Басты тақырыпҚарқаралы

Баба тойының түйіні

   Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлтымыздың өткенін ескеріп, өшкенін жаңғыртқан тарихи маңызды құжат болды. Аталмыш бағдарламаның аясында халқымыздың еңселі ел болып қалыптасу тарихындағы алтын әріппен жазылатын айшықты оқиғаларымызды, ұлы тұлғаларымызды құрметтеуге арналған ауқымды шаралар легі жалғасып жатыр. Соның бірі – қазақ халқының ұлы тұлғасы, қабырғалы би Қаздауысты Қазыбек бабамыздың 350 жылдық тойы.

Той шеңберінде тарихи тұлғаның өнегелі өмірін дәріптеу мақсатында Қарқаралыдан жолға шыққан «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым» атты халықаралық автокеруен баба мерейтойының туын желбіретіп, көршілес Өзбекстан еліне дейін барып келген болатын. Сейсенбі күні Қарқаралыда «Тағылымды тарих – кемел келешек» тақырыбында бабаның еңселі келбеті кескінделген ақ туды туған еліне табыстау салтанаты өтті.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Қазақстан Халқы Ассам­блеясы Қарағанды облысы Хатшылығының жетекшісі Ерлан Құсайынов, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы, автокеруен көшбасшысы Мирас Құттыбай, «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары, автокеруен мүшесі Ерсін Мұсабек және «Балқантау» қайырымдылық қорының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Мейір Мүбәраков, аудан тұрғындары, жастар қатысты.

Салтанатты шарада баба тойының мәнісі мен автокеруен сапа­рының барысы жайлы мәнді де маз­мұнды бейнефильм көрермендер назарына ұсынылды.

Жиында аудан әкімі Халел Мақ­сұтов сөз алды.

2017 жылы қазақ елі барша қазақ халқының, Алаштың біртуар биі Қаздауысты Қазыбек бабаның 350 жылдығына арналған іс-шараларға куә болды. Сол айтулы шараның түйіні, қорытындысы бүгін өтіп отыр, – дей келе, шараның маңыздылығына тоқталып, келген қонақтарға баба тойына арнап шығарылған мерекелік медальдарды табыс етті.

5500 шақырымды басып өткен ақ ту мен тарихи жәдігерлерді тапсыру рәсіміне арнайы қатысқан депутат Сауыт­бек Әбдірахманов толғамды ой тиегін ағытты.

Қарқаралылық ағайындар, мен сіздерге осы той үшін, ұлы той үшін, тарихта ерекше із қалдырған үш Ұлы бабаны түгендеп, бәрінің басына тағзым етіп қайтқан ғажайып автокеруен үшін шын жүрегімнен алғыс айтамын. Елбасымыз «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген еді. Біздің арғы-бергі шежіремізде қазақ халқы өзінің мүмкіндігіне қарай мынадай жаугершілік жорықтар жасапты, мынандай жерлерді басып алыпты, халықтарға қиянат жасапты, тарихта сондай оқиғалар болған екен. Өткен нәрсе өкінішсіз болмайды дейтін беттер жоқ. Қазақ тарихындағы оқиғаның бәрі – қазақ мақтанатын жайлар. Қазақ мақтанатын жайлар – осындай ұлы даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалғандығы, қашанда азаттық соғыстарын жүргізгендігі, қашанда өзінің жерін қанымен терімен қорғағандығы, қашанда жақсы сөзбен, ұлағатты пікірмен, жақсылыққа шақырған, ізгілікке шақырған даналық ойларымен құрметке бөленгендігі. Сондай жердің үлкен бір ортасы – осы Арқа. «Арқа» деген сөзде де үлкен терең мағына бар. Осыдан үш жыл бұрын біздің үйге қазақтың игі жақсылары жиналды. Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Оралбай Әбдікәрімов, Сейіт Қасқабасов, Өмірбек Байгелді ағаларымыз болды. Сонда Әбіш аға кеңінен толғанып, «Арқа» деген сөздің мағынасын керемет айтып еді. Қазақтың бір қиналған кездерінде осы Арқаны арқа тұтып, Арқаға ауып, жиналып, бүкіл ел арқа тұтқан өңір. Өзіміздің тәуелсіздік таңы атып, көк туымыз өзіміздің қолымызға қайта тиіп, көк аспанымызға көтерген кезде қазақ қайтадан Арқаға жиналды. Қазақ қайтадан қасиетті туын елдің қақ ортасына – Арқаға тікті. Қайтадан елдің иесі, жердің иесі етіп Арқаны таңдады. Сондықтан, осы жердегі Орта жүзден шыққан Қазыбек би, осы Орта жүздегі, елдің ортасындағы оқиғалар, осы жерден шыққан ұлы тұлғалар өмірі – бәріміздің жүрегімізді толқытатын ерекше жағдайлар. Қазақтың арғы-бергі тарихындағы айтыскер ақындардың ішінде Сүйінбайдай қазақ бірлігін, қазақтың мықтылығын жырлаған сирек деп ойлаймын. Сүйінбайдың қырғыз ақыны Қатағанмен айтысында:

