Спорт

Ауыл жастарының аламаны

Абай қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жасөспірімдер арасында дәстүрлі жазғы ауыл ойындары өтті. Биыл сайысқа Қарағанды облысының жеті ауданынан 600-ге жуық жасөспірім қатысып, бақ сынасты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Тартысқа толы ойындарды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы осымен төртінші рет ұйымдастырып отыр. Биылғы жарыс спорттың сегіз түрінен ұйымдастырылды. Атап айтсақ, жас спортшылар асық ату, бес асық, армрестлинг, баскетбол, волейбол, дзюдо, қазақ күресі, үстел теннисі және шағын футболдан өзара сынға түсті.

Былтырғы жазғы ойындарда Бұқар жырау ауданы жасөспірімдер ойындарының күміс жүлдегері атанған еді. Биыл олар қола медальді қанағат тұтты.

– Ереже бойынша барымызды салып, өнер көрсеттік. Армрестлинг, күрес, волейбол, үстел теннисі сынды спорт түрлерінде мықты екенімізді дәлелдедік. Құраманы іріктеу жарыстарының қорытындысы бойынша жасақтағанбыз. Биыл бірнеше өңірден спортшылар жиналды. Олардың осындай жарыстарға қуана-қуана келетіні, қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасатыны көз қуантады. Келесі жылы да дәстүрлі дода жалғасын тапса екен, – дейді Бұқар жырау ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков.

Кіл мықтылар барын салған ойындардың нәтижесінде, бұл жолы жалпыкомандалық есепте Шет ауданының спортшылары үздік атанып, көш бастады. Ал, екінші орынға Абай ауданының құрамасы жайғасса, үшінші орын биігінен Бұқар жырау ауданының құрамасы көрінді.

– Өз басым жарыстарды тама­шалап, демалып қайттым. Ұйым­дас­тырушыларға алғыс айтамын. Жас спортшылардың ынта-жігері қуантты. Осындай ауқымды спорттық шаралар жиі өтсе, жастар жат әдеттерден алыстайды, – дейді Абай ауданының тұрғыны Қуаныш Шоқай.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button