Басты тақырыпҚаражал

Бәсеке астарында – жанашыр пейіл

   Қаражал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қылыш» су қоймасында әуесқой балықшылар арасында балық аулаудан бәсекелі сайыс өткізілді. Осы орайда, бетті «шымшылаған» сарышұнақ аязда жанға шуақ ұялатқан жарыстың астарында қалың мұздың астындағы тіршілік иелеріне жанашырлық танытып, мұзды ою тәсілімен ауа жеткізу ниеті жатқанын да айрықша атап өткен жөн.

Қаңтардың тұлабойды қалтыратар қақаған аязына қарамастан, жарысқа қатысуға ықыласты болғандар мен оны қызықтауға пейіл бұрғандардың қатары аз болмады. Дәлірек айтсақ, табиғатты аялау, мұздағы ойықтар арқылы су астына таза ауа жіберу, қала тұрғындарын сергіту, азаматтардың ептілігін екшеу секілді ерекше қажеттіліктер ескерілген бәсекеге он екі әуесқой балықшы қатысты.

Жарыс ережесіне сәйкес, бәсекелі сын мұзды ою сайысынан бастау алды. Ал, одан кейінгі кезекте мұз бетіне алғашқы балықты алып шығу, кесімді уақыт мөлшерінде ауланған балықтың көлемдері мен санын ескеру шарттылықтарына мән берілді.

Қортынды нәтижеде мұз астынан алғашқы алабұғаны суырып алған, сонымен қатар, жарыс барысында балық аулау машығының ерекшелігін даусыз дәлелдеген Данил Малышев І орынды иеленіп, қыс маусымына арналған қармақ пен мұз оятын бұрғыны қанжығасына бөктерді. Жүлделі ІІ орынға тұрақтаған Александр Сокос пен ІІІ орынды иеленген Ерзат Асанұлына балық ұстауға арналған тор тапсырылды.

Ұымдастырушы тарап жарыстың басқа да қатысушыларын сый-сияпаттан құр қалдырмай, оларға ынталандыру сыйлықтарын табыс етіп, мадақтама қағаздарын берді.

Осылайша, қаражалдықтар өздері үшін белсенді демалыс ұйымдастырумен қатар, табиғатқа тигізер пайдасы ересен һәм тәлімі өлшеусіз іс-шараны ілкімді түрде атқарды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button