Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда заманауи зертхана іске қосылды

Қарағанды облысында геологиялық барлауға арналған «ЖаңаLAB» зертханалық-талдау кешені жұмысын бастады. Жобаға шамамен 9 млрд теңге инвестиция салынған.

Суреттер облыс әкімдігінен

Кешен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Мұнда геологиялық сынамалар мен керндік материалдар дайындалып, пайдалы қазбалардың құрамына спектрлік, химиялық және фазалық талдаулар жүргізіледі.

Зертхананың жылдық қуаты 200 мың сынамаға дейін жетеді. Қазір мұнда 115 адам жұмыс істейді, ал алдағы уақытта тұрақты жұмыс орындарының санын 150-ге дейін жеткізу жоспарланған.

Кешен АҚШ, Германия, Аустралия және басқа елдердің жетекші өндірушілері шығарған жоғары дәлдіктегі жабдықтармен қамтылған. Заманауи цифрландыру, автоматтандыру және жасанды интеллект технологияларын қолдану зерттеу нәтижелерінің дәлдігін арттырып, талдау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Жоба өңірдің геологиялық барлау және тау-кен өндірісін дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның минералдық-шикізат базасын нығайтуға ықпал етеді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button