«Бүркеніп жатып, бүкіл дәстүрімізді сақтап қалдық»

     Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Кеңес ЖҰМАБЕКОВТІ әңгімеге тартып, түбі бір түркі халықтарының төл мерекесі төңірегінде аз-кем сыр тартқан едік.

Кеңес Нарымбайұлы, мәдениет саласына 49 жылдан астам ғұмырыңызды арнаған екенсіз. Кешегі социализм мен бүгінгі капитализм, бодандық пен бостандық жылдарын түгел бастан өткердіңіз. Осы аралықта Наурыз мейрамына қатысты санаңызда сақталған қызықты оқиғалар бар шығар? Әңгімені содан бастасақ…

Мен өзі Ақжайықтың тумасымын. Бүгін Көрісу күні ғой. Балалығымның базарлы күндерін еске алсам, айналшақтап дәл осы күн ойыма оралады да тұрады. Себебі, «Ассалаумағалейкум!» деп амандасуды осы Көрісу күні үйрендім. Шамасы, төрт-бес жаста болармын. Әкем жарықтық «Тәңертең ерте тұр. Темірғали атаңа барып, амандасып келесің» деді. Ертесіне, таң бозара әкеме «Темірғали атама не деп айтуым керек?» дедім. «Барып, амандас. Бүгін амандасатын күн» деді. Ол үйге кірсем, бәрі таңғы шайға жайғасқан екен. Дастарқан басында Ақлима, Күміс, Орал есімді үш қызы, төрде Төлеген атты менен бірер жас үлкен ұлы атамның алдында отыр. Ғазиза шешей шай құюда. «Айналайын, Кеңес келді. Кір, төрге шық!» деді. Балалық қой, басым салбырап, ұялып босағада тұрып қалғаным. Атам саспай «Неге келдің? Кім жіберді?» дейді. «Папам жіберді». «Неге жіберді?». «Көріс деп жіберді». «Енді неғып тұрсың? Көріспейсің бе?» Жайлап барып алдымен шешейге, төрге оза келе үйдің үш қызына, одан кейін Төлегенге қолымды бердім. Ақыры кезек атама да келді. Атам қолымды ұстаған қалпы, жібермей «не деу керек?» дейді. «Сәлем бердік». «Ж-о-о-қ. Ер азамат сәлеметті «Ассала-а-аумағалейкум!» дейді» деп саңқ ете қалды. Бетім қызара бөртіп «әссә… әссәләу… мәләу… мәләу» деп жылап жібердім. Айта алмағаныма намыстанған түрім ғой. Сонда үй ішіндегілердің бәрі жұбатып, мәмпәси, өзге де тәтті-дәмдіге уысымды толтырды. Бір шыны аяқ шайымды ішіп, үйіме қайттым. Кейін, атам мені көрген сайын «Әй, балам, «ассалау» қайда?» дейтін болды. Жүгіріп барып, қос қолымды беріп, ежіктеп «Ассалаумағалейкум!» деп жүріп, амандасуды үйреніп кеттім. Есейе келе, үйленіп, өзім балалы-шағалы болып, елге барған кездерімде әлгі атам «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал алдынан шығып амандасады» деп, өзі кеп амандық сұрасатын. Шіркін, біздің қазақтың шал-кемпірлері қандай инабатты! Кеңес үкіметінің өзінде бар көрген-білгенін бұйығып іште ұстап, бүркеніп жатып, бүкіл дәстүрімізді сақтап қалдық. Қар кеткен қара жерге қаулап шыққан желек сынды, басымыздан бұғау, аяғымыздан тұсау кетіп, егемендік алғаннан кейін бар дәстүріміздің бірден бой көрсетуі – міне, содан.

Көрісу күнін білсеңіз, Наурыз мерекесін де атап өткен боларсыздар? Жалпы, Сіздің балалық шағыңызда бұл мейрам қалай тойланушы еді?

Қателесесің. Біз Наурызды бала күнімізде мүлде білмедік. Кеңес дәуірі кезінде халқымыз сан ғұрпынан айырылды ғой. Айырылайын деп айырылған жоқ, айырды! Ол заманда Наурызды діни мереке ретінде тойлатпады. Расында солай ма еді? Жоқ. Бұл – қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының ортақ мерекесі. Өзім де бертінге дейін Наурызды мұсылман халықтарының мерекесі деген ойда болдым. Бірде, сапарлатып сонау Мысыр еліне бара қалғаным. Мұсылман дінінің өркен жайған жері сол ел ғой. Әңгімеден әңгіме шығып, мысырлық бір азаматқа «Сіздерде Наурыз мерекесін қалай тойлайды?» демесім бар ма. Әлгі жігіт көз аларта қарап, мұндай мерекені өмірінде естімегенін, тіпті, атап өтілмейтінін айтып, азар да безер болды. Содан бері Наурызды діни мереке деушілерге үзілді-кесілді қарсы шығатын болдым.

Түсінікті. Дегенмен, есейе келе бұл мереке жайлы мүлде естімедім деп айта алмайтын шығарсыз? Мәселен, студенттік жылдарыңызда…

Наурызды тойлау туралы алғаш дабыл қағып, газет бетіне жазып, Елбасыға хат жолдаған ақын Мұхтар Шаханов еді. Желтоқсан көтерілісінен кейін, ақын ұмытылып бара жатқан мұраларымызды қайта тірілту туралы ұсыныс жасады. Соның бірі – Наурыз мерекесі. Мен бұған таңқалғам жоқ. Себебі, Алматы шаһарында өткен студенттік кездерімде оңтүстік өңірінің азаматтары «Әй, бүгін жарапазан айтатын күн» деп, Наурыздың келуін әнмен, жырмен жеткізіп жүргенін өз басым талай көрдім. Ол жылдары Наурыз мерекесі деп жар салған адамның өмірі абақтыда, не болмаса жындыханада жалғасуы әбден мүмкін еді. Соны білген жастар жай-жапсарлап, ауық-ауық жарапазанмен болсын жеткізіп жүретін.

Естіп білгеніміздей, Наурыз мейрамы елімізде сонау 1988 жылы алғаш рет тойланыпты. Шамасы, Қарағандының қазіргі Күнгей шағын ауданында. Бұл жөнінде не білесіз? Арқа төріне 1968 жылы ат байлағаныңызды ескерсек, бұл тойды өз көзіңізбен көрген боларсыз.

1988 жылы Наурыз мерекесін мамыр айының соңында, жоқ маусым айының бас кезінде ме, Қарағандыда тұңғыш рет кең ауқымда тойлағанын естідік. Бірақ, оны Наурыз мерекесі дей қою қиын. Себебі, айтып отырғанымдай, наурыз айынан мүлде ұзап барып тойланды. Гастрольдік сапарда жүріп, ол тойды көру бізге жазбапты. Сол кездің өзінде халық Наурызды уақытында өткізу туралы ұсыныстар жасағаны ғана есімде еді.

Сонымен, ес білгелі ең алғаш атап өткен Наурызыңыз есіңізде ме?

Қалай есімде болмасын? Есімде. Өзіміздің Қарағандыда тойладым. Әлгінде айтып өткенімдей, халық Наурызды мезгілінде өткізуді талап еткен кез. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Ералы Тоғжанов, облыстың мәдениет департаментінің басшысы Рымбала Омарбекова сынды азаматтар бастап, Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтының алаңына шықтық. Жоғары оқу орындары, мектеп ұстаздары, ардагерлер, театр қызметкерлері, өнер азаматтары, жастар қауымы бар, әжептәуір адам жиналды. Күн қақап тұрған шақ. Есесіне, бойда жаңа тұтанған намыс, жігер, қайрат қосылып, күннің суығына қарамай, қанымыз қызып, жанарымыз жанып тұр. Жоғымызды тауып, айрылып қалардай жан ұшыра «Наурыз! Наурыз!» деп бебеулейміз. Алаш азаматы тұрмақ, өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы оянды. Сөйткен қалың көш Ленин көшесін жүріп өтіп, Бұқар жырау даңғылын жағалай Нұркен Әбдіров даңғылына ойысты. Сонда есте қалар мынадай қызық оқиға болды. Жиналған жұртшылықтың арасынан орыс тілді қазақтың бір ұстазы «Ойпырм-ай, осы Наурызды мұндай суықта өткізу деген не? Жазда өткізу керек еді» демесі бар ма? Сонда, Ералы Тоғжанов жұлып алғандай «Әй, жігіттер, намыс қайда? Осы мынау орыс халқы сібірдің қақаған сарышұнақ аязында түн ортасы демей «Жаңа жыл», «Ескі жылды шығарып салу», «масленница» деп сан түрлі мерекелерін атап өтіп жатады. Біз болсақ, қыс емес, көктем келген шақтағы бір мерекеміздің өзін жөндеп атап өте алмаймыз. Салт-санамыз енді-енді қанатын қатайта бастаған шақта неменеге ел ішіне іріткі саласыңдар? Ұят емес пе?» деп ұстаздың бетін қайтарып тастады. Мұны естіген үлкендеріміз «Дұрыс айтады. Біз бастамасақ, кім бастайды? Күнде суыққа ұшып жатқан жоқпыз. Ұрпақ үшін, ертеңгі ел жастары үшін бұдан да зорғыға төземіз!» деп қостап әкетті. Сонымен не керек, аспап асынған артистер ән шырқап, жарапазан айтып, шат-шадыман күй кештік. Шахтерлер шаһарын басымызға көтеріп, «Наурыз!» деп жар салып келеміз. Ол кезде киіз үй құру әлі қолға алына қоймаған. Көш Кеншілер мәдениет сарайының алаңына тоқтап, жиналған жұртшылыққа концерт берілді. Артистердің киініп-шешінуіне, қымыз ішуге аралған бірен-саран ақ боз үй тігіліпті. Қазір «Наурыз десе құрылған киіз үйді ғана көреміз» деп кейиміз. Жоқшылықты көрмеген ұрпақ тоқшылыққа топ ете қалғандай, бәрі бірден болсын дейді. Бұл – дұрыс емес. Ел болып етек-жеңімізді жиғанымызға небәрі ширек ғасыр. «Көш жүре түзеледі» демей ме қазақ. Өткен ғасыр соңындағы аумалы-төкпелі жылдары киіз үйдің өзіне қолымыз зорға жеткенін қайдан білсін. Оның себебі – алғашқыда киіз табудың өзі қиынға соқты. Атажұртқа қоныс аударған ағайындарымыздан киіз үй алған шақтар да бар. Бертін келе Н.Әбдіров даңғылынан бастап, Бейбітшілік бульварына дейін қаз-қатар ақ боз үй тігілетін болды ғой. Заман өзгерді деген – осы.

Өзгерсе өзгерген де шығар. Дегенмен, Наурызды атап өту қалыбы бәз-баяғы. Киіз үй тігіп, концерт тамашалаудан әрі аса алмай келеміз. Наурыздың мәні мен маңызын жоғалтып алған жоқпыз ба? Қалыпты бұзып, ат шаптырып, қыз қуу ұйымдастырып, бәйге берер деңгейге қашан жетеміз?

Наурыз – көп мерекелердің бірі ғана емес. Аядай ғана аралда күн кешіп жатқан Жапон еліне қараңызшы. Экономикасы Азия елдерінің арасында оқ бойы алда тұр. Жаңа технологияның, адам сенгісіз электронды құралдардың бәрі – солардың қолынан шығады. Бұған жапондар қалай жетті? Жауап біреу – мәдениетін заңғар биікке көтерді. Ұлттық тәрбиені жоғалтпаған. Мысалы, олар әлі күнге дейін сакура гүлдеген уақытта бір-біріне иіліп тұрып сәлем бергенін көріп – еріксіз елжірейсің. Біз де Наурыз мейрамын бір-бірімізге тілек тілеп, жарапазан айтып тойлап жатсақ – ұрпағымызға үлкен тәрбие емес пе? Ал, атап өту қалпына келетін болсақ, мерекені бір күнмен ғана шектемей, дәп сол 22-сі күні киіз үй тігіп, салтанатты шарасын, ал, жер аяғы кебе келе ағаш отырғызып, бәйге беріп, ұлан-асыр той жасауға да болады. Қазақ ықылым заманнан бері Жер-Анадан бір елі болсын ажырап көрген емес. Мысалы, ата-бабамыз Зеңгі баба төлін неге көптеп өсіріп, жайлауға шығарып, шалғынға жібермейді, білесің бе? Білмесең айтайын. Сиыр малы бірінің соңынан бірі еріп, жолындағының бәрін жайпап, жеп кететін жануар. Мұның табаны тиген жерге қайтып жайқалып шөп те өспейді. Сондықтан, сиырды отырықшы бірен-саран қазақ қана баққан. Міне, табиғатқа жанашырлық деп осыны айт. Қазір біз Алаш топырағын астан-кестен етіп, кен атаулысының түгін қоймай қопарып алып жатырмыз. Қажет те болар. Бірақ, адам қажеттілігіне бола табиғатқа залал келтіруге қандай құқығымыз бар? Қазбасын демеймін, қазсын. Дегенмен, «алаған қолым береген» деп қазақ текке айтпаған. Жерге де қайтарымы болуы керек. Айтса, күлесің. Көктем шыға ауылдарды су шайып, жаздың аптап ыстығында мал суарар өзен таппайсың. Сол қазылған орынға неге су толтырып, жаз шыға не егістікке, не болмаса жайылымға су жібермеске. Орталық саябаққа кірсең, бұтағы қар көтермейтін тозығы жеткен ағашты көресің. Көше жағалаған ағаштың көбі сондай. Ескісін кесіп, жаңадан отырғызсақ – табиғатқа бергеніміз сол болмай ма? Осы игіліктің бәрі Наурыз мейрамы аясында атқарылып жатса, қандай тамаша. Ауызбен орақ орғаным емес, өз басым жыл сайын наурыз мерекесінде немерелеріммен бірге аулаға ағаш егуді дәстүрге айналдырғам. Балаға да бір серпіліс. Жаз бойы ағашым қурамасын деп, шелектеп су құяды. Табиғат-Анаға та­нытқан тамшыдай қамқорлығым – осы.

Әңгімеңізге рахмет.

… Осы мынау орыс халқы Сібірдің қақаған сарышұнақ аязында түн ортасы демей «Жаңа жыл», «Ескі жылды шығарып салу», «масленница» деп сан түрлі мерекелерін атап өтіп жатады. Біз болсақ, қыс емес, көктем келген шақтағы бір мерекеміздің өзін жөндеп атап өте алмаймыз…

… Орталық саябаққа кірсең, бұтағы қар көтермейтін тозығы жеткен ағашты көресің. Көше жағалаған ағаштың көбі сондай. Ескісін кесіп, жаңадан отырғызсақ – табиғатқа бергеніміз сол болмай ма? Осы игіліктің бәрі Наурыз мейрамы аясында атқарылып жатса, қандай тамаша…

Әңгімелескен

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.