Жаңалықтар

Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық

Осыдан сәл ертеректе ақпарат беттерінен елімізге белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың анасының 100 жылдығына арнап өзінің көрмесін өткізгенін және көрменің «Бес күн» деп аталуына байланысты айтқанын оқыған едім. 85 жасында бақилық болған анасынан, ол кісі дүниеден өтер алдында Ерболат: «Анашым, сенің өмірің жылдам өтті ме?» деп сұрайды. Оған анасы: «Балам менің өмірім бес күндей болып өтті. Бірінші күнімді өзімді кішкентай қыз ретінде есіме аламын. Екінші күнімде тұрмысқа шықтым. Үшінші күнімде босандым. Содан кейін төртінші күні өзімді ақыл тоқтатқан әйел ретінде білемін. Мынау сенімен сөйлесіп отырған сәтім – бесінші күнім» деп жауап берген екен.

Иә, өмір – өзен. Уақыт – ағын. Су секілді уысыңда тұрмайды, тоқтаусыз ағып, көшкен селдей, ескен желдей байқатпай өтіп жатады. Бір сөзбен айтсақ, уақыт керуеніне бөгет жоқ. Мінеки, 2019 жыл да тарих қойнауына еніп, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының соңғы жылына аяқ бастық. Қорқыт бабадан жеткен: «Өткен күн, кеше – тарих, Келер күн, ертең – сыр, Бүгінгі күн – сый» деген ұлағатты сөз бар. Осы ретте өткеннің өрнегін, бүгіннің бергенін санаға салып, салмақтап қарасақ, тиегі ағытылып, тілі шешіліп, көп жайттар көңіл тақтасына түсе қалады. Сондықтан, көзден кетсе де көңілде қалған тұстардан сөз қозғай отырсақ артық бола қоймас.

Шапқан аттай шапшаң уақыттың ағынынан болу керек, біз кейде істелген іргелі істердің астарына бойлай бермейтініміз бар. Керісінше, оларды сыртқы жұрт байқап жатады. Мәселен, жапониялық «Toshiba» корпорациясының өкілі Акихиро Такубо былай дейді: «Егемендік жариялағаннан бергі қысқа мерзім ішінде өзінің дамуымен, сындарлы саясатымен, жарқын болашағымен бүкіл әлемді мойындатқан бірден-бір ел, ол – Қазақстан». Негізі, барыңды бағалай білгенің де, еліңнің жетістігіне қуана білгенің де жөн. Әрине, оны өзің айтпай, басқалар айтып жатса, мерейің екі есе өсетіні және бар.

Жалпы, бақыт – бағалай білгеннің, барға асып-таспай, жоққа сабыр сақтай алғанның ғана басына тұрақтайды екен. Сондықтан, біз барды бағалап қоймай, оны сақтаудың да жолдарын меңгере білуіміз керек. Әсіресе, жаңа заманның жасампаздығына жұтылып кетпеу үшін ескірген көзқарастан арылып, дүбірлі дүниенің даңғыл жолына түсуді жаңаша ойлауымыз қажет. Осы орайда 2019 жылдың тәуелсіз еліміздің тарихында алар орны ерекше деуге толық негіз бар. 2019 жылы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын жария етті. Сөйтіп, Орта Азиядағы посткеңестік кеңістікте өз еркімен отставкаға кеткен алғашқы мемлекет басшысы ретінде тарихқа аты жазылды. Елбасының бұл маңызды шешімі оның жаһандық деңгейде және тарихи ауқымда танылған саяси қайраткер ретіндегі ұлылығын көрсетті. Қазір Нұрсұлтан Назарбаевты көрнекті реформатор әрі әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер деп таниды, құрметтейді.

 Конституцияға сәйкес, жаңа Президентті сайлауға дейінгі аралықта билік тізгіні Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. Өз кезегінде Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық Қаһарманы» және «Еңбек Ері» атағын, Құрметті сенатор мәртебесін, облыс орталықтарындағы басты көшелерге атын беру, сондайақ Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту жөнінде шешім шығарды. Өзінің бұл шешіміне қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Бұл халқымызды, әсіресе, жастарды тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, Елбасының даңқты қызметін әділ бағалау үшін аса қажет» деп ойын түйіндеді.