«Сарыарқаны жайлаған,

желіге бие байлаған,

Науадағы аттары құлын-тайдай ойнаған,

Ерегіскен дұшпанын алдына

салып айдаған,

Анау жатқан Арғыным,

Арғыным атқа қонғанда,

Басыңнан аттап қарғыдым.

Арғын деген қалың ел,

Қоныс еткен бекем ғып,

Дүниенің жарымын.

Ешкім баса алмаған,

Олардың қатты арынын.

Түбіңе сенің өзің жетерсің,

Олардың бассаң тамырын» деген сөздер бар. Осы жерден шыққан, оның ішіндегі үлкен Қаракесек тармағынан шыққан ұлы бабамыз, ұлы данамыз, ұлы дарамыз, ұлы шешеніміз, ұлы көсеміміз Қаздауысты Қазыбек бидің аруағын ардақтаған халықтан айналайын. Енді біз өткенді айтқанда, тарихты таразылағанда тек қана тамсану, мақтану үшін айтпаймыз. Жастарға айтатын бір сөз. Тарих – сабақ алу үшін керек. Тарих – өзіміздің жігерімізді жанып, намысымызды қамшылау үшін керек. Ата-бабаларымыздың лайықты ізбасарлары болу үшін керек. Осы тұрғыдан алғанда, құдайға шүкір деп айтайық. Қазақтың қазіргі ұрпағы, бабалар рухына сай деп айта аламыз. Елмен бірге ыдырағын одақтың орнында мемлекет құра алдық. Мемлекет болып тұра алдық. Мемлекеттер қатарына қосыла алдық. Көпұлтты, көпдінді бола тұрып, бір мақсатқа жинала алдық. Тағы да айтамыз, Арқаның төсіне келіп, жаңа Елордамызды тіге алдық. Етек-жеңімізді жинай алдық. Осының бәріне себепкер болған, өткен замандардағы ұлы бабаларымыз. Солардың ішіндегі орны бөлегі Қаздауысты Қазыбек биді ардақтаған ағайынға, Орталық Қазақстанның, Қарағандының халқына, баба аруағын құрметтеп, үш бидің басына барып, тәу етіп, үш бидің үш ұлы жолын түйістірген автокеруен ұжымына алғыстан басқа айтарым жоқ, – деп кемел ойын көпшілікке жеткізді депутат.

Алты Алаштың ардақты биі атанған ұлы баба тойынан бастау алған автокеруеннің мүшесі Ерсін Мұсабек баба тойын өткізудегі толағай істерді атап өтті.

