Баған

Бағзыдан бергі бағусыз дерт

Хакім Абай «Бірінші қара сөзінде» адам ғұмырындағы бес бірдей дүнияуи тірліктен бас тартады. Олар: ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу, бала бағу. «Қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз» деп толғана келе, алғашқы сөзді ел бағудан бастайды. «Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді Құдай сақтасын!» деп кесімді тұжырымға келеді. Қазақи түсінікпен қарасақ, психикалық ауытқушылыққа ұшыраған сырқатты қамап, байлап баққан. Емдеп жазу үшін бақылауға көнбейтін дертті кесел деп атаған. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөз де содан қалған.

Ендеше, Абайдың «ел бағудағы бағусыз дерті» не? Өз шығармашылығында көп сынаған атаққұмарлық пен дүниеге бой алдыру, мансапқорлық қана емес-ау осы? Бұлардың қатарында парақорлық та бар. Биліктегі ел баққан кісі бұлардан өзге бір бағусыз дертке ұшырамай қоймасын тап басып танып отыр. Себебі, ұлы ақын «елге бағым жоқ» деген ойын «Отыз жетінші сөзінде» «Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деп түйіндеп еді ғой.

Сонымен, бағусыз дертіміз не өзі? Ол – парақорлық сырқатынан туындап, қазір елімізде індетке айналып бара жатқан сыбайлас жемқорлық!

Қарапайым халықты былай қойғанда, бүкіл мемлекет болып осы жемқорлық дертімен күресіп келеміз. Ал, ол жеңілудің орнына күн сайын өршіп келеді. Мансапты қызметке ұмтылудың соңы осы бағусыз дертке ұшыратпай қоймайтыны даусыз. Ол дертке жеткізген тасбауыр пиғыл «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» толғанған ақын гуманизмін тәрк етеді.

Ақыл-парасаттың биік деңгейіне жеткен дана Абайдың өзі бас тартып отырған «ел бағуда» «албыртқан, көңілі басылмаған» жастардың барар жолы қандай? Дәл бүгіндегі бағусыз дертке ұшырағандардың салған жолының үлгісі және ықтиярлы ықпалымен ел бағуға талпынып жатқан сол жастарды Абай айтқандай «Құдай сақтар ма екен?»

Ұлы тұлға Әлихан Бөкейхан жазғандай, «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» болса, тағы да Абайдың «Жетінші сөзіндегі» екі түрлі мінез туралы «ішсем, жесем, ұйықтасамынан» туатын тән құмарлығы «көп адамның дүниеге бой алдыратын» бағусыз дертіне соқтырып отырғаны анық.

Өзің бірдеңе жазайын десең, бәрін хакім Абай айтып тастаған…

Жандос СМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button