбарыс киіз үйге кіріп, баласын өлтіріп, әйелін қамысқа сүйреп әкетеді. Қатты күйінген Шақан жолбарысты өлтірмекке ант береді. Ақыры сөзінде тұрған аңшы бірнеше жолбарыстың көзін жояды. Бұл туралы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Шақан-Шері» романында егжей-тегжейлі жазылған. Тұран жолба рысының салмағы 250-300 келі тартқан. Бір ерекшелігі – жирен түсті жүнінің бояуы қанық. Қыста терісі, әсіресе, қарын тұсының жүні қалыңдай түседі.

Айтулы мысық тұқымдас аң Балқаштағы ну қамысты 1936 жылға дейін мекендеген. Ал, тарғыл тағыны жоспарлы түрде аулау 1891 жылдан басталған. Жедел атылатын жойқын қарумен жарақтанған орыс армиясы отарланған жерді жыртқыштардан тазалау үшін арнайы отрядтар ұйымдастырған. Жекелеген аңшылар да түгі құлпырған қымбат терісі үшін жолбарысты жойып жіберген.

Кеңес үкіметі жолбарыстарды аулауға тыйымды 1947 жылы салған. Бұл кеш қабылданған шара болды. Тұран тағылары Балқаштың қамысы тұрмақ, Қазақ-станның өзінде жоқ жануарға айналды. Тіпті, «Қызыл кітапқа» еніп үлгермеді. Десе де, Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамы 2020 жылы Тұран жолбарыстары популяциясын жандандырмақ. Бұл үшін Ресейдің Қиыр Шығысынан генетикалық тұрғыдан Тұран жолбарысына жақын келетін амур (уссурий) жолбарысын әкеліп, оны табиғи түрде көбейту үшін Балқаш көлінің оңтүстігінен арнайы қорық құру ұсынылды. Қайта қалпына келтіруге жұмсалатын қаржысы да – қомақты. Жүзеге асып жатса, құба-құп.

Мамандардың сөзінше, жолбарыстың бұл түрінің қимыл аумағы өте кең болған. Шамамен 800-900 шаршы шақырым аумаққа таралады. 100 шаршы шақырымына екі-үш жолбарыстан келеді. Зерттеуші мамандардың ойынша, реинтродукция үшін Балқаш көлі маңы барлық зерттеу талаптарына сай. Егер, бұл жоспар жүзеге асып жатса, аталған аумақта алдағы 50 жыл ішінде 69-98 Тұран жолбарысы пайда болуы мүмкін.

«Тәңір ойын жолбарыстың көзі арқылы қабылда…

 Ой түзелсе, өрлер сенің бағың да!», – дейді ақын Мұхтар Шаханов. Бұл өлең жолдарын біз бала кезімізден жаттап өстік. Бірақ, ол кезде оның астарына бәлендей мән бермеген екенбіз. Қазір қарап отырсам, бұл өлең жолдары дала жануары қазақ баласымен ықылым замандарда жолы түйісіп, содан бергі уақытта жұптары жазылмай бірге келе жатқандығының айғағы сияқты. Кім біледі, жолбарыстар жойылғалы елімізде жолбарыстай ұлдардың тумай кеткені осыдан шығар.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button