Расында, біздерге бір-біріміздің жақсылығымызды, артықшылығымызды, біліктілігімізді бағалай білуге машықтанғанның айыбы жоқ. Аз ғана уақытта Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Елімізді қазір әлем мойындайды, бейбітшілік пен келісімнің мекені ретінде таниды, құрметтейді. Өзге елдердің біздер туралы «Қазақстан жолы» немесе «Қазақ стан моделі» деген сипаттамалары – соның айғағы. «Жол анасы – із» дейді халық даналығы. «Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жерде – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген сөз де бар. Олай болса, тонның ішкі бауындай бірлігі жарасқан халық ретінде Тұңғыш Президент салып берген қазақстандық жолдан таймау қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жазда Қазақстан Республикасының жаңа Президентін сайлау барысында өзінің сайлауалды платформасын «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп анықтауы тегін емес. Нәтижесі белгілі. Үлкен саяси додада президенттікке үміткерлер арасынан Тоқаев озып шығып, егемен ел тарихындағы екінші Президент ретінде осы жоғары лауазымға басым дауыспен сайланды.

Көп ұзамай, яғни, 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауын жолдады. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған Жолдауда көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек, ұстаздардың жалақысын көтеру, митингке шығуға рұқсат беру, тиімді мемлекетті жетілдіру тәрізді өзге де өзекті мәселелер қамтылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл Жолдаудың жөні бөлек. Ендігі жерде елдегі ахуал, соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланатын болады, халықпен тиімді кері байланыс орната білу, адамдардың зәру мәселесін жедел шешуге аса ден қою – мемлекеттік органдар жұмысындағы басты бағыт саналады. Осы ретте, келіп түскен өтініш-шағымдары бойынша қазір шенеуніктердің жұмысының, іс-әрекетінің сапасын бақылап-қадағалайтын арнайы бөлім құрылды. Ал үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялар мен мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктелді.

Жолдауда сыбайлас жемқорлық қылмысқа қатысты мәселе нақтыланды. Сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыс орын алған бөлімнің бірінші басшысының жауапкершілігі заңнамалық әрі нормативтік түрде реттелуі керектігі айтылды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерінің жауапкершілігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударылды. Сонымен бірге, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі трафигі, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе, балаларға қатысты ауыр қылмыстар үшін жазаны шұғыл түрде күшейту жайлы тапсырма берілді. Соңғы кездері екі инспектордың браконьерлер қолынан қаза тапқанын әрі бұл қайғылы оқиғалар браконьерліктің ұйымдасқан қылмыстың қауіпті түріне айналғанын ескере отыра, Президент Үкіметке тиісті заңнаманы қатаңдату үшін тұрақты шаралар қабылдауды жүктеді. Жалпы, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицияны, сот жүйесі мен құқық қорғау жүйесін терең реформалау – маңызды міндет болып белгіленді.

Президенттің Жолдауында «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» орнықтыру жөнінде, адамдардың барлық сұраныстарына тез жауап беретін «еститін мемлекет» тұжырымы қабылданғаны жайлы және оны жүзеге асыру мақсатында Президент аппаратының жанынан Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі құрылғаны туралы да жан-жақты айтылған. Негізгі түйін – тек диалог арқылы үйлесімді мемлекет құруға болады. Лайым солай болғай! Ал әзірге кемшіліктерден кенде емеспіз. Қоғамның түйінді мәселелерінің түйінін тарқатуда биліктегілер қауқарсыздық танытуда. «Ел пайдасы» деген түсінікті «Өз басымның пайдасы» деген түсінікпен алмастырып алғандар жеткілікті. Тамыр-таныстық бел алып, өз жақындарына майлы жілікті үлестіру жалғасуда. Мәселен, белгілі блогер Ғалым Байтоқтың мәліметіне сүйенсек, Президенттік жастар кадрлық резервіне енгізілгендер тізімінде, негізінен, басшылардың, байлығы мен мансабына масаттанған байшыкештердің балаларының басым екендігі анықталып отыр. «Ұлық болсаң, кішік бол!» деген қанатты сөздің бұл азаматтарға үлгі-өнеге болмағандығы өкінішті, әрине.

