Қарқаралы

Баба тойына дайындық

    Қарқаралы ауданында Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойын ресми түрде атап өтуге арналған дайындық жұмыстары басталып кетті. Алдымен, мерейтойды ұйымдастырушылардың комиссиясы құрылып, қажетті іс-шаралардың жоспарын бекітті.

Осыған орай, аудан әкімі Халел Мақсұтов арнайы жұмыс тобымен Егіндібұлақ селосына атбасын бұрып, той өтетін орынды белгілеп, ауыл тұрғындарының ой пікірлерімен бөлісіп, тілектерін тыңдады. Жиын барысында ауыл әкімі Рымқұл Инербаев «баба тойына дайындықты алдымен ауылда атқаратын жұмыстардан бастадық» дей келе, ауыл жастарының ұйытқы болуымен бірқатар нысандар қалпына келтіріліп, ауыл ішін тазарту, абаттандыру, жарықтандыру секілді жұмыстарды қолға алатындықтарын айтып өтті. Сонымен қатар, аудан әкімінен ауылға кіреберіс жолды жөндеуге ықпал етуін, жарықтандыруға қажетті автокөлікпен, тұрғын үйлердің маңайын қоршайтын шарбақтарды Ұлттық табиғи парк арқылы қол жетімді бағаға келісіп беруін сұрады. Ал, осы өңірде ашылған «Алтайполиметалл» кәсіпорынының басшысы Махмуд Әліпбергенов ауыл ішіндегі керексіз құрылыс нысандарын тазартуға арнайы техникалар жіберетіндігін жеткізді. Ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Боранбаева апамыз айтулы мерейтойға көмегін көрсетіп жатқан аудан әкіміне алғысын айтып, өз заманында елдің игілігі үшін қызмет еткен бабамыздың тойын өткізуге ұйымшылдықпен атсалысу аудан халқының алдында тұрған жауапкершілігі зор міндет екендігін тілге тиек етті. Село басындағы N43 орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхит Адамов бабаның тойы жалғыз Қарқаралының тойы ғана емес, бүкіл қазақ қауымының, исі қазақ баласының, бойында қазақтың қаны бар, қазақтың намысы бар азаматтар атсалысады деген ойын жеткізді.

Үлкен той болғандықтан оның жауапкершілігі де өте зор. Әрбір істі мұқият талқылап, ой таразысына салып, шешім қабылдау оңайға соқпасы анық. Ең бастысы, дайындық жұмысына ұйым­дас­тырушылар қызу кірісіп кетті. Жақын арада, арнайы «Балқантау қайырымдылық қоры» да ашылмақ. Оған қомақты қаржы салатын жергілікті азаматтар да жетерлік. Көптің шешімімен Қазыбек би бабамыздың мерейтойы тамыз айының 18-ші жұлдызында, Егіндібұлақ селосында, «Қойшыбай» алқабында өтетін болды. Сондай-ақ, Егіндібұлақ селосының тумасы, кәсіпкер азамат Ғайни баба тойына белгі ескерткіш қоюды мақсат етіп отыр. Алдағы күндері сәулетші әкеліп, арнайы эскизбен таныстырмақшы.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button