Білім

Бәсеке бәсі – әлемдік рейтинг

Тәуелсіз ел атанған күннен бастап, білім мен ғылымды әлемдік өркениетке сай сапалық жағынан жақсарту көзделді. Кеңестік дәуірде елімізде жоғары оқу орындарының саны 50-ге жетер-жетпес болса, тәуелсіздік жылдарында 3 есе артты. Бүгін еліміз әлемдік тәжірибені игеру арқылы білім мен ғылымда өсу динамикасына қол жеткізуге мүдделі. Десек те, дүниенің әр қиырынан Оксфордқа жиылған ғалымдардың алдына шығып, түйгенін, білгенін бөліскен Ғасыр адамы – Темірғали Көкетаевтың еңбегін ескерсек, білім бәсекесінде беделіміз бар.

Егемендіктен бүгінге дейін білім саласы көптеген реформадан өтті. Білім беру мекемелерінің деңгейі артып, жаңартылған мазмұнға көшті. Мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға кепілдік берілді. Шетел азаматтарына елімізде білім алуға рұқсат беріліп, үш тілде оқыту жүйесі енгізілді. Бәсекеге қабілетті маман даярлау мақсатында кредиттік жүйе мен білім беру гранты беріле бастады. Зерттеу әдістемесі бар отандық университеттер әлемдік рейтингке еніп, жоғары сапа көрсетті.

2022 жылы жоғары оқу орындарына түсуге арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі 10%-ға ұлғайып, гранттардың 60%-ы техникалық салаға бағытталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 3 жетекші шетелдік зерттеу университетінің филиалдары ашылды.

Бүгінгі таңда білімді саралайтын үлкен рейтингтердің бірі – QS World University Rankings.

Британдық Quacquarelli Sym­onds (QS) компаниясының нұсқасы бойынша дүниежүзілік сауалнама және жыл сайынғы үздік әлемдік университеттер рейтингінде қазақстандық бірнеше оқу орны таңдалған. Жыл сайын QS 3000-ға жуық университетті бағалайтынын ескерсек, облыстағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті осы тізімнен төбе көрсетіп тұр. Сондай-ақ, аталған екі оқу орны еліміздегі ЖОО-ның 10-дық рейтингіне кіреді. Оған қоса IAAR тәуелсіз аккредиттеу рейтингі бар.

– IAAR тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі – білім сапасын қамтамасыз ету бойынша жетекші халықаралық агенттік. Биыл агенттік рейтингінде академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті 4-орынға ие болып, еліміздегі ЖОО жалпы рейтингінің ТОП-5-іне енді, – деп хабарлады Қарағанды университетінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін QS өңірлік директоры Сергей Христолюбов қазақстандық жоғары оқу орындарының деңгейін жоғары бағалаған. Биыл ол еліміздің жетекші университеттерінде бірнеше тұрақты даму орталықтары ашылғанын да атап өтті. Бұл орталықтар шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатып, әлемдік контекстке қосқан үлесін толықтырып отырады.

Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те Қазақстан Coursera рейтингінде 31 орынға ие болғанын мәлім етті. Рейтингте қазақстандық білім алушылардың технологиялық дағдылары (Technology көрсеткіші) 96%-ды құраған. Business, Technology – ІТ-жүйелер, Data Science білім санаттары бойынша үздік нәтиже көрсеткен.

Министр аталған рейтингтті арттыруға цифрлық экономика үшін 20 мың студент пен оқытушыны даярлау жөніндегі бастама әсер еткенін алға тартты. Ол жоба 25 жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларында 600-ден астам курстарды енгізу арқылы жүзеге аспақ.

Лайықты нәтижелер қарағандылық университеттердің академиялық, ғылыми және әлеуметтік салалар бойынша әлемдік аренадағы орнын айғақтайды. Оқытушылар әлі де әлемдік және ұлттық білім рейтингіндегі орнықты даму саласында үздік нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады.

Ал, Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ жастары ғылымға жіті бет бұрғанын айтады.

– Біз әлемдік беделді оқу орындарымен белсенді байланыс орнаттық.

Кеше Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-ға ҚХР көлік және логистика саласындағы жетекші жоғары оқу орны – Хэнань көлік кәсіптік-техникалық институтының делегациясы келді. Алдағы уақытта ғалымдарымыз техникалық білім беру саласында мол тәжірибе жинайды.

Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ және QAZTEHNA көлік саласында қытайдағы жоғары оқу орнының филиалын ашады, – дейді ҚарТУ-дың баспасөз қызметі.

Қытайлық делегация Қарағанды техникалық университеті ұсынатын білімге, кәсіпқойлық деңгей мен зертхана жабдықтарына тәнті болыпты. Сәтті сапар тәжірибе алмасуға және болашақ ынтымақтастық үшін жаңа байланыс ошағын табуға бірегей мүмкіндік бермек.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button