Көптеген сарапшылардың деректеріне сенсек, егер ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында әлемде еңбек табысының арақатынасы 13:1 болса, ХХІ ғасырдың басында бұл арақатынас аса қауіпті деңгейге жетіп, 60:1 болды. Байлықтың 80 пайызы ғаламшар халқының бестен бірінің уысына жинақталса, қалған бестен төртінің қолына небары 14 пайызы ғана қалды. Жер бетіндегі еңбекке қабілетті 2,6 млрд. адамның барлық табысы ат төбеліндей аз ғана топтың – 347 миллиардердің табысына тең. «Альпари» ЖШС хабарлауы бойынша Қазақстанда ересек адамдар саны 12 085 857 адамды құрайды. 96,6 пайыз ересек халықтың жылдық еңбек табысы 10 мың доллардан аспайды. Ал Zakon.kz порталы 162 адам Қазақстанның жарты байлығына ие деген мәлімет береді. Қалған 3 пайыздан астам адамдардың жылдық еңбек табысын Zakon.kz былайша тарқатады:

2,7% (326 322 адам) жылына 10 мыңнан 100 мың долларға дейін табыс табады.

0,35% (42 301 адам) – 100 мыңнан 1 млн. долларға дейін табыс табады.

0,05% (5 838 адам) – 1 миллионнан 50 млн. долларға дейін табыс табады.

 0,001% (162 адам) жалпы байлықтың шамамен 55 пайызына ие. Олардың ішінде 112 адам жылына 50-ден 80 млн. долларға дейін алады. 45 адам – 80 миллионнан 800 млн. долларға дейін табыс табады. Бес адам – 2-ден 3 млрд. долларға дейінгі байлыққа ие.

 Иә, кеселі көп қиянатшыл заман тек үлкенді емес, жасөспірім ұрпағын да әнтек бұзып, қайырсыз қатыгездікке баулып жатқаны, ащы да болса шындық. Келтірілген мысалдар, түптеп келгенде, қоғамда түбегейлі өзгерістер қажет екендігін айқындайды. Әрине, соқтықпалы-соқпалы күндердің бәрін сәтсіздік деу қате шығар. Бірақ, дүрбелең дәуір дүбірлеп келе жатқан тұста шыңдалып, ширығу үшін де бұл өте керек. Осы орайда, бұл сұрқай дүние тұмарын серпіп тастап, адамдық өмірдің кең өрісті жарық жайлауын тек жігерлі жалын, талабы биік, от жүректі жастар ғана алары күмән туғызбасы анық. Сондықтан, 2019 жыл Тұңғыш Президент бастамасымен Жастар жылы деп жарияланып, Үкімет оны жүзеге асырудың Жол картасын қабылдаған болатын. Жол картасында жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім алу, жұмыспен қамту, бизнесті дамыту, жас отбасын қолдау және өзге де шаралар қарастырылды.

Нәтижесінде 2019 жылы 3 мың жас Қазақстанның үш ірі қаласында, Нұр-Сұлтанда – 1050 пәтер, Алматыда – 1050 пәтер, Шымкентте 900 жалдамалы тұрғын үй алды. 3 мыңнан астам жас маманға тұрғын үйге 13,5 млрд. теңге бюджеттік несие берілді. «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға 1500 АЕКтен аспайтын мөлшерде (3 787 500 теңге) бюджеттік несие беру қарастырылған. Сонымен қатар «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларын қамтитын «Жастар – Ел тірегі» жобасын жүзеге асыру басталды. Бұл жобалар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау шараларымен 209 мыңнан астам жас азамат қамтылып,172 мыңы жұмысқа орналастырылды. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың жас маман оқытылды. 2019 жылы 9,5 мың жас жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант алды. Жыл сайын 10 мың жас грантқа ие болады. 2,5 мың жас кәсіпкерге өз ісін дамыту үшін шағын несие берілді. Үш жылдың ішінде 15 мың адамға шағын несие берілетін болады. «Жасыл ел» жобасы аясында 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл 33 мыңға жуық жас жастар практикасына жіберілді. Жастар жылында Білім және ғылым министрлігі 53 755 грант бөлді.

