Бабалар аңсаған күн

    Тарихи маңызы зор Тәуелсіздік күнінің мән-мағынасы – тереңде. Бұл – Ұлы Даламыздың үкілеген үміті орындалған, жадымызда мәңгі тұрақтаған айшықты күн! Азаттық аңсаған Алаш Арыстарының жанқиярлық ерлігін Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастар жалғап әкетті. Сөйтіп, өрендердің батырлығы мен өршілдігі тарихымызда өшпестей із қалдырды.

Бабаларымыз аңсаған осынау тәуелсіздік жылдары біз жоғары жетістіктерге қол жеткіздік. Елбасының көрегендігі, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуі – дүние жүзі қауымдастығының алдында абыройымызды асқақтатты. Халқымыздың тыныштығы сақталып, ел қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ұлтымыздың салты мен дәстүрі, ішкі және сыртқы саясаты үдеу үстінде. Көпұлтты жұртымыздың бірлігі мен достығына өзге мемлекеттер қызыға қарайды, мойындайды. Демек, бейбітшілік пен татулықтың белгісіндей болған Қазақстанның даму қарқынына сүйсінеді. Халқымыздың соқпақтардан сүрінбей, қарымды қадамдар жасауы, мемлекетіміздің іргесінің мықтылығы,  дамуының нығая түсуі – мәртебемізді көтеріп келеді.

Онымен қоса, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өткізілуі мерейімізді үстем етті. Көрме инновациялық идеялармен бөлісудің өзгеше платформасы, әлемнің экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысудың бірегей мүмкіндігі болды. Экономиканы әртараптандыру мен шағын және орта бизнесті дамыту жолында қуатты серпін берді.

Ең бастысы, Отанымыз, мемлекеттік рәміздеріміз біздер үшін аса қадірлі. Ата заңымыз адам өмірін, құқығы мен бостандығын басты құндылық етті. Бұл әрине, ең қымбат қазынамыздың қастерлі көрінісі.

Сондықтан, бүгінгі таңда, тәуелсіздік жолында қаншама қиындықтарды басынан өткерген еліміздің гүлденуіне, қарыштап дамуына аянбай үлес қосу, бабалар мұратын ту ету, орындау, тәуелсіздігімізді құрмет тұту – біздің борышымыз, болашақтың парызы, келер ұрпақтың міндеті.

 Дана ӘЛИЕВА,

О.Жәутіков атындағы

№1 қазақ орта мектебі

директорының орынбасары.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.