Бабалар жолы – ұрпаққа өнеге

     Жуырда Абай аудандық мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қарағанды облысының 80 жылдығы аясында «Абай ауданының тарихы» атты жаңа кітаптың салтанатты түрде тұсауы кесілді.

Шараға қатысушылар мәдениет үйінің екінші қабатындағы жергілікті авторлардың еңбектері орналастырылған кітап көрмесімен және Абай Құнанбаев атындағы тарихи-мемориалдық мұражай экспонаттарының көрмесімен танысты. – Бүгін Абай ауданында үлкен бір тарихи оқиға болып отыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында, аудан тұрғындарының тілегі бойынша «Абай ауданының тарихы» атты кітаптың тұсаукесеріне куә болмақпыз. Сонау көне заманнан бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтыған бұл кітап – алғаш рет жарыққа шықты. Бұл толағай еңбек – Абай ауданына қатысты ел тарихын, жер құрылымын, табиғаты мен тынысын, дәстүрін, түрлі ұлт өкілдерінің берекелі бірлігін, ырысты ынтымағын, әр саланың даму барысын, ауданның қоғамдық-әлеуметтік және рухани дамуына іргелі үлес қосқан ең көрнекті тұлғаларын, Абай ауданының құрметті азаматтарын жарқырата көрсететін, өткен мен бүгіннің ара жігін айқындайтын алтын көпір, құнды дүние деп есептеймін, – деді аудан әкімі Серік Шайдаров.

Аталған кітаптың жарық көруіне жергілікті бюджеттен 2 млн. теңге қаражат бөлініпті. 400 бетті құрайтын туынды 500 данамен жарық көрді.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.