Бұл ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген әрбір екінші үміткерге ЖОО-ға түсуге мүмкіндік берді. Ғылыми әлеуетті дамыту мақсатында Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми кеңесі арқылы жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 3 миллиард теңге бөлінді. 2019 жылы жастарды қолдауға бағытталған 2,8 млрд. теңге сомасындағы 56 гранттық жоба жүзеге асырылды. Гранттық жобалар бойынша 2 миллионнан астам жас мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылғанын атап өткен жөн.

Өзекті мәселенің бірі жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысын көтеру болатын. Өйткені, бұл мәселе назардан тыс қалып, шәкіртақы 2016 жылдан бері көтерілмеген. Сондықтан студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің шәкіртақысын 25 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылданды. Толықтай алғанда бұл шамамен 130 мың адамға қатысты болады. Дәл осындай қолдау колледж студенттеріне де көрсетіледі. 2019 жылдың қыркүйегінен жұмыс мамандығын алып жатқан 122 мың шәкірттің шәкіртақысы 30 пайызға артты. Үкімет 2020 жылдың қаңтарынан орта арнаулы білім алатын колледж студенттерінің шәкіртақысын 25 пайызға арттырады. Бұл тағы да 100 мың адамға қатысты. Бұл шаралар студенттерімізге жақсы қолдау болары сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылын қорытындылау барысында осы деректерді келтіре отырып, волонтерлікті қолдау мақсатында 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Қазір Қазақстанда екі жүзден аса еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Еріктілер қозғалысына 50 мыңнан астам адам тартылған. Бүгіндері нақты іс-шаралардың жоспары дайындалуда. Жоспардың жобасында волонтерлікті дамытудың 7 бағыты қарастырылған. Волонтерлік бағытында инфрақұрылымды дамыту көзделіп отыр. «Bilim», «Sabaqtastyq», «Saýlyq», «TazaQazaqstan», «Asylмura», «Qamqor», «Úmit» жобалары аясында еріктілерді қолдау орталықтары құрылмақшы. Бұдан бөлек, 300 мың теңгеге дейінгі шағын гранттар қарастырылған. Бұл қаражат азаматтардың жергілікті мәселелерді шешудегі күш-жігерін қолдауға бағытталады. Барлығы төрт жүзден астам шағын грант беріледі. Сонымен қатар, өңірлердегі еріктілердің бастамаларын қолдау мақсатында «Jana bastama» жобасы жүзеге асырылады. Бұл жоба 170-тен астам волонтердің бастамасын жүзеге асырады. Ұйымдарда корпоративтік волонтерлікті одан әрі дамыту үшін бизнес-секторды белсенді түрде тарту жоспарланып отыр. Еріктілер жылы шеңберінде халықаралық ынтымақтастық дамытылады. Түрлі диалог алаңдарында ең белсенді еріктілерді қатыстыру арқылы Қазақстанның өкілдігін арттыру көзделуде. Қазақстанның дамуына үлес қосқан ең жақсы қазақстандық және шетелдік волонтерларды ынталандыру үшін “Жыл волонтеры” халықаралық сыйлығы тағайындалмақ. Сайып келгенде, аталған шараның ел үшін еңбек ететін жастарды тәрбиелеуге, дұрыс бағытқа салуға, жастардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға, белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға игі әсері болары анық.

