Баға – басты назарда
Коронавирус індетінің өршуі, мұнай бағасының құлдырауы сынды факторлардың әсерінен теңгеміздің құнсыздануы халықтың көңілін алаңдатқаны белгілі. Оқшаулану, девальвация секілді қауіптерден үріккен жұрт азық-түлік қорларын молайту мақсатында, алғашында ірі дүкендер желісінің саудасын қыздырғаны анық. Қазір жағдай біршама тұрақтанған. Дегенмен, жоғары сұраныстың бағаға әсерін білу мақсатында Қарағанды қаласы әкімдігінің сауда саласына жауапты мамандары супермаркеттерді аралап, аймақтық БАҚ өкілдерімен бірлесе азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізді.
Қаланың «Норма», «Корзина» сынды азық-түлік супермаркеттерін аралап, олардың жетекші мамандарымен сұхбаттасып, тұтынушы халықпен тілдесіп, жағдайды көзбен көріп қайттық. Байқағанымыз, қант пен өсімдік майы орналасқан сөрелердің маңында кісі қарасы қалыңдау болмаса, жалпы, дүрбелең-дүбір байқалмайды. Тұтынушылар азық салған себеттері мен арбаларына бір сипаттағы өнімдерді емес, тауарлардың әр түрін салғанын көзіміз шалды.
«Азық-түлік өнімдеріне деген сұраныстың артқаны рас. Олардың денін негізінен өсімдік майы, қант, ұн сияқты тауарлар құрайды. Бірақ, қант бағасының аздап өскені болмаса, қалған өнімдерге бұл жағдайдың әсері болған жоқ десек болады. Дүкеніміз барлық тауар түрлерімен тұрақты түрде қамтамасыз етілгендіктен, қор – жеткілікті» – деді «Норма» супермаркетінің әкімшісі Оксана Скиданенко.
«Біз әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ғана емес, барлық өнімдердің бағасын тұрақты ұстаудамыз. Жарма, ұн мен қантқа сұраныс мол. Сондықтан, сөрелердің жиі босап қалатыны бар. Бірақ, қоймамызда қор жеткілікті болғандықтан, сатушылар босаған сөрелерді жиі толтырып отырады. Тауарларды қоржындарын толтыра сатып алатын тұтынушылардың көбі зейнет жасындағы адамдар. Дүрбелеңнің бірінші күнінен бастап, біз қанттың бағасын көтермей, керісінше 20 теңгеге арзандаттық. Қазір оның құны 179 теңгені құрайды. Азық-түлік пен тұрмысқа қажетті өнімдер бізге аптасына үш күн жеткізілетіндіктен, қоймалардағы қор мол. Сондықтан6 адамдарға үрейленуге негіз жоқ деп ойлаймын» – деген әкімші Елена Изабарова «Корзина» дүкенін аралатып, бағалармен таныстырды.
«Жергілікті атқарушы орган елдегі төтенше жағдайға байланысты күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Сол себепті, баға тұрақтылығы да – басты назарда. Осы мақсатта барлық көтерме, жеке сауда орындарының иелерімен жұмыстар жүргізіп, бағаның негізсіз өсуінің алдын алудамыз. Әлеуметтік маңызы жоғары 15 тауардың бағасы өзгермейді. Өйткені, олардың басым көпшілігі қаламыздағы кәсіпорындарда өндіріледі. Негізсіз баға өсімін байқаған адамдар жедел желі арқылы 41-12-13 және 50-76-39 нөмірлерін теріп, қалалық және облыстық кәсіпкерлік бөлімдерінің мамандарымен байланыста болады» – деді Қарағанды қаласы әкімдігіне қарасты «Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы» бөлімінің басшысы Абзал Рақымбаев.
Құрманғазы ӨТЕБАЙ