Бас тақырып

“Қазақстандық барыстың секірісі”

Қазақстан егемендік алған жылдары елдің әлеуметтік-экономикалық жүйесі ауқымды түрде түбегейлі қайта құрылғаны мәлім. Тәуелсіздіктің алғашқы 10-13 жылындағы экономикалық реформалар КСРО-ның күйреуінен кейінгі және шаруашылықты басқарудың әкімшілік жүйесіндегі негативті салдарды жоюға жұмсалды. Ел дамуындағы өзекті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Жекешелендіру жүрді. Барынша жеке сектордың дамуына ден қойылды. Соның нәтижесінде мемлекеттің қаржылық жүйесінде, валюталық жүйеде, банк ісінде тұрақтылық орын алды. Сөйте тұра, экономикалық реформалар бір текті болмады. Күткен нәтиже бермеді. Соның салдарынан Қазақстан бірқатар дағдарысты басынан өткеруге мәжбүр болды. Ол – экономикалық өсімдегі дағдарыс, инфляциялық дағдарыс, төлем жасаудағы дағдарыс және инвестициялық дағдарыс. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан экономикасының дамуын зерттеушілердің пікірлері.

Төрт кезең – төрт серпін

 Көптеген сараптамаларды сүзгіден өткізе отырып, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасының қай тұста күрделі кезеңді өткеріп, қай мезгілде дамудың қарқын алғанын анық көруге болады. Жалпы, бүгінгі таңда экономика және саясаттану ғылымындағы ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар еліміздің 28 жылдағы экономикасының тынысын 4 кезеңге бөліп қарастырады.

Бірінші кезең: Қайраңда қалған Қазақстан

 Сол талдауларға сүйенсек, Қазақстан экономикасының алғашы кезеңі тәуелсіздік жариялағаннан бастап, Ұлттық валютаның айналымға түсуімен тұспа-тұс келеді екен. Яғни, ол 1992-1993 жылдар мұғдары. Қолда бар деректер бұл аралық экономикадағы қатынастардың түп тамырымен өзгеріп, ұлттық валютаның пайда болуымен аса маңызға ие екенін көрсетіп отыр. Сонымен бірге, осы кезеңде меншік түрі де өзгеріске түсті. Яғни, мемлекет жекешелендіруді жүргізуге көше бастады. Оған қоса, қаржылық тұрақсыздық белең алып, инфляцияның шарықтауы да осы тұс. Мұндағы инфляцияны зерттеушілер бұл уақытты гиперинфляция дейді. Яғни, тұрғындардың жинағы құнсызданды. Шаруашылықтың барлық саласында өнім өндіру құлдырады. Сол кезеңде елдің макроэкономикалық саясаты тікелей Ресейге тәуелді еді. Ал, Ресейдегі ахуал қандай болғандығы тарихтан мәлім. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан экономикасының алғашқы һәм ең ауыр кезеңі еді.

Екінші кезең: Ұпайды түгендеуге ұйытқы болған

– Ұлттық валюта Нарықтық қатынастарға бейімделудің екінші кезеңі – 1993-1997 жылдармен өлшенеді. Ол – мемлекет ұлттық валютаны енгізіп, өзінің макроэкономикалық саясатын жүргізе бастаған кез. Бұл кезең несімен құнды?

Зерттеулер дәл осы сәт еліміздің бүгінде салық, бюджет және банк саласында, сыртқы экономикада, нарық пен нарықтық инфрақұрылымдарды дамытуға ықпал еткен нәтиже берген нормативтік-құқықтық базаның қалыптасуымен құндылығын айтады. Мұндағы ең табысты қадам – жаңа экономикалық-саяси реформалардың жүргізілгендігі болса керек. Яғни, әкімшілік-топтық экономикадан нарықтық экономикаға өту жаппай сипат алды.

 Бұл екінші кезеңде өндірісте өнім өндірудің күрт төмендеуі әлеуметтік салаларда күрделі проблемалардың туындауына әкеп соққаны аян. Деректерде 1993-1996 жылдары халықтың ақшалай табысы 5 есеге төмендеп кеткен. Ал, бұл болса, жұмыссыздықтың белең алуына әкелді. Сол уақытта жұмыспен қамту орталықтарында тізімдегілердің саны жұмысшыға сұраныстан 25 есе артық болды. Мұның сыртында өздеріне қажетті кредиттік ресурстарды алуға мүмкіндігі жоқ, өзінің айналымдық қаражаттарынсыз қалған өндіріс-өнеркәсіптердің төлемдік дағдарысы, инвестициядағы күрделі ахуалы және бар еді. Бұған қарамастан, экономистер бұл екінші кезең макроэкономиканың қалыптасып, тұрақтануына негіз болып, зор ықпал етті деседі. Сөйтіп, үшінші кезеңге жағымды жағдай қалыптастырды деген пікірде.

