Руханият

Қазақ күнтізбесі таныстырылды

Жыл күнтізбесі жаңарды. Qazaq club өкілдерінің мәлімдеуінше, биылғы күнтізбеде қазақ батырлары көрініс таппақ. Осыған орай, Н.Гоголь атындағы Қарағанды кітапханасында жыл сайынғы үрдіспен 2024 жылға арналған Ұлттық күнтізбенің жаңа түрі таныстырылды.

Сурет: шараны ұйымдастырушылардан алынды

Шарада жалпы ұлттық атаулы күндердің тарихы баяндалып, олардың мәні аталып өтілді. Жалпы, бүгінгі таңда күнтізбеде халықтың тарихы мен мәдениетіне байланысты 46 атаулы күн бар екен. Оның үстіне биыл оған жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне арналған үш күн енгізілген. Олардың ішінде, «Сардар мен қолбасшы Ер Бөгенбай күні», «Сарбаздар күні» және «Сержанттар күні» бар. Бұл – биылдың атап айтар жаңалығы.

– Негізінде, күнтізбенің айтулы күндерін көбінесе, қазақ әдебиеті, ұлт тарихы, салт-дәстүр, өнер, ұлттық тағамдар, тарихи қайраткерлер, ұлттық ойындар, туған жер, халық бірлігі, мемлекеттік тіл, отбасы институты, ұлттық киім, батырлар, жігіттер, аналар, ақсақалдар институттары құрайды. Ал, биыл оларға батырлар күні де қосылды. Бұл болашақ ұрпақты тарихты білуге жетелейді деген сенімдеміз, – дейді Qazaq club өкілдері.

Сонымен қатар, жаңа күнтізбеде қазақ халқының күні де бар. Дәстүрлі Амал мерекесі, қымызмұрындық және басқа да дәстүрлі мерекелер қалыс қалған жоқ. Оған қоса, қазақтың алты салты көрініс тауыпты. Олардың қатарында, «Селт еткізер», «Кестелі орамал», «Шаңырақ көтеру», «Асар», «Бата беру», «Құрылтай» бар.

Күнтізбе қазір 2023-2024 оқу жылында Қарағанды облысы білім басқармасының бірыңғай тәрбие жоспарынан орын алған. Енді күнтізбемен жыл сайын облыстағы 417 мектептің 170 мыңнан астам оқушысы танысады. Оған қоса, күнтізбе 58 колледжде, клуб үлгісіндегі 246 ұйымда, өңірдің 257 кітапханасында бар.

– Ұлттық күнтізбе туралы бастама маған ұнайды. Биылғы күнтізбеден қазақтың батыр, баһадүрлерін көре алатынымыз қуанышты. Өйткені, ақпарат дәуірінде ұлт батырлары көп насихаттала бермейді. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар, ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындар туралы да мәлімет ала аламыз, – дейді қала тұрғыны Әділбек Қанатұлы.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button