Бас тақырып

Ауыл дискриминациядан арылады

Алдағы төрт жылдағы ауыл атаулының келешегі кесіп-пішілген құжат бекіді. Ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында тасқа түскен жобалар енді іске асуы тиіс. Тұжырымдаманы дайындауға пәрменді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таққа отырғанда-ақ берген-ді. 2022 жылдың қарашасында сайланған соң қол қойған алғашқы Жарлық осы еді. Бағдарламаға пара-пар оны кешегі күні Үкімет бекітті. Елдегі 6 295 ауылдың, ондағы 7,5 млн. халықтың мұқтажын шешуді мұрат еткен құжат несімен құнды? Қарағанды аймағындағы 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округтегі 214 мың ауыл адамына тұжырымдама нені тұғыр қылмақ? Тарқаталық…

Сурет интернеттен алынды

Айтып-айтпай не керек, ауылға Үкіметтің айналып соғуы бірінші емес. Бұған дейінгі отыз жылда қырдағы қазақтың еңсесін тіктеуді діттеген көп бағдарлама болды. Сонау жылы «Ауыл жылы» деп те жарияланғаны есте қалыпты. Алайда, оның бәрі ауылдың жылдар бойы қатпарланған қалың проблемасын түбегейлі шеше алмады. Қайсыбірін тізгендейміз, ауылдың жылдан-жылға жырлауға жететін «жыры» көп еді. Қарапайым тұтынушылықтан бастап, әлеуметтің әлеуетіне тікелей ықпалы бар мәселелердің түйіні тарқамағаны рас-тын.

Дегенмен, зерттеулер соңғы 10 жылда даму әлеуеті бар ауылды қолдау арқылы ауылдағы ағайынның өмірін жақсартуға бағытталған бағдарламаларды жоққа шығармайды. Соның нәтижесінде 2011- 2021 жылдары көп ауылға орталықтандырылған су тартылды. Мектептер, емхана, ауруханалар салынды. Десек те, мұның бәрі ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жоя алмады.

«Қабылданған шараларға қарамастан, ауылдық жерлерде бірқатар жүйелі мәселелер әлі де шешілген жоқ. Ауыл халқының өмір сүру сапасы қалалықтардан едәуір артта қалып отыр, базалық игіліктер мен көрсетілген қызметтерге қол жеткізудегі алшақтықтар қысқармауда. Елдің шығыс, солтүстік және орталық облыстарынан халықтың көші-қон ағыны сақталып отыр» дейді зерттеулер.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2011 жылдан бастап, ауыл халқының саны айтарлықтай өзгермеген. Бірақ ауылда көші-қон үрдісі әлі де сақталуда екен. Мәселен, ауыл халқының ең көп өшуі Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында байқалған.

Ауыл адамының қалаға қарағанда табысының 1,7 есе төмендігі де ауылдан көшуге әсері жоқ емес. Бұған қоса, талдаулар ауылдық жерлерде аз қамтылған отбасылардың үлесі қалалық көрсеткіштен 2 есе артықтығын көрсеткен. Әрбір үшінші ауыл тұрғыны өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Бұл болса, олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігінің жоқтығын, олардың әлеуметтік қорғалмағандығын айғақтайды.

Бұл орайда саясаттанушы Айдос Бәдел «Ауылда күнкөріс барған сайын қиындап кетті. Жұмыссыздық. Мал, жер күтіміне шамасы келмейтін жағдайға келіп қалды. Қол жетпес бағадағы арнайы техникалар. Мал жем-шөбінің қымбаттауы. Көмірден бастап, тұрмыстық қажеттіліктердің еселеп қымбат жеткізілуі. Шын мәнінде, ауыл аздаған фермерлер мен қоры бар тұрақты қызметтегі адамдар үшін ғана жайлы орын. Көшу себебінің қатарында осылар да бар. Сондай-ақ, біріншіден, ауыл адамы «Қала үлкен, қалайда жұмыс табылады» деп ойлайды. Екіншіден, ауыл адамдары әлеуметтік дискриминацияны сезінеді. Яғни, қаладағыдай жоғары дәрежедегі мектеп, емханалар жоқ», – деген еді.

Сондықтан да, әбден сараланған тұжырымдама ауыл мен қаланың арасындағы айырманы азайтуды көздейді. Яғни, ауыл адамының жағдайын жасап беретін жобалар қолға алынады. Ол инфрақұрылымнан басталып, шаһардағыдай әлеуметтік маңызды нысандардың бой көтеруіне ұласады. Жалпы, тұжымдамадағы қағидаттар үш тәсіл арқылы іске асады. Біріншіден, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын, сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті ынталандыру және жан-жақты қолдау арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру. Бұл тәсілде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, оны өткізудің тиімді тізбектерін жолға қою, сондай-ақ ауыл шаруашылығы емес қызмет түрлерінің дамуы ынталандырылады.

Тұжырымдамаға сүйенсек, ұмыт қалған агро, этно және экотуризмнің дамуына жол ашылады. Оларды дамыту үшін тиісті инфрақұрылым жаңғыртылады деп күтілуде.

Кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру мақсатында аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда және ірі ауылдық елді мекендерде шағын өнеркәсіп парктерін құру да міндет етіп қойылған.

Екінші тәсілде әлеуметтік, инженерлік және көліктік-коммуникациялық инфрақұрылым дамиды. Осылайша, көрсетілетін қызметтерді ұсынудағы тепе-теңсіздікті қысқарту мақсат. Мұнда жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынады. Ауылдар су және электр жүйесімен үздіксіз жабдықталуы керек. Кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады. Ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары бой көтереді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.

Ауылдағы инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жанданады. Осы мақсатта ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындарын жабу да қарастырылған. Мәселен, жалпы алаңы 1000 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50 пайызы субсидияланады. Үшінші тәсілде, ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі шараларды институционалдық қамтамасыз ету көзделеді. Бұл орайда атқарушы билік деңгейлері арасында өкілеттіктерді тиімді бөлу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелерін заңнамалық реттеу, ауылдық аумақтарды қаржыландыру тетігі жетілдіріледі.

Мұның бәрі саясаттанушылар айтатын ауыл жиі көретін дискриминацияны жоюға ықпал етеді деген үміт отын үрлейді.

Әлбетте, тұжырымдама шашау шықпай, толықтай орындалса, ауылдың оңаларына шүбә жоқ. Ал, ол жергілікті әкім-қаралардың іскерлігіне тікелей байланысты екені де соқырға таяқ ұстатқандай аян нәрсе.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button