Үшінші кезең: Дүркін-дүркін реформа болашаққа бастады

Үшінші кезеңнің үлесінде 1997- 2000 жылдар. Дәйектерге қарасақ, ЖІӨ, өнеркәсіп өнімі, инвестиция көлемі де өскен. Бірақ, сол тұста осындай жағымды атмосферада тұрған елдің экономикасының дамуына әлемдегі, соның ішіндегі, Азияның Оңтүстік шығысындағы дағдарыс кері әсерін тигізсе керек.

Бұл кезеңнің еншісінде зейнетақы жүйесін реформалау, жекешелендіру үдерістерін жетілдіру, отандық тауар өндірушілерді кешенді қолдау шараларын қабылдау, Ұлттық қорды қалыптастыру туралы шешім қабылдау секілді маңызды реформалар бар. 1999 жылдың екінші жартысынан бастап, қоғам экономикалық өсімге бет бұрған.

Төртінші кезең: Экономиканың жеке секторына қарқын берді

Төртінші кезең – 2003 жылдан басталатынын айтады мамандар. Бұл кезең – нарықтық экономика институттарының табысты қызмет атқара бастауымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, экономиканың жеке секторы қарқын алды, салықтық, тауарлық және инвестициялық заңнама дайындалып, күшіне енді. Осының барлығы капитал мен тауарлардың еркін айналымына ықпал етті. Осының нәтижесінде, ЖІӨ 2000 жылға қарағанда, 2003 жылы 13 пайызға өсті. Қазіргі таңда жалпы ішкі өнім тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда 20 пайызға артқанын көрсетіп отыр деректер.

Бесінші кезең: «Қазақстандық барыстың секірісі»

Бесінші кезеңі – бүгіні десек, қателеспеспіз. Дәл осы уақытта Қазақстан әлемге өзінің даму моделін ұсынды. Мұны шетелдіктер «Қазақстандық барыстың секірісі» немесе «Қазақстандық даму моделі» деп те атайды. Өйткені, өзінің 28 жылдық тәуелсіздік жылында еліміз саяси, экономикалық аренада орнын иеленді. Дүние жүзінің мойындауына ықпал еткен дәйектер сонда қайсы? Біздіңше, олар мыналар…

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 20 есе өсті. Осының нәтижесінде Ұлттық қор құрылды. Осы жылдарда елде 2 млн. жаңа жұмыс орны ашылды. 2009 жылы еліміз ТМД мемлекеттері арасында алғашқы болып дағдарысқа қарсы бағдарламаны қабылдады. 28 жылда 120 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазақстандықтардың жалақысы 18 есеге өсті. 1500 мектеп 2500 балабақша салынды. Әрбір бесінші мектеп, әр төртінші балабақша тәуелсіздік жылдарында бой көтерді. Спорт саласында 25 спорт сарайы 60-тан астам стадион салынды. Осы жылдар аралығында 1 млн. қандасымыз атамекенге оралды. 1,3 мыңнан астам жаңа аурухана мен емхана пайдалануға берілді. 12,5 мың шақырым автожол салынды және жөндеуден өтті. Жаңадан 3 мың шақырым теміржол пайдалануға берілді.

Шетел инвестицияларының жалпы көлемі 265 миллиард АҚШ долларын құрады. 100-ден астам мемлекетке 500-ден астам тауар түрін экспорттап отыр. Халықаралық аренда 180 елмен серіктес.

Шағын және орта бизнестің саны бүгінде 1, 3 миллионды құрайды. Онда 3,2 миллион тұрғын еңбек етеді. Бұл көрсеткіш 2005 жылы 10 пайызды көрсетсе, 2018 жылы 27 пайызға жетті.

Әлбетте, әлемде экономикалық әлеуеті зор саналатын Қазақстан мұнымен тоқтап қалмақ емес. Тәуелсіз еліміздің алдында экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, әлемдік конъюктурада орын алған толқуларды жеңе білу міндеті тұр дейді зерттеушілер.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button