Руханият

Қазақ күнтізбесіндегі құндылық

Өткен жылы Қарағанды облысының білім басқармасы мен Qazaq club-тың Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттау орталығы бірлесе отырып, 2019 жылы тұсауы кесілген Ұлт құндылықтарын сақтауға бағытталған Қазақ күнтізбесін облыстық біртұтас тәрбие жоспарына енгізген болатын. Осы арқылы 2023-2024 оқу жылында ұлт құндылықтарын насихаттауды мақсат тұтқан күнтізбенің тағылымы мол атаулы күндері облыстың 417 мектебіне енгізілді.

Сурет ұйымдастырушылардыкі

Қазақ күнтізбесіндегі 10 қаңтар – «Қазақ әдебиеті» күні болып белгіленген. Бұл күні қазақтың дарынды жазушысы, «Көшпенділер» романының авторы, қазақ әдебиетінде бірнеше дәуірді қамтыған тұңғыш тарихи роман жазған жазушы Ілияс Есенберлин туған. Осыған байланысты, облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімі және Qazaq club 10 қаңтар күні #Аsul_soz челенджін өткізуді қолға алды. Бүгінде бұл челленджге қала, облыс мектептерінің оқушылары, қоғам белсенділері қатысуда.

Жеткіншектер жұртшылықты 10 қаңтар – Қазақ әдебиеті күнімен құттықтап, өздері сүйіп оқитын ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер мен өлеңдерді оқуда. Айта кету керек, челленджге қатысқан әр жеткіншекке Qazaq club-тың Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттау орталығы атынан «Тәуелсіздік ленталары» сыйға тартылатын болады.

Клуб өз жұмысын 2019 жылдан бастап, қазақы құндылықтарға негізделген түрлі шаралар легіне ұйытқы болып жүр. Клуб құрамында республиканың түпкір-түпкірінен зиялы қауым өкілдері, ұлт мүддесіне бей-жай қарай алмайтын азаматтар шоғырланған. Клуб төрағасы – Ғасыр ғұламасы, академик Темірғали Көкетай.

Жыл сайынғы #Аsul_soz челленджінің қорытындылары қазақ күнтізбесінің келесі бір айтулы күні 12 қаңтар – Д.Қонаев күні шығарылатын болады.
Бүгінде Қазақ күнтізбесі Қарағанды облысының 417 мектебіне, 58 колледжге, 246 мәдениет клубына, мұражайларға, 257 кітапханаға, сондай-ақ, спорт мектептеріне енгізілді.

Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі қазақтың 2500 жылдық тарихы мен 18 ұлттық құндылығын, 8 тарихи оқиғаны, 3 дәстүрлі мерекені, 6 салтты, 25 тарихи тұлғаны насихаттайды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button