Руханият

Ата салты – ұрпаққа аманат

Қазақта «Алты жыл аштық болса да, атаңның салтын ұмытпа» деген сөз бар. Қазақ халқының ұлттық құндылығы – мәдениеті, әдебиеті, өнері осы салт-дәстүрлер арқылы танылып келеді. Оның ішінде ұмытылғаны және қайта жаңғырғаны қаншама?!

«Дәстүрің – дәулетің, салтың – санаң, ғұрпың – ғұмырың» дейтін халық бүгінде мың түрлі дәстүрдің уақыт тезінен өтіп, өзінің мән-мазмұнын жоғалтпағанын ғана ескеруде. Бала дүниеге келгеннен бастап, есейіп ересек болғанша, қазыналы қария қарттық жасқа жеткенше жасалатын әдет-ғұрыптарды орындап келеді.

– Қазақ халқының өмір бойы қалыптасқан таным, ұғым, әдет, әдеп, салт-дәстүрлерінің айқындалған, мойындалған сара жолы ерте жасалған. Бала күнімде әке-шешем, ауыл-аймақ, ағайын-тума арасында орындалатын жоралғының бірі – тұлым қою еді. Қарын шашынан, орайдың маңына қалдырып «Жас баланы жын-шайтан иектегіш болады, ал тұлым оларды үркітеді, айналадағы адамдардың көзі тимейді» дейтін. Жеті жасқа келгенде ауылдың ардақты ақсақал, ағаларын жинап, батасын алып, кішігірім той жасайды. Жас баланың мойнына екі қалтасы бар дорба асып қояды. Әр адам жақсы тілегін айтып, батасын беріп, тұлымның шетінен қиып, қалтаға сала береді. Екінші қалтаға көрімдік салады. Кей уақыттарда қой, жылқы, атан-түйеге дейін атайтын болған. Кейінгі уақытта бұл үрдіс сирек орындалып, жүр. Оның өзіндік ерекшеліктері бар. Үлкен немеремізге атасы ырымдап тұлым қойды. Немереміз жеті жасқа толғаннан кейін той жасап, тұлымын кесіп, үлкендердің батасын аламыз деп отырмыз, – дейді Көктас ауылының тұрғыны, ұлағатты ұстаз Базаркүл Хизиль.

Тағы бір ел арасында жоғалып бара жатқан дәстүрдің бірі – ашамайға мінгізу. Ер бала дүниеге келгенде тай атап, ен салады. Алайда, бала ересек болған тұста үйретілген тайға мінгізіп қоя береді. Мұның да ертеде ата-бабаларымыз жөн-жоралғысын орындаған. Ауыл-аймақ болып атқаратын дәстүр. Ұлттық киім киген баланы бәсіре тайға мінгізіп «Ашамай тойын» жасаған. Атты жетектеген адамның жас болуы шарт. Әрі ел арасында абыройлы, парасатты, өнерге жақын болғаны да абзал. Үй-үйді аралата жүріп үлкендердің батасын алған. Әр барған үйдің адамдары теңге мен тәттілерді қоржынына толтырып беріп отырған. Бұл дәстүр ер баланың отанын қорғайтын ер-азамат екенін түсуіне, өзінің азаматтық міндеттерін түйсінуіне әкеледі.

Қырқынан шығару, бесікке салу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу секілді салт-дәстүрлер уақыттан қалған емес. Алайда, тілашар жасау жоралғысы өзінің мән-мағынасын жоғалтып, немесе заманға қарай бейімделген.

– Мен – оңтүстіктің қызымын, орталық¬тың келінімін. Дініміз, тіліміз, ата-тегіміз бір болса да ұстанатын, атқаратын салт-дәстүрлеріміз әртүрлі. Оңтүстік жақта қазақы үрдіс кеңінен сақталған. Мәселен, оңтүсіктің қалың мал дегеніне көбісі үрке қарайды. Бұл біздің ата-бабадан келе жатқан ұлттық дәстүріміз деп айтуға әбден болады. Ертеректе ата-бабаларымыз төрт түлік малды түгендеп, тең-тең дүние мүлік берген. Бүгінгі қалың мал қыздың артынан келетін дүние мүлкі, – дейді үш баланың анасы Ажар Махмұдқызы.

Салт-дәстүр, жөн-жоралғыға келгенде кереғар пікірлер өте көп. Бірі мақтайды. Бірі даттайды. Ата салты – ұрпаққа аманат. Озығын кәдеге жаратып, тозығын тарих қойнауына жіберетін де өскелең ұрпақ. Мәселен, ертеректе ерекше маңызғы ие болған «Байлау», «Жолаяқ», «Біз шаншар», «Босаға майлау», «Желін садақа», «Жарысқазан» деген жөн-жоралғылар тарих қойнауына кеткелі қашан.

Сағыныш ӘБІЛ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button