Қазақ пен тәжік – бауырлас халық
Саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыруда көпұлтты Қазақстан үшін тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің маңызы зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап өтті. Сондықтан, бізге бір орында тұрмай, үнемі даму жолында болу маңызды. Ал, алдымыздағы «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы жаңа бастамаларға себепкер болары анық. Ел дамуындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған әңгімелесу алаңдарының құрылуы – Қазақстан халқы Ассамблеясының азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға жағдай жасайды.
Қарағанды облыстық «Тәжік диаспорасы» бірлестігі 2010 жылдан бері қызмет жасап келеді. Негізгі мақсаты – ана тілімізді, тарихымызды зерделеп, тәжік ұлтының мәдениетін дамытып, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қайта жаңғырту, тарихи отанмен байланыс орнату, өзге этно-мәдени бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас орнатып, халқымыздың достығын нығайту болып табылады.
Облыста өткізілетін барлық іс-шаралар, Қазақстандағы ұлттардың өз мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ана тілін дамытуға зор мүмкіндігі бар екенін айғақтайды. Бұл – ұлтаралық қарым-қатынас қалыптастырудың бірегей белгісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының түрлі ұлттардың өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалу жолында көрсеткен көмегін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақ пен тәжік түркі тілдес, бауырлас халық. Бүгінгі жаһандану заманында бізге артылған жүкті жұмыла көтерсек, болашақ ұрпаққа бақытты, бейбіт әлем сыйлаймыз.
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында мемлекет саясатын жаңғыртудың даму бағытын айқындай келе, еліміздің негізгі күші – халқымыздың бірлігі екенін атап өтті. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді». Елімізде қазақ халқының ерекшелігімен қатар, басқа да этностардың ұлттық сенімін біріктірген ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастардың тұрақты жүйесі қалыптасты. Соңғы уақытта әлем түрлі ұлттық және діни шиеленістер мен қақтығыстардың куәсі болды. Сондықтан, отандық және шетелдік сарапшылар мен талдаушылар тарапынан жоғары бағаланатын ұлтаралық және дінаралық келісім – мемлекетіміздің басты ерекшелігі екені қуантады.
Өз бойына Ұлы даланың рухани және азаматтық құндылықтарын сіңірген әр қазақстандық бүгінде мемлекетіміз жайлы бар әлемге мақтанышпен айта алады. Ал, әлем таныған бейбітшілік пен келісім идеясы күш-жігерімізді біріктіру арқылы одан әрі нығая түсері анық.
Шакарбек НОРМАТОВ,
облыстық «Тәжік диаспорасы»
бірлестігінің төрағасы.