Бақыт мекені

             Сұрыптау кентіндегі Балалар мен жеткіншектер сарайы бөлімшесінің тәрбиеленушілері бес жылдық мерейтойын атап өтті. Теміржолшылар мәдениет сарайында ұйымдастырылған шарада кішкентай өнерпаздардың ата-аналары көрермендер қатарынан табылды.

Мерекелік кешке 5-17 жас аралығындағы 200-ден астам бала қатысты. Бүлдіршіндерді құттықтап келген қалалық білім бөлімінің тәрбие және әлеуметтендіру меңгерушісі А.Мақұлбекова, қалалық Балалар мен жастар сарайының директоры Ш.Алтынбекова, № 85 жалпы білім беретін орта мектептің директоры З.Жанпейісова жылы лебіздерін білдірді.
Мерекелік кешке үйірменің барлық тәрбиеленушілері белсенді атсалысты. Әсіресе, «Куба» брейк-данс, «Созвездие» вокал-эстрадалық үйірмесі, «Дебют» шахмат үйірмесі, «Балдәурен» домбыра үйірмесі құрамының өнері қошеметке бөленді. Оған қоса, «Назқоңыр» вокал-эстрадалық үйірмесі, баскетбол секциясы, «Эрудит» отбасылық оқу-білім кешені тобы, «Зерек» тобы бүлдіршіндерінің өнерлері кештің көрігін қыздырды. Сондай-ақ, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Волшебная страна» Үлгілі хореографиялық би ансамблі тәрбиеленушілерінің өнерлері көптен ерекшеленгенін атап өткен жөн. Ал, «Асыл мұра» және «Этюд» бейнелеу өнері үйірмесі тәрбиеленушілерінің шығармашылық жұмыстарынан ұйымдастырылған фотокөрме қызықты бейнелерімен есте қалды.
Жалпы, Балалар мен жеткіншектер сарайы алғаш 2013 жылы жұмысын бастады. Бүгінгі күнде бөлімшеде әртүрлі бағыттағы 10-нан астам үйірме жұмыс жасап тұр. Онда 500-ден астам балалар мен жасөспірім білім алады. Олардың айтуынша, би билеу – есте сақтау қабілетін жақсартып, физикалық тұрғыда дамытады, ұжымда тіл табысуға үйретеді.
Сондықтан, сарай үйірмелері өз жұмысында тек қана Сұрыптау кентінің балаларын ғана емес, сонымен қатар, барлық Октябрь ауданының оқушыларын қамтиды. Бүгінде түрлі бағыттағы қалалық байқаулар мен фестивальдердің ұйымдастырушылары атанып жүр. Аз уақыт аралығында бөлімшенің шығармашылық ұжымдары республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен лауреаттары атанып үлгерді.

Аяулым СОВЕТ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.