Бас тақырып

Бақытты отбасының формуласы

Мықты мемлекеттің тұғырына айналған «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарында «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды. Олардың әрқайсысының өзіндік бақыт формуласы бар.

І орынды иеленген Осакаров ауданынан Олжабековтер отбасы

Байқауда Осакаров ауданы бойынша Молодежный кентінде тұратын Олжабековтер отбасы І орын жеңімпазы атанды. 89 жастағы тыл ардагері Иса Олжабеков жұбайы Дәмелімен жеті бала тәрбиелеп өсірген. Олардың 24 немересі бар. Жұбайы өмірден озғанымен, Иса ата әлі де 47 шөбере мен үш неменесін тәрбиелеуге атсалысуда.

– 1941 жылы үлкен атам Олжабек майданға шақырылған кезде, Иса атам небәрі 6 жаста еді. Әкесі майданда хабарсыз кеткендіктен, көре алмады. Анасы мен інісі Жақсылықпен бірге қалып, барлық ауыр жұмыстарды мойнына алды. Көмір тасып, мал бағып, шөп шапты. Дәмелі әжеммен 1956 жылы отау құрып, жеті бала өсірді. Олардың ұрсысқанын ешқашан көрген емеспіз, бірақ, олардың өмірі оңай болған жоқ. Атам еңбек өмірінің көп бөлігін жылқы бағумен өткізді. Көптеген марапаттары бар. Олардың отбасылық татулығының құпиясы өзара сыйластыққа, сенім мен қолдауға негізделген, – дейді ақсақалдың немересі Айнұр Рахымжанова.

Екінші орынды Ақбұлақ ауылының тұрғындары Хавдрасал отбасы, ал үшінші орынды Николаевкада тұратын Көшкімбаевтар әулеті иеленді.

Нұра ауданы бойынша бірінші орын Боранбай Мұханалиевтің отбасына берілді. Олар 45 жыл отасып, төрт бала тәрбиелеп, 14 немере өсірген.

– Бар өмірімді мемлекеттік қызметке арнадым. Алғаш жұмысымды экономика бөлімінде аға қаржыгер болып бастадым. 2016 жылдан бастап Баршын ауылының әкімі қызметінде жүріп, қазір зейнеткерлікке шықтым. Жұбайым Боранбай – Ауған соғысының ардагері, Нұра ауданының Құрметті азаматы, шаруа қожалығының басшысы, меценат. Ауылдың өркендеуіне атсалысты. Жастарға арналған бірнеше жекпе-жек және жаттығу залын жабдықтады. Мал сою алаңын салып, қыста жолдарды тазартты. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмектесіп, екі отбасына екі үй сыйлады. Осы жылдар аралығында біз бәрін бірге жасадық, әрқашан бір-бірімізге қолдау білдірдік. Бұл – отбасылық бақыттың нақты формуласы, – дейді Зәуре Мұханалиева.

Нұра ауданында екінші және үшінші орындарды Рысмағамбетовтер мен Қордабай отбасылары иеленді.

Бұқар жырау ауданында да «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Бірінші орынды Ботақара кентінде тұратын көпбалалы Асқаровтар отбасы жеңіп алса, екінші орынды Доскей ауылындағы Түспеков­тер иеленді. Үшінші орын Ғ.Мұстафин ауылындағы Серікбай отбасына бұйырды.

Аудандық кезеңде бірінші және екінші орын алған әулет мүшелері облыстық кезеңде үздік атағы үшін сайысқа түседі.

Аяулым СОВЕТ,
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button