Ресми

Ауыл ахуалы назарда

Парламент Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков аймақ аграршыларымен кездесті. Жиынға «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының өкілдері де қатысты. Мақсат айқын – облыстағы шаруа қожалық иелерінің мәселелерін тыңдап, олардың мұң-мұқтажын билікке жеткізу. Өңірде біршама мәселе бар.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Кең жазыққа төрт түлікті жайып тастап, арқаны кеңге салып жататын дәуір өткелі қашан. Бәрі өзгерді. Экология құбылып, құрғақшылық қысты. Салдарынан жем-шөп те оңайлықпен таптырмай, бағасы шарықтап кетті. Қорадағы малына қарап отырған ауылдағы ағайынның жағасы жайлауда емес бұл күнде. Жайылым жері де тапшы. Біреуі егін еккісі, енді біреуі мал жайғысы келеді. Ал, ата кәсіпке мемлекет тарапынан жәрдем болмаса, жағдай оңбасы анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі» деді. Яғни, атүсті қарайтын сала емес. Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Мемлекет басшысының тапсырмаларының іске асып жатқанын атады.

– Президент Жолдауында «Ауыл» партиясына зор міндеттер жүктеген болатын. Атап айтқанда, ауылдағы ағайынның жағдайын жақсартуды көздейтін мәселелерді атады. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы бірқатар заңнамаларға өзгертулер ұсынды. Анығырақ айтсақ, аграрлық несиенің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруды көздейміз. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударамыз. Ұсыныстарымыз Парламент Мәжілісінің қарауында, – деді Таңсәуле Серіков.

Қожалық иелерінің проблемалары да тыңдалды. Мәселен, жүз бастан артық мал ұстап отыр­ған қыстақтарда әлі күнге дейін жарық жоқ екен. Тоқ тартылмаған. Тарттырайын десе, жердің шалғайлығы мен қаржысы қолбайлау болып тұр екен. Бұл мәселе, әсіресе, Мартбек Мамыраев ауылында ушығып тұр. Елді мекеннің маңайында қырыққа жуық қыстақ бар. Ал, күн батареялары тым қымбат.

– Негізі, жарық тартуға субсидия қарастырылған. Бірақ, жоба 250 миллион теңгеден асуы тиіс. 30 қой, немесе 10 сиыр үшін шалғайға тоқ тартылмайды, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Мал сою және етін сату мәселесі оңайға соғып тұрған жоқ. Шаруалардың сөзінше, малды арнайы орынға апару, етке құжат жасату – машақатқа айналған. Қып-қызыл шығын. Жиналғандар Парламент Мәжілісінің депутатынан осы жайттарды заң жүзінде реттеуге және оңайлатуға ықпал жасауды өтінді.

Субсидия мәселесі де әлі өзекті. Субсидия енді ғана аяқтан тұрып келе жатқан қосалқы шаруаларға қарастырылмаған. Бұл – аймақта кәсіпкерлердің көбеюіне кедергі дейді білікті шаруалар.

– Үкімет бір жоба жасайды да, соған кереғар талаптар қояды. Мысалы, субсидияны енді бастап келе жатқан шаруа қожалықтары алу үшін «Осынша бас мал басы болуы керек» дейді. Ол оны қайдан алады? Сонымен қатар, серіктестік кредитін алайын десең, бірнеше адамның келісімі керек. Бірнеше адамның бірігіп кәсіп ашуы деген – қашан да қауіпті. Себебі, арада кикілжің туындауы әбден мүмкін. Ақша жүрген жерде – осы, – деді «Хадис» шаруа қожалығының директоры Дархан Әбдірахман.

Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының мамандары да өз мұң-мұқтажын жеткізді. Бұл мамандар егістікке зиян келтіретін зиянкестермен және басқа да залалдардың салдарымен күреседі. Ыстықта да, жаңбыр, суықта да дала кезіп, зерттеулер жүргізеді. Осы бейнеті көп мамандық иелерінің жалақысы өте төмен.

Депутат Таңсәуле Серіков жи­ында көтерілген барлық сұрақтарды Парламент Мәжілісінде көтеруге уәде берді.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button