«Аяз ата һәм Қыдыр ата»

(«Орталық Қазақстан», 31.12.2016 жыл)

     Жыл басы тышқан емес, Наурыз! «Орталық Қазақстанның» 2016 жылғы соңғы саны оқырмандарға біраз ой салды деп ойлаймын. Әсіресе, белгілі журналист Ерсін Мұсабектің Жаңа жыл жөніндегі ой-тамызығы.

    Жаңа жыл және оны қарсы алу­дың дәстүрге айналған белгілері өмірімізге қалай орнықты? Қоғамның ең таза, ең әлсіз буыны – балаларды сендіруден бастадық. Ертегілерді барынша шын­дыққа айналдырдық, олардың кейіп­керлерін балалардың ортасына жібердік. Кез келген жаңа­жылдық шыр­ша тойына бары­ңызшы, хайуанаттар әлеміне тап боласыз. Ең кең тараған ертегі – «Жан-жан­уарлардың жылға таласуы».

    Негізінен, тышқанның қалай жыл басы болғандығы жайлы әйгілі ер­тегіні тілі шыққан баладан сары тісті кәртамысымызға дейін жатқа білеміз. Онда тышқан өрмелеп, түйенің тө­бесіне шығып, келе жатқан жылды бірінші болып көреді. Қай заманда, қандай идеологиялық ықпалмен қулық (тышқан) кие-құтымыздың (түйе образы) төбесіне шығып, әмір жүргізе бастады, есімізде жоқ. Өкі­нішке орай, бұл ертегінің түрік жұр­тындағы мағына-мәнері бөлекше еді. М.Қашқари бабамыздың «Түрік сөздігі» энциклопедиясында (ХІ ға­сыр) бұл аңыз өзгеше айтылады. Оқиға Іле өзенінің бойында өтеді. Түрік қаға­ны бірнеше жыл ілгеріде өткен шайқас­ты талдап, өткеннен сабақ алмақшы болады. Бірақ, шайқас болған жылды анықтауда жа­ңы­лысады. Сол сияқты ел де бала­ларының жастарын, бастан өткен оқиғалардың мезгілін есептеу­де қателесе береді екен. Содан қаған халқын жинап, құрылтай өткізіп, былай дейді: «Біз бұл тарихты анықтағанда қалай қателессек, біздің келешек ұрпақтарымыз да солай қателеседі. Сондықтан, біз енді он екі ай мен он екі бұржыны негізге алып, әрбір жылға бір ат қояйық, бізден кейінгі жыл қайыру жылдардың айналысымен есептелсін, бұл біздің арамызда мәңгі бір жәдігерлік болып қалсын» (М.Қашқари. Түрік сөздігі. 1997 ж. А. 403-бет). Осылайша қаған аңға шығып, барлық хайуандарды Ілеге қарай қууды бұйырады. Ағысы қатты Ілеге тоғытылған аңдардан он екісі жүзіп шығады. Өзеннің арғы бетіне бірінші болып тышқан, одан кейін жыл атауларына ие жануарлар ретімен жүзіп шыққан екен. Бар-жоғы осы ғана. Бойына сеніп жылдан құр қалған түйе жарықтық ертегіге кейін кіргізілгенге ұқсайды.

    Әр жылдың бірінші қаңтарын қуа­нышпен қарсы алып, өткен жылға қо­рытынды жасау – жақсы және жа­ғымды дәстүр. Дегенмен, жыл басы – Наурыз. Ол – еңбек пен мейірім, төрт түлігің төл беріп, ырысыңды еселер мереке. Мәдениеттанушылар, ға­лымдар 1992 жылдан бері Наурызды өткізудің идеологиясын жасай алмай келеді. Біздің Ұлытау ауданында Борсеңгір деген ауыл бар. Ғұлама ғалымдар Ә.Марғұлан мен Қ.Сәтбаев жиі келіп, қазыналы қарттардың үйінде қона жатып, ұзақ таңда шежіре шерткен ауыл. Сол ауылда өткен ғасырда Кәрібайдың Данияры деген халық шебері өмір сүрді. Өткен ғасыр дегенде, тым алыс емес, 1971 жылы 95 жасында дүниеден өтті. Ә.Марғұлан атамыз сол қарияны мейлінше дәріптеп, есімін ең алғаш өзі құрастырған «Қазақ халқының қолданбалы өнері» кітабына енгізді. Сол кісінің келіні Рахия шешей сексеннен асты. Рахия жеңгей айтады: «Біздің әулетте жыл сайын ауылға наурыз көже беру дәстүрі үзілген емес. Менің өзім алпыс жыл жалғастырып келемін. Құдай қаласа келіндеріме аманат. Атамның айтуынша, 1932 жылы ғана көп көже беру қиын болыпты. Сонда да шешелеріміз қазанды асып жіберіп, елге қарасу қайнатып берген екен». Наурыз бабалар аманаты секілді, халықтың жадынан өшпеген, өшпейтін мереке. Түнгі 12-де Аяз атаны күтіп, шарап көтерудің орнына әр ауыл наурыз таңын бірге қарсы алып, Жаратушыдан Жаңа жылдың жарылқауын тілейтін күн туса. Ең болмаса, Қыдыр баба мінген түлік төресі – түйенің «ойдан шығарылған ертегіде» кеткен ақысы қайтар. Наурызда жер бетін Қыдыр аралайтынына менің балам да сенеді.

З.ҚАЗАНБАЕВА.

Ұлытау ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.