Бас тақырып

Балқаш жылу жүйесі – Үкімет назарында

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Балқаш қаласында жұмыс сапарымен болды. Атқарушы билікке жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын бағамдай келген вице-премьер бірден қаланың тынысымен, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Балқаш жылу жүйесі

Бүгінде Балқаш жылу электр орталығында жаңа, бесінші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарымен негізгі және қосалқы жабдықтар қамтылған. Осы шаралардың барлығы жылу тапшылығы мәселесін шешеді, үйлерді жылумен жабдықтауды жақсартады.

Қазір жылу магистралінде №5 қазандықтың жекелеген шағын тораптарын монтаждау аяқталуда. Осыдан кейін жабдық гидравликалық сынақтан және газ-ауа жолының тығыздығын тексеруден өтеді. Болашақта қазандықты орнату «Kazakhmys Energy» ЖШС БЖЭО жұмысын жақсартып қана қоймай, ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға тиіс. Компания «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына кіру үшін Энергетика министрлігіне өтінім берді. Осының арқасында жабдықтарды жаңарту мүмкіндігі пайда болады.

– Биыл жөндеуге өткен жылмен салыстырғанда көп қаражат бөлінді. 4,2 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Жылыту маусымының сапалы өтуі үшін екі қазандық пен екі турбинаны күрделі жөндеуден өткізуге дайындау қажет. Жылу беру маусымы басталғанға дейін қоймаларда отын болуы үшін көмір қорын тез қалыптастыру қажет. Қазір бұл мәселені ҚТЖ және әкімдікпен пысықтап жатырмыз, – деді «Kazakhmys Energy» ЖШС басшысы Темірлан Өтегенов.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жылу және су құбыры желілері жөнделетін учаскелерде болды. 2022 жылы қалада №1 және 2 магистралдық жылумен жабдықтау желілерін қайта құру басталды. Жоспарланған 10,6 шақырымның 5,2-сі ауыстырылды. Жұмыс 2024 жылы аяқталуға тиіс.

Сондай-ақ, өткен жылы Балқашта 2-ші және 3-ші кезектегі қалаішілік су құбырын қайта жаңарту басталды. 124 шақырым құбыр жаңартылады деп көзделіп отыр. 2022 жылы құрылысшылар 8,6 шақырым желіні орнатқан. Биылғы жоспарда 30 шақырым желі ауыстырылмақшы. Жұмыс бір уақытта бес учаскеде жүргізілуде.

Сонымен қатар, Роман Скляр жол құрылысы мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізіп, «Қарағанды-Балқаш» автожолының учаскесін реконструкциялау барысымен танысты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жол құрылысы жұмыстары 71%-ға орындалған. Барлығы 363 шақырым жол төсемі жөнделген. Мердігерлер ауыл шаруашылығы техникасы үшін 32 жол өтпесін, 11 көпір, екі көлік айрығын салмақ. Сондай-ақ, 310 су өткізу құбырын орнатпақшы. Қолданыстағы инженерлік коммуникация желілерін қайта құру жоспарланған. Жұмабек, Ақсу, Ақшатау және Балқаш үшін айналма жолдар салынды. Ақсу-Аюлы арқылы айналып өту жолдары аяқталуға жақын.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button