Шет

Аюлы бөктерінен әуелеген ән

   Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы ауылында «Мәдени-мұра» бағдарламасы аясында жергілікті ақын, сазгер, күйші Зәрубай СҮЙІНДІКҰЛЫНЫҢ 70 жылдығына арналған «Сарыадырдың самалы» атты шығармашылық кеші өтті.

Сахна төріне шыққан ақынды көпшілік орындарынан тұрып, қол соғып қарсы алды. Ақынды бірінші болып жерлесіміз, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Р.Әбдікеров құттықтап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. «Зәкең жыр кітаптарын жиі шығармайды. Анда-санда жарқ етіп көрінетін санаулы жинақтарының қай-қайсынан да жүрегіңді дір еткізер сағыныш мұңы еседі. «Баспагер» баспасынан шыққан «Өмір толғауы» атты жинағында топтасқан жырлары өзіндік өрнек, толғаныс иірімдері – оның сұлулыққа құштар жүрек лүпілі тәрізді. Артық бояу, әсірелеусіз, қаз қалпында қағазға жыр болып төгілген өлең жолдары табиғи таза қалпымен өзіне баурап алады», – деді сенатор. Аудан әкімі М.Жан-дәулетов пен аудандық мәслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов құттықтап, сый-сыяпат жасады.

Аудан әкімінің қолдауымен Зәрубай ағамыздың жерге, елге деген ерекше махаббатынан туындаған «Сарыадырдың самалы» атты кітабы шыққан болатын. Атының өзі айтып тұрғандай Зәкеңнің туған елге жерге деген кіршіксіз өлеңдері мен әндері келтірілген. Аталған кітаптың тұсаукесерін аудан әкімі мен мәслихат хатшысы жасады. Ақ әжелер шашу шашты.

Салтанатты рәсімде облыс әкімінің құттықтау хаты оқылды. Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасы институты филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы К.Сархановтың құттықтау хаты таныстырылды. Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Ағымбаев, ауыл ақсақалдары, аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Смағұл, тағы басқалары өз тілектерін білдіріп, сый-сыяпат жасады. Осының бәрі, әрине, жерлес ақын, күйші-сазгерге деген ел құрметінің айғағы. Ел арасында кең тараған «Ақсу-Аюлы – арманым», «Домбыра», «Шет жастарының әні», марқұм Ыбыжан Төлегеновпен бірігіп жазған, бүгінде ауданымыздың әнұранына айналып кеткен «Ақсу-Аюлы – жыр мекен» әндерін ауыл жастары бас қосқан кештерде, ойын-сауықтарда шырқайды. Зәкеңнің жүрегінен туған 60-қа тартар әні, оннан астам күйі бар екен. «Ақжалым-әнім», «Сәкенім-жарығым» әндері бүгінде сол жердің гимніне айналған. Сұңқар Сәкеңге арнап «Сені іздейді» әні бүгінде республика көлемінде кеңінен танымал. Ән, өлең жазу үшін шалқар шабыт, сезімталдық қасиетпен қоса табиғат-ана сыйға тартқан қабілет, дара дарын, қажет десек, мұның бәрі Зәкеңнің бойынан табылып жатқандығын осы кешке жиналған жұрт оның өлеңдері, әндері мен күйлерінен айқын аңғарды.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button