Денсаулық

«Аяланың» аялы алақаны

«Аяла» қайырымдылық қоры бастап, «Samruk-Kazyna Trust» қоры қоштап, қарағандылық нәрестелердің өмірі мен денсаулығын сақтап қала алатын аппаратты дәрігерлерге табыстады. Енді, облыстық клиникалық ауруханада аймақта алғашқы терапиялық гипотермия мен электроэнцефалографияға арналған аппараттар бар. Олар босану кезіндегі асфиксияның ауыр түрлерінен жаңа туған нәрестелердің өлімін азайтуға тікелей себепші болмақ.

Терапиялық гипотермияны алғашқы 6 сағатта, тіпті, жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы минуттарында қолдану қажет. Сонда ми жасушаларының жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік болады. Егер, мұндай аппарат ауруханада болмаса, баланың орталық жүйке жүйесі зақымданып, шетінеп кетуі де мүмкін. Гипотермия аппараты жаңа туған нәрестенің барлық денесін немесе оның бөлігін бірқалыпты салқындатады, осылайша нүктелі температуралық әсерлер қан ағынын түзетуге және сол арқылы нәрестелердің бас миы жасушаларының немесе зақымданған бөліктерінің қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді.

Жалпы, жыл сайын Қарағанды облысында 19 мың бала дүниеге келеді десек, оның 7%-ы мерзімінен ерте туады. Аймақтағы перинаталдық орталықтың бірі – облыстық клиникалық аурухананың өзінде бір жылда 5000-ға жуық сәби дүниеге келеді. Оның ішінде, 100-ге жуық сәби орта және ауыр дәрежелі асфиксиямен туады екен. Мұның барлығын қайырымдылық қоры зерттепті. Сол арқылы осындай аппаратты көбірек қажет ететін облысты анықтайды.

Қордың коммуникациялар жөніндегі вице-президенті Наталья Еськованың айтуынша, Қарағанды – заманауи аппараты бар жетінші аймақ.

– Біз 14 жылдан бері Қазақстан бойынша ауруханалар реанимацияларында бала өлімі мен мүгедектігін азайту үшін заманауи аппараттарды орнатып келеміз. Нәтижесінде, жүздеген мың баланың өмірін сақтап қалдық. Біздің қор елімізде ең озық деген медициналық әдістерді енгізуге көмектеседі. Соңғы 5 жылда біз перинаталдық орталықтарды автоматты басқарылатын гипотермияға арналған жабдықтармен жабдықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз, – деді ол.

Әрине, баланың бәрі асфиксиямен тумайды. Мұндай көмекті қажет ететін шақалақ УДЗ кезінде анықталады. Жүктілік кезінде өз кіндігіне оралып, тұншыққан бала туған сәтінде уақыт жоғалтпай көмек көрсетілетін болады.

– Балаларға шетелге шығу мүмкін болмай жатады. Біз көмекті өз елімізде көрсеткен дұрыс деп санаймыз. Мұндай аппарат бір емес, жүздеген балаға жәрдемдесе алады. Негізінен мұндай қажет құралдар демеушілер тарапынан емес, мемлекеттік сатып алу арқылы алынуы тиіс. Әр аймақ өз жоспарына енгізсе, бала өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік артады. Қараңызшы, 2015 жылдан бері елімізде мүгедек балалар жыл сайын 6 мыңға артып келеді. Оның бәрі асфиксиядан болмаса да, біразын аман алып қала аламыз деп ойлаймын. Аппарат үш блоктан тұрады, жалпы құны – 28 млн. теңге. Онда жұмыс істейтін мамандарды да арнайы оқыттық. Заманауи құрылғыны алып берген «SamrukKazyna Trust» әлеуметтік жобаларын дамыту қорына алғысымызды білдіреміз, – деді Н.Еськова.

– Осы жоба аясында электроэнцефалография мониторы мен автоматты басқарылатын гипотермия аппараты, сондай-ақ, пациенттің мониторы сатып алынды, – деді «SamrukKazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев. – Ол сәбилер өлімі деңгейін төмендетуге, сондай-ақ, жаңа туған нәрестелерде асфиксия салдарынан мүгедектіктің ауыр түрлерін болдырмауға мүмкіндік береді. Біз денсаулық сақтау саласында бірқатар жобаларды жүзеге асырамыз. Соның арқасында жыл сайын мүгедектігі бар 7 мыңнан астам бала қазіргі заманғы орталықтарда тегін оңалтудан өте алады. Қазақстанда емделмейтін диагнозы бар шамамен 100 бала шетелдік клиникаларда емделеді, 600- ден астам «ерекше» бала бейімделу спортымен айналысады. Ал, 10,5 мың бала түзету кабинеттері мен инклюзивті орталықтарда мамандардан көмек алды.

Ол, сондай-ақ, «Samruk-Kazyna Trust» қоры Қарағанды облысында бұқаралық және бейімделу спортын дамыту, отбасы институтын қолдау, Covid-19-ға қарсы күрес аясында медициналық мекемелерді жабдықтау сияқты бірқатар маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыратынын тілге тиек етті.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button