Абай

Бақуатты мекен тұғыры

    Биыл – Абай ауданындағы Южный кентінің құрылғанына – 60 жыл. Қуанышты мерекеге орай, кентте салтанатты шара өткізілді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», – деп атап өткен болатын. Бұл бастама ауданымызда кең көлемде қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ауыл тұрмысын көтеру, ауыл адамдарының денсаулығын жақсарту, салауатты да саламатты өмір салтын орнықтыру, ауылда білімді, мәдениетті, өнерді дамыту жөніндегі бағдарламаларына сәйкес ауданда жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осыған орай, Южный кентінің тұрғындары да туған жерге деген асқан сүйіспеншіліктерін мерекелік шара өткізумен білдірді.

Салтанатты шара ауылдық мәдениет үйінің алаңында өтті. Алаңда киіз үйлер тігіліп, тұрғындар мен қонақтарды шараға әзірлеген тағамдардан дәм татқызды. Сонымен қатар, он саусақтарынан бал тамған шеберлердің қолынан шыққан бұйымдармен таныстырды. Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургиялық зауытының құрылысы кенттің іргетасын қалап, оның  өркендеп, қанат жаюына елеулі үлес қосты. Арқа төсіндегі жаңа кен байыту кәсіпорнына кеңестер одағының түкпір-түкпірінен  келген өрімдей жас ұл-қыздар елдімекеннің қалыптасуына ықпал етті. Сонымен, 1957 жылы кенттің іргетасы қалана бастады.

Қазіргі таңда кент ауданымыздың 6409 га жерін алып жатыр. Мұнда 2 600 адам тұрады. Елдімекенде 28 шағын және орта кәсіпкерлер, 2 емдеу амбулаториясы, балабақша – мектеп  кешені, мәдениет үйі мен кітапхана жұмыс жасайды.

Осындай айтулы күні кент тұрғындарын Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Мағзин, аудандық мәслихат хатшысы Борис Цай, Южный кентінің әкімі Бақыт Икишева мерейтойларымен құттықтады. Салтанатты шарада кенттің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін Қарағанды облысы әкімінің және Абай ауданы әкімінің құрмет грамотасымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Мерекелік шарада еңбек ардагерлеріне, тыл ардагерлеріне және алғашқы іргетасын қалаушыларға құрмет көрсетілді. Естелік сыйлықтар мен шоқ гүлдерді Алтын алқа және Күміс алқа иегерлеріне, 60 жылдық мерейтойларын тойлаған кентпен құрдастарға және спортшыларға табыстады. Сонымен қатар, мерекелік шарада «ТЭМК» АҚ кен-байыту басқармасының директоры Р.Шаяхметов, «Құлайғыр» станциясының басшысы С.Бошан, «Высота» республикалық мемлекеттік кәсіпорын филиалының директоры А.Жақанов өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Мерейтой  «Арнадым саған, туған жер!» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Әуезді әндері мен күйлерін, мың бұралтқан билерін аудандық мәдениет үйінің шығармашылық топтары және барлық ауданның шығармашылық ұжымдары арнады.

Бұл күні  көпқабатты үй мен жекеменшік үйлерді абаттандыру бойынша «Ең үздік аула», «Ең үздік көше» байқауының және кенттегі мемлекеттік мекеме мен ұйымдардың еңбек ұжымдары арасындағы көркемөнерпаздар байқауының қорытындысын шығарды. Сол сияқты спортсүйер қауымға ұлттық аттың спорт түрлерін, қазақ күресі, мини-футбол, армрестлинг, көздеп ату бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға салтанатты түрде сйлықтар мен грамоталарды табыстады.

Мерейтойға бір кісідей атсалысқан Южный кентінің тұрғындары, Елбасы  айтқандай, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екендігін айқындай түскендей.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button