Көкше көлдің жағасында «Balkhash Tour Fest» фестивалі басталды
Көкше көлдің жағасында дәстүрлі «Balkhash Tour Fest» фестивалі басталды. Таң сәріден-ақ демалыс аймағына ағылған жұрттың қарасы қалың. Келушілердің көңіл күйі көтеріңкі. Фестиваль аясында түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынауда.

Биыл фестиваль төртінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

Іс-шараның ұйымдастырушысы Қайрат Мырзабаевтың айтуынша, биылғы фестиваль ауқымы жағынан да, мазмұны жағынан да бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір кеңейген.

– Биыл фестивальдің аумағы да, бағдарламасы да екі есеге ұлғайды деуге болады. Бұл ретте әкімдік тарапынан көрсетілген қолдау ерекше. Атап айтқанда, білім бөлімі, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі, туризм басқармасы үлкен көмек көрсетті. Биыл алғаш рет «Made in Balkhash» көрмесі ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жастар саясаты мәселелері жөніндегі бөлімнің бастамасымен экофорумдар өтуде. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – салмағы 70-80 келі болатын алып қазы бургер әзірленіп, оны рекордтар кітабына енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта арнайы мамандар шақырылды. Бұдан бөлек, келушілер арасында донер жеуден сайыс өткізуді де көздеп отырмыз, – деді Қайрат Мырзабаев.
Биылғы фестивальдің келбеті де ерекше. Көл жағалауында 50-ге жуық сауда орны мен 20-дан астам шатыр тігілген.

Мұнда қонақтарға арнап кәуап пісіріліп, палау дайындалуда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль аяқталғаннан кейін де бұл аумақ жұмысын тоқтатпайды.

Маусым соңына дейін демалушыларға қызмет көрсететін болады.

– Алғашқы жылы бұл маңайда демалыс орындары саусақпен санарлық еді. Бүгінде көл жағалауында заманауи демалыс нысандары бой көтерді. Сонымен қатар, соңғы төрт жылда қаланың инфрақұрылымы да айтарлықтай жаңарды. Мұның бәрі өңірге туристер тартуға оң әсерін тигізіп отыр, – деді фестиваль ұйымдастырушысы.

Айта кетейік, фестиваль аясындағы спорттық жарыстар таңғы сағат 10:00-де басталды.

Ал мерекелік шараның ресми ашылу салтанаты бүгін кешкі сағат 19:00-де өтеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