Шүкір, қазір де мақтан тұтарлық жастарымыз баршылық. Әрине, олардың ішінде қазақтың саф алтындай табиғи мінез-құлқын, тым тереңнен толғайтын телегейлігін бойына сіңіріп өскен, ел қадірін, жер қадірін перзенттік жүрек тебіренісімен ұғатын, дарабоз дала тағдырымен жан дүниесі бітісіп, бірігіп кеткен Димаш Құдайбергеннің орны ерекше екендігі даусыз. 2019 жылды шын мәнінде Димаш Құдайберген жылы деп атауға толықтай негіз бар. Димаштың домбыраның үнімен өмірдің мәнмағынасын философиялық оймен түйіндеп, өз құпиясын, өз сыр-сымбатын алғаш рет бетін ашқан арудайын әмбеге жария еткен әлемі тылсым, әсері гүлсім айрықша әндері жетерлік. Бұл әндер, қазақы қауым қарындастықтың қаймана мінезінен, күйбең тұрмыс-тіршіліктің аядай ғана аясынан әлдеқашан да шығып кеткен. Димаштың жұдырықтай жүрегіне сыймай аспан аясына ұшып шыққаннан бері! Бұл жалт етпе жастық дәуреннің ең бір елеулі де, қалаулы тұсы болар, бәлкім.

Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келеді деп жүре бермей, нақты жұмыс істеуіміз керек десек, Димаш – соның бір жарқын көрінісі. Осы ретте, Фейсбукте жарияланған ақпараттардың бірінен мына бір үзіндіні келтіре кетсем, артық болмас. «Құдайдың Қазақтың тіліне деген көзқарасы дұрыс екен. Миллиардтаған теңге жұмсалса да қоғамның ықыласын оята алмаған Ана тілімізді Димаш екі жылдың ішінде БҰҰ төріне шығарды. Бүгін АҚШ-тан, Қытай мен Жапониядан тарап жатқан ақпарат құралдары қазақ тілін үйренемін дегендердің қатарының өскенін айтып жатыр. Енді Қазақстанның сыртқы имиджін көтеруге, тілді көтеруге жұмсайтын қаржысының 50 пайызын Димаштың продюсерлік орталығына аударып, оның құзіретін арттырсақ, бір нәтижеге қол жеткізетін шығармыз. Себебі Саммит те, ЭКСПО да, Универсиада, Азияда ойындары Димаштай әсер ете алмады».

Иә, Димаштың барлық қойылымдарынан ұлттық нақыштар байқалып тұрады. Осыдан жанкүйерлердің әншіні «бүкіл әлемге қазақ мәдениеті мен музыкасының хабаршысы» деп бекер атамайтынын ұғамыз. Димаш заманауи туындыларды орындағанда классикалық музыка мәнерімен дәстүрлі қазақ әндерін бүкіл әлемге танытты. Мәселен, Нью-Йоркте өткен Димаштың соңғы концертінде талай көрермен таңдай қақты, Қазақ әншісін «ән шырқайтын сенсация» деп атады. Расында да, жер жүзінде сирек кездесетін дауыс кеңдігі – 6 октава. Сондықтан да Димаш бүгінгі күні ranker.com беделді басылымның рейтинг көрсеткішіне сәйкес, әр уақыттағы әрі әр кездегі дүниежүзіндегі ұлы орындаушылар арасынан бірінші орынға шығып отыр. Екінші орында ұпай саны жағынан көп кейін қалып қойған Фредди Меркьюри, одан соң Майкл Джексон. Төртінші орында Уитни Хьюстон, ал Элвис Престли болса бесінші орында.

Қорыта айтсақ, талаптысы басшы, таланттысы қосшы болып, «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығарып, ұйысып еңбек етсек құт-береке дарыған қуатты да, іргелі ел боларымыз хақ. «Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл», – дейді хакім Абай. Ал береке деген нәзік нәрсе. Соған мұқият болайық. Әрбір бейбіт күнімізді қадірлей білейік.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы

Басқа материалдар

Back to top button