Жалпы, баба тойының басынан аяғына дейін осы ұйымдастыру шараларының басы – қасында жүрдім десем де болады. Қос томдықтың жарық көруіне атсалысып, фотоальбомның жарық көруінде редакциялық алқа құрамында болып, көп ізденіс таныттық. Мен үшін менің өмірімдегі осы бір ұмытылмас сәттердің бірі – Балқантаудан шығып, сонау Өзбекстан жеріне дейін барып келген автокеруеннің құрамында болу. Менің тағдырыма, менің маңдайыма осындай бақыт бұйырды. Ия, Қарқаралы – қасиет. Қазақ халқы – тағдырлы халық. Кешегі өткен тарихымызда қазақ ұялатындай ештеме болмаса да, қазақ көрмеген тауқымет, қазақ көрмеген қиындық жоқ. Сондай бір қиын дәуірде, тақтағы ханға ақылшы болып, қараға пана бола білген біздің Қаздауысты Қазыбек бабамыздай ұлы тарихи тұлғаны дәріптеу, бұл біздің ұрпақ үшін ең қастерлі парыздардың бірі деп санаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, біз көптеген құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, көптеген рухани мол мұрамызға қол жеткізіп жатырмыз. Осы бағдарлама аясында тағы да біраз асыл мұраттарға ұмтылып, сол мұраттарға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болып жатырмыз. Ендеше, біз – кешегі бабаның арманы болған азаттықтың арайлы таңын көріп, еркіндіктің бақытына кенелген, ең бақытты буын ұрпақпыз. Осы бақытымызды қастерлей білейік. Осы бағымызды қастерлей білейік. Міне, осы автокеруен құрамында көршілес Өзбекстан елінде болғанда керуен мүшелері Қазақстан секілді жасампаз елде тұрып жатқанымызды мақтан етіп, кеудемізге мақтаныш сезімі ұялады. Неге? Көрші елдегі, ең қарапайым мысал, жанар-жағармай тапшылығы, межелі жерімізге кешігіп жету, жанармай бекетінде бірнеше сағаттық кезекке тұрып қалу. Сондықтан, біз қазіргі таңда Елбасымыздың сұңғыла саясатының арқасында осындай жасампаз елде ғұмыр кешіп, білім алу, еңбек ету мүмкіндігіне ие болып отырған ұрпақ ретінде тәубемізге келіп, ең бақытты елде өмір сүріп жатқанымызды түйсінуіміз керек деп ойлаймын. Баба мерейтойы аясында осындай халықаралық деңгейдегі автокеруен ұйымдастыруға ұйытқы болған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбайға, бұған қолдау көрсеткен облыс әкімі Ерлан Қошанов мырзаға ел атынан алғыс айтуға тиіспіз. Өмірімдегі мазмұнды сәттер автокеруенде өтті деп айта аламын. Өйткені, біз, қаншама қасиетті жерлерде болып, үш биді бір-бірінен бөле-жармай, үш ұлы тұлғамызға тағзым ету бақытын бастан кешірдік, – деп әсерлі шақты еске түсіріп, біріге еңбек етуге шақырды.

Тағылымды тарихты кемел келешегімізге дәріптеуге ұйытқы болған Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы, автокеруен жетекшісі Мирас Құттыбай жүрекжарды лебізін жеткізді.

Бабамыздың 350 жылдық тойы бәрімізге үлкен сын болды. Сол сыннан мүдірмей өттік деп есептейміз. Әрине, 5500 шақырымды жүріп өту оңайға соққан жоқ. Дегенмен, Алланың қалауымен үш жүздің басын бөлмей, біріктіріп, тағзым еттік. Қарқаралы ауданының жастары, Қарқаралының тумалары Қарағандыда бас қосып, мәдениет майталманы Рымбала Омарбекова апамызбен ақылдаса отырып, Төле би мен Әйтеке бидің басына барған кезде жасаған сый-сияпаттарын Қарқаралы қаласындағы аудандық мұражайға тапсыруды жөн деп шештік, – деп, өзінің жүрекжарды лебізін білдіре келе, Төле бидің басына барғанда берілген кілемше, Әйтеке би намаз оқыған Нұр Ата жерінде берілген кітапты және Балқантау баурайынан бастап, 5500 шақырымды жүріп өткен баба келбеті кескінделген ақ туды аудан әкімі Халел Мақсұтовқа табыстады.

Өскелең ұрпақ бойына ұлтқа, елге, жерге деген патриоттық сезім ұялатып, баба рухын асқақтатқан шараны жерлестеріміз, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің әншісі, республикалық конкурстардың лауреаты Сержан Мұсайын мен Сырым Хордин әдемі әнмен әрлеп отырды.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button