Жаңалықтар

Қазақстанда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдаланып, оны халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттау қажеттігін айтты. Осы мақсатта өңірлерде жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы басталады.
Сурет Ақордадан

Президенттің айтуынша, бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары және балаларды оңалту орталықтары бар. Сонымен қатар ерекше балаларға арналған спорт залдары бой көтереді.

Бұдан бөлек, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады.

– Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаражатын жинақтау мен жұмсау арасында теңгерім сақталуы керектігін атап өтті. Оның сөзінше, қаражат қоғамға нақты пайда әкелетін жобаларға бағытталуы тиіс. Құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда болады, ал жобаларды іске асыруға жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері тартылады.

Президент Ұлттық қордың басты міндеті ел байлығын сақтап, оны келешек ұрпақтың игілігіне жарату екенін еске салды. Сондықтан қаражатты инфрақұрылымды дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттау маңызды.

– Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button