Ауданның ахуалымен танысты

Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ жұмыс сапарымен Абай ауданында болды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

_l

Абай ауданының осы жыл­дағы әлеуметтік-эк­оно­микалық көр­се­т­кіштеріне ке­лер болсақ, негізгі капиталға тартылған инвес­тициялар көлемі едәуір артқан. 6840,7 миллион теңге­ні құраған. Қаңтар-шілде ай­лары аралығында өндірілген өнеркәсіптік өнім көлемі 31154,3 миллион теңгені құрады. Кейбір кәсіпорындардағы өндіріс көлемі азайған. Тау-кен – геологиялық ахуал, өнімге деген сұраныстың кемуі сияқты бірнеше фактор бұған себеп болған.

Ал, ауыл шаруашылығы сала­сында ілгерілеу анық аңғарылады. Жыл басынан бері 7471,1 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде, жұмыртқа өндіру – 7%-ға, сүт өндірісі 7,7%-ға артқан. Жылқы саны – 20,5%-ға, құстың саны 19%-ға, ірі қара мал саны – 9%-ға, қой-ешкінің саны 1%-ға артқан. Бірақ, ет өндірісінің көлемі 1,1%-ға кеміген.

Құрылыс саласында қарқын бар. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2346,7 миллион теңгеге теңесті. 6995 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Аудан бюджетіне түскен қаражат көлемі 990,6 миллион теңгені құрады. Шағын кәсіп­керлік субъектілерінің саны 2496-ға жетті.

Әлеуметтік салада да оңды өзгерістер байқалады. 1 тамыздағы жағдай бойынша, жұмыссыздар саны – 141 адам. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, көрсеткіш 23,8%-ға азайған. 1111 адам жұмысқа орналастырылған.

Туу көрсеткіші болса, 5,8%-ға кеміген, өлім көрсеткіші 1,6%-ға азайған.

Мектепке дейінгі тәрбиемен 1873 бала қамтылған. Мектеп оқушыларының саны 3,4%-ға артып, 7130 баланы құрады.

Елді елеңдеткен мәселенің бірі – эпизоттық ахуал. 29 тамыздағы жағдай бойынша, ауданның эпизоттық ахуалы тұрақты. 1948-2002 жылдардағы кадастрлық тіркеу дерегі Абай ауданында күйдіргі індетінің тіркелмегенін көрсетеді.

9 қыркүйекте Абай аудан­дық тұтынушылар құқығын қорғау саласының қызметкерлері індеттің ошағы болуы ықтимал деген төрт нүктенің топырағын аса қауіпті инфекциялар зертханасына сараптамаға жіберді. Жалпы, аудан бойынша күйдіргіге қарсы егу жұмыстары толық атқарылған. Тұрғындар арасында малды тасымалдау, бағып-күту мәселесі бойынша түсіндірмелік-ақпараттық жұ­мыс­тар жүйелі жүргізіледі. Ет-сүт өнімдерін ветеринарлық-санитарлық зерттемесіз сауда орталықтарына босатпау ісі қатаң қолға алынған. Ветеринарлық бақылау және жергілікті полиция қызметі арасында бірлескен жұмыстар іс-шарасының жос­пары бекітілген. Мақсат – ет-сүт өнімдерін құжатсыз тасымал­даушы автокөліктерді құрықтау.

Сондай-ақ, аудан аумағында мал өлекселерін көметін бес орын белгіленген. Барлығы да Абай аудандық ветеринарлық станциясының қарамағында.

Бірақ, әлі де болса мал өлекселерін көметін орындардың тапшылығы сезіледі. Осыған орай, 2015-2018 жылдар аралығында мал өлекселерін өкметін жеті орынның құрылысын салу жоспарланған.

Мал сою пункттерінің саны – 15. Бірақ, Есенгелді, Карагандинский, Құрма, Топар, Қарабас, Южный елді мекендері мен Абай қаласында мал сою пункттері жоқ. Алдағы уақытта бірнеше кәсіпкердің есебінен мал сою учаскелерін іске қосу жоспарда бар. Мәселен, Абай қаласының тұрғыны Қайыржан Оспановқа мал сою пунктін салу үшін жер учаскесі бөлінді. Бірақ, құрылыс жұмыстары қаржы мәселесіне байланысты тоқтап тұр.

Облыс басшысы Нұр­мұхамбет Қанапияұлы Абай қаласындағы №1 қосымша білім беретін мектепке де ат басын бұрды.

Білім беру нысаны 1963 жылы салынған. Мұнда 565 баланың 206-сы – қазақ тілінде, 309-ы орыс тілінде білім алуда. Соңғы екі жылда мектептің екі түлегі «Алтын белгі» иегерлері атанған. Кең жолақты ғаламтор желісіне қосылған мектеп 2014 жылдан бері инклюзивті білім берудің тәжірибелік алаңы болып табылады.

Аймақ басшысы «Астро Агро LTD» ЖШС-нің де жұмысымен танысты. Мұнда картопты және дәнді дақылдарды жинау науқаны жүріп жатыр. Картоп тұқымын көбейту жұмыстарына басымдық берілген.

Абай ауданындағы «Шанс» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысу да облыс әкімінің жұмыс сапарынан тыс қалмады.

Бұл шаруа қожалығында да картоп пен дәнді дақылдарды жинау жұмыстары қызу өрбіген. Сондай-ақ, 10 мың тонна картопты сақтау арналған нысанның құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта қолда бар картоп қоймасында (сыйымдылығы – 10 мың тонна) картопты сұрыптау ісі бөгетсіз жүзеге асуда.

Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өңірді өркендету мақ­сатындағы бірнеше басым­дықтарды айқындап берді. Әлеу­меттік-экономикалық ілгері­леу қарқынын сақтап қалу үшін қажетті тапсырмалар жүктеді.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.