«Азаматына қарап ауылын таны»

Шалғай ауылдардың халқы көбіне шөміштен қағылып, шетқақпай көріп жүреді. Біз сөз еткелі отырған Қарқаралы ауданындағы Томар ауылы да сол санатта. Тұрғындар «ауылға бір Мәдениет үйі керек» дегелі қай заман. Бірақ, оған құлақ асқан аудан басшылығы жоқ. Рас, әуелде уәдені үйіп-төгіп кететін. Жүзеге асқанын көрмедік. Әне-міне деп жүргенде талай жылды қырқадан асырып та тастадық. Енді міне, халық толғандырған толғақты мәселені шешудің оңтайлы жолын тапты. Қалай дейсіз ғой? Толығырақ тарқатып шығайық ендеше.

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастайық. Келмеске кеткен кеңес дәуірін сағынып отырған жоқпыз, әрине. Алайда, ол дәуірде бұл ауылдың ахуалы қазіргіден көш ілгері еді. Егіні жайқалып, төрт түлігі өріске сыймай жататын. Мәдениет үйін былай қойғанда, іші атшаптырым әмбебап дүкені мен қос қабатты қонақ үйі болған. Бірақ, тоқырау жылдарында оның бәрі келмеске кетті. Жұрт қалаға қарай үдере көшкен уақытта тұрғындардың саны 2-3 есеге дейін азайды. Кеткен елге кінә тағудан аулақпыз, әрине. Қалаға қай қимасын іздеп барды дейсіз?! Туған ауылында екі қолға бір күрек табылмаған соң, амалсыз қоныс аударды емес пе?! Оның үстіне жолы нашар, жо-жоқ, өте нашар ауылдан қалаға қатынау қиын. Жоғарыда отырғандардың назары түсіп, жағдай жасап берер деген үміт болмаған соң, былайғы жұрттың көбі босып кетті. Ауылда ата кәсіпті арқау еткен аз ғана ел қалды.

Абырой бергенде, соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетілетін қолдаулардың саны артты. Жеңілдетілген несиелер беріліп, бос жатқан жерді игеру мүмкіндігі ұсынылды. Осы бір ақжолтай хабар Томар ауылына да жан беріп, сөніп бара жатқан шырағын қайта жаққандай еді. Қалаға қоныс аударып кеткен елдің бәрі болмаса да, бірсыпырасы кейін қайтты. Жастар көбейді. Енді келіп, әлгі «Мәдениет үйі керек» деген әңгіме тағы да қылаң бере бастады. Өйткені, жастар бос уақытын қайда өткізерін білмейді. Түнімен көше кезіп, ащы суға үйірсектегендер де табылды.

Ауылда жастарға мүлдем жағдай жасалмаған. Интернет жоқ. Клуб жоқ. Бос уақытта не істерімізді білмейтін сәттер көп болады. Әсіресе, қыстың ұзақ кештерінде қиын. Қатарластарымның арасында арақ-шарапқа әуестене бастағандар да кездесті. Мұның соңы жақсылыққа апармасы анық. Сондықтан да, былтыр өзара ақылдасып, Тілеукеш Орынтаев есімді азаматқа тиесілі ғимаратты уақытша сұрап алдық. Ішін жуып-шайып, сылап-сипап спортзал есебінде пайдаланып жүрміз. Әрине, спортзал деген аты ғана. Әйтпесе, еңсесі төмен, іші тар ғимарат санитарлық талапқа мүлдем сай келмейді. Амал жоқтықтан қыс бойы осы жерде жаттығу өткізіп шықтық, – дейді ауыл белсендісі Ералы Елгелді.

Белсенді жастардың жақсылыққа қарай басқан қадамдарын ауылдастары қуана қолдаған екен. Мәселен, 1975 жылы туған азаматтар теннис үстелін сатып әперсе, 1984 жылы туған азаматтар еденге төсеуге арнайы спорт матрастар сыйлаған. Бұдан басқа да жаттығуға қажет құралдар, бокс қолғаптары, «грушалар» тарту етілген. Елдің қолдауын көрген жастар, осы жетістікпен ғана шектеліп қалғылары келмейді. Сондықтан, ауылдың орталық көшесінде қаңырап тұрған бұрынғы дүкенді қалпына келтіру мәселесін ойластыра бастапты. Ғимарат иесі Қапан Мұхтаров жастардың бастамасын қолдап, рұқсат берген. Тұрғындар ақылдаса келе жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруды Ералы Елгелді, Мейрам Жұмақанұлы, Заңғар Бақытұлы және Асхан Тілеубекұлы есімді азаматтарға тапсырған.

– Осы уақытқа дейін «клуб керек» деп айтып келдік. Ал, ауылдың дәл ортасында еңселі ғимарат қаңырап, көшенің сиқын кетіріп тұр. Сондықтан, көп болып жұмылып, жөндеп алмақпыз. Бір бөлігін спортзал қыламыз. Екінші бөлігіне сахна орнатып, Мәдениет үйін жасаймыз. Асарға мектеп оқушыларынан бастап қарттарға дейін келді. Үш күн жүріп, ішіне жылдар бойы жиналып қалған қоқысты тазалап шықтық. Енді қабырғаларын сылап, төбесін жамаймыз, бүлінген жерлерін қайта қалап шығамыз. Жоспарымыз, күн суығанша ішін ретке келтіріп, жылу желісін тартып алу, – дейді Ералы Елгелді.

Есеп бойынша, құрылыс материалдарын алуға жалпы сомасы 2 млн. теңге көлемінде қаражат керек екен. Қазір ауыл халқы үй басы 10 мың теңгеден жинап жатыр. Сондай-ақ, ауылдан ертеде көшіп кетсе де, кіндігі туған жерге байланған азаматтар да шама-шарқына қарай қаржылай қолдау көрсетуде.

– Біздің ауылдан Аркадий Топаев, марқұм Бектас Әубәкіров сынды әйгілі боксшылар шықты. Қазір Бекжан Әубәкіров жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қолдау болса, ауылымыздан әлі талай спортшы шығары анық, – дейді Ералы Елгелді.

Көне ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Белсенді азаматтар діттеген мақсатына жетуді көздеп отыр. Тек, елді алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Ол – халық болып қалпына келтіріп жатқан Мәдениет үйі мен спортзалды әкімдік балансына беру. Жауапты адам тағайындау. Елдікі «еңбегіміз еш кетіп, бастаған іс аяқсыз қалмаса екен» деген тілек. Әрі, осы күнге дейін клуб салып беруге жарамаған аудан басшылығы дайын ғимаратты балансқа алып, оның меңгерушісіне айлық беруге, қыста отын бөлуге қарсы болмас деген үміттері де бар.

Ел болып жұмылған игі істен ауыл әкімдігінің де қалыс қалмағанын айта кеткен жөн. Ауыл басшысы Нұрсұлан Жағыппаров құрылыс жұмыстарына барынша қолдау көрсетіп, басықасында жүр екен. Қажет техниканы тартуға, құм, топырақ жеткізуге де көп жәрдемі тиіпті. Ол халықтың талап-тілегі жерде қалмайтынына сенімді. Яғни, жөндеу жұмыстары аяқталған соң нысанның құжаттары реттеліп, әкімдік балансына алынады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

Қарқаралы ауданы.