Қазақстан ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне байланысты шағым түсірді
Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіндегі қорытынды есепке байланысты Paris boxing Unit – ке шағым түсірді.
Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті 63,5 келі салмақта жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсірді.
– Қазақстан ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда, біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз, – деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ҰОК қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде төрелік еткен жекелеген төрешілерге қатысты PBU-ға ескерту жасады. Ескерту қабылданып, қазіргі таңда зерттеу жүргізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 1 тамыздан 2 тамызға қараған түні Мұхаммедсабыр Базарбайұлы төрешілер шешімімен жеңіліп қалған болатын.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА