Covid-19

Қазақстан «қызылдан» шықты

Кешегі күнгі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасының мәліметінше Қазақстан «қызыл аймақтан» шықты. Оған коронавирус инфекциясын жұқтырғандар қатарының азайғаны себеп. 6 маусымдағы дерек бойынша елде 989 жағдай тіркелді. Осы уақытқа дейін жұқтырғандар саны 395 064 жетті.

Ел бойынша ауырғандары ең көп өңірлер – Қарағанды облысы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары. Оның бастапқы екеуі әлі де «қызыл аймақта». «Сары аймақта» Алматы қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары болса, «жасыл аймақта» Шымкент қаласы, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары бар.

Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан мәліметке сәйкес, 6 маусымда 171 жаңа жағдай тіркелді. Осы уақытқа дейін ауырғандар саны – 33 916 адам. 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші – 2380. Оның ішінде ауру белгілері бар науқастар – 65,8%, ауру белгілері байқалмаған вирус тасымалдаушылары – 34,2%-ды құрайды.

Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда коронавирус инфекциясымен ауырғандар 1,5%-ға төмендегені байқалады.

Жыл басынан бері үйлестіру орталықтарының жедел хабарламалары негізінде департаменттің аумақтық басқармалары 370тен астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Сонымен қатар, департаменттің аумақтық басқармаларына құқық қорғау органдарынан 780-нен астам материал келіп түсті, – дейді департаменттің ресми өкілі Айгүл Шатекова.

Мәселен, 2021 жылы Қарағанды облысы бойынша карантиндік режимді бұзу фактілері бойынша 940-тан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 74 млн. теңгеден асады.

Мұндағы негізгі бұзушылықтар белгіленген уақыттан кейін немесе жабылғаннан кейін объектілерде болу, бетперде режимін сақтамау, отбасылық, еске алу іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар және басқалары) өткізу, дезинфекциялық режимді сақтамау (антисептиктің, дезковриктің және басқаларының болмауы), лимитті (адамдардың шектеулі саны бойынша) бұзу түрінде орын алғанын айта кеткен жөн.

Мамандар мұндай шектеулердің облыстың «қызыл аймақтан» шығуы үшін жасалып жатқанын түсініп, талапқа сәйкес әрекет етуді ескертеді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button