Ауыл ажары
Аудан орталығы Ақсу-Аюлы жыл өткен сайын көркеюде. Халық игілігі үшін бірқатар істер атқарылуда.
Ел үшін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызы жоғары. Жақында ғана Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне тарту ретінде мәдениет үйі алаңында тұрғындар үшін тағы бір демалыс орны пайдалануға берілді.
Шет ауданының әкімі М.Жандәулетовтің бастамасымен іске асқан бұл жұмысқа 6,5 млн. теңге қаржы жұмсалды. Аталмыш жұмысты көркем де сәулетті етіп жасаған «Қазақ саңыраулар қоғамының» оқу-өндірістік кәсіпорны.
Топырақпен үйіліп, беті таспен көмкерілген жасанды тау, оның басындағы қанатын қомдап тұрған қыранның бейнесі мен тау мен тасты мекен еткен арқардың мүсіні, тау етегіндегі жайылып жүрген еліктер, жасанды өзен, ондағы үйрек, көкқұтандардың бейнесі, осының бәрі демалып отырған адамды құдды бір шынайы табиғат аясында отырғандай әсерге бөлейді. Сонымен қоса, жағалай орындықтар мен түңгілік шамдар қойылып, барлық жағдай жасалған.
Саябақты тамашалауға келген жұртшылықпен жүздескенінде аудан әкімі алдағы уақытта Рәміздер аллеясын жасау қолға алынатындығын айтты.
М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.
ШЕТ ауданы.