Спорт

Аю батыр ардақталды

Арқада кейінгі ұрпақ тәу етер талай тарихи орындар бар. Соның бірі – Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылдық округіне қарасты Қоянкөз ауылына жақын жердегі қаһарман тұлға Аю батыр кесенесі. Елге тұтқа болған батыр кесенесі биыл ұрпақтарының қолдауымен тұрғызылып, ескерткіш белгі орнатылып, ас берілді. Онда дарабоз ердің ордасында қазақ жеріне тиген жауға қарсы шайқасқан батыр бабалардың бірлігі жайлы баса айтылды. Баһадүр рухына құрмет таныту шаралары баяндалды. Еліне қалқан болған ер туралы көркем фильм түсіру сынды бірқатар шара жоспарланды.

Батыр кесенесінің ашылуына қатысқан Ақтоғай ауданының әкімі Руслан Кенжебеков батырдың елге ортақ екендігін атап өтті.

– Батыр бабаларды ұлықтау қазақ жастарының рухын көтеруге, ұлттық патриотизмнің өсуіне, өткен тарихымызды білуіне ықпал етеді. Қазақ елінің тәуелсіздігін арман етіп, басын бәйгеге тігіп, жан аямай күресіп өткен батыр аталарымызды тану – асыл парызымыз. Кеңпейілді, қонақжай ұрпақтары ауызбірлігі мықты екендігін танытып, ерекше іс тындырып жатыр. Көпшілік қауым болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, батыр кесенесін тұрғызуға, ауызбірлік көрсетіп, қолдау білдірген азаматтарға алғысым шексіз, – деді Руслан Кенжебеков.

Шарада аудан әкімінің Құрмет грамотасымен Манарбек Алтынбеков, Төлеуқұл Шоланұлы, Айдар Аманбаев, Қайырбек Алтынбеков, Арман Қалиев, Саламат Қайырбекұлы, Дәулет Жанбаев және Алғыс хатпен бірнеше адам марапатталды.

Сонымен қатар, ауыл азаматтары атынан Қойшыбек Ырысбеков, Нәсір Көшербаев, өнертанушы Аманолла Шайбеков баяндама жасады. Кесене тұрғызуға жинақталған қордың ақшасынан ағасына қомақты қаржы ұсынып, емделуіне көмектескен үшін туысқандар атынан Дарын Дәулетбекұлы алғысын жеткізді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бағдат Мүбәрак бабасына арнаған өлеңін оқыды. Бұл күні ән қалықтаған, күй ойнап, ат жарысқан, көңіл серпіліп, думанға ұласқан той болды. Бұл елді мекен үшін айтулы шара мерей, биік белес, маңызды іске баланды. Тарихын тереңнен тартқан, елдік шежіресін паш еткен рухани жаңғырудың айқын бір көрінісі десе де болады.

Тойдың ресми бөлімі мәресіне жеткен соң келген қонақтар бабалар рухына бағышталған асқа жиналып, Құран оқылды. Батыр жайлы естеліктер айтылды. Жиналған қауым бұдан кейін спорттық және мәдени іс-шараларды тамашалады. Мұнда «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамблінің, «Қарқаралы» тобының шығармашылық концерті жұртшылық назарына ұсынылды.

Қазақ тойының көркі қашанда күрес пен бәйге ғой. Түйе балуандар бәсекесі қызып, апайтөстердің ақтық айқастары елдің ерекше есінде қалды. Қарсыласын шақ келтірмеген Босаға ауылынан Олжас Шынкеев тойдың «Түйе балуаны» атанып, жүлдеге тігілген 500 мың теңгені ұтты. Екінші орынға Айбат Сейтенов, үшінші орынға Азат Рысбек тұрақтады.

Тойшыл қауымның делебесін аламан бәйге қоздырды. 30 шақырымда Қазақстанның әр өңірінен желмен жарысқан кіл жүйріктер жарысты. Мұнда да жергілікті азаматтар көліктен бастап, бесінші орынға дейін қаржылай жүлде берді. Аламан бәйгеде өзгеден оқ бойы озық келген «Айқасқа» атты жүйріктің иесі, Қордайдың атбегісі Болат Валиев бас жүлдеге тігілген автокөлікті еншіледі. II орын Ортаудан келген «Кикі» атты арғымаққа бұйырды. Ат иесі Ердос Еркен 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. III орынға тігілген 500 мың теңгені 56 разъездің тұрғыны Мергенбай Сәдуақасовтың жүйрігі еншіледі.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button