“Бұл – халтура”. Теміртау қаласының әкімі сапасыз жол төсеген кәсіпкерді сынға алды (видео)
Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов қаланың шығыс бөлігіндегі тұрғын үй аулаларына төселіп жатқан асфальттың сапасын тексеріп, атқарылып жатқан жұмысқа көңілі толмайтынын жеткізді. Қала басшысы кәсіпкерлердің әрекетін “халтураға” балап, жөндеу жұмыстарын қайта жүргізуді тапсырды. Бұл туралы NUR.KZ порталы хабарлады.
Қала әкімінің бұл қатты кетуінің де жөні бар. Қала ішіне төселіп жатқан асфальттың сапасыз екендігі анық көрініп тұр. Жол салу технологиясы бойынша асфальттың қалыңдығы 5 см болуы тиіс. Ал мұнда небәрі 1,5 см ғана төселген.
“Мынауың “халтура” ғой. Жұмысты дұрыстап істеу керек. Жолдың бәрін қайтадан төсеп шығуларыңызды талап етемін”, – деді Ғалым Әшімов.
Егер мердігер компания «Дорстройматериалы LTD» ЖШС барлық ақауды жойып, жолды сапалы етіп төсемейтін болса, онда істеген жұмыстары үшін бір тыйын да алмайды.
“Байқа, мына жұмыс үшін ақша төленбейді”, – деген қала әкімі жолдың бір кесегін жалаң қолмен үзіп алды.
Осыдан соң Ғалым Әшімов қоластындағыларға асфальт құрамын анықтауға қажетті зертханалық тексеру жүргізуді және жол салудың технологиясының дұрыстығын тексеруді тапсырды.