Шет

Атқарылған істер – ауқымды

Жуырда Ақсу-Аюлы селосындағы Мәдениет үйінде аудан әкімі Марат ЖАНДӘУЛЕТОВТІҢ халықпен есептік кездесуі өтті.

Шараға Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының және мекеме, кәсіпорындардың басшылары, еңбек ардагерлері, кент, ауылдық округтер әкімдері, қоғамдық ұйымдар өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі аудан жұртшылығы алдындағы есебін Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен сабақтастырды.
– 2017 жылғы 25 кездесуде айтылған 92 ұсыныстың орындалысы қамтамасыз етілді. 622 өтініштің 141-і қанағаттандырылып, қалғандарына түсініктеме берілді. Биылғы жылы аудан әкімінің есептік кездесулерінде тұрғындардан түскен 97 ұсыныс бақылауға алынды. Елбасы, Үкімет, облыс әкімінің тапсырмаларын орындау барысында тиісті жұмыстар атқарылды, – деді М.Жандәулетов. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілгенін айтты.
Аудан басшысы тұрғындардың, әсіресе, ардагерлердің, ел ағаларының қолдауымен, жергілікті және атқарушы биліктің бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде, 2017 жылы көтерілген бастамалар жүзеге сәтті асқанын сөз етті. Мәселен, ауданымыз 9 айдың және жылдың қорытындысы бойынша облысымыздың қала, аудандарының арасында 3 орынға ие болды.
М.Жандәулетовтің баяндамасынан соң жарыссөзге шыққан С.Сейфуллин атындағы кенттің ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Әбеуов өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар ұшан теңіз екендігін, аудан әкімі басшылығымен әлеуметтік-экономикалық және басқа да салаларда халықтың көңілінен шығатын оң істер атқарылғанына тоқталды. Ақжал кенті ақсақалдар алқасының төрағасы С.Қамбар да атқарылған істер көңіл толтырарлық екенін атап айтты. Ауыл ақсақалы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Ж.Сүлейменов аудан көшелеріндегі құрылыстар, кәріз жүйесі жайында пікір, ұсыныстарын жеткізді.
Халық тарапынан өзге де ұсыныс-пікірлер айтылды. Мал өлекселерін тастайтын қорым салу, аудан орталығында сүт қабылдауды ұйымдастыру, «Құмжон» көшесіне халқымыздың қаһарман ұлы Қайрат Рысқұлбековтің есімін беру және өзге де мәселелер. Сондай-ақ, ауданның 90 жылдығы, Шортанбай жыраудың 200 жылдық мерейтойына байланысты ұсыныстар да айтылды. «Алмалы» кен орнында пайдаланылатын су өзенге құйылатыны, сол өзеннен төрт түлік су ішетіні, «Манақа» су қоймасының жылда қауіп төндіретіні, оған салынған бөгеттің отырып бара жатқаны сияқты мәселелер де жиыннан тыс қалған жоқ.
Жиынды қорытындылаған М.Жандәулетов алдағы уақытта межелі міндеттерді орындау мен өңірді дамыту үшін, аудан жұртшылығын мемлекет көрсетіп отырған қолдауларға сүйене отырып, бірлікпен, ынтымақпен еңбек етуге шақырды.
Жалпы, аудан әкімінің халық алдындағы есептік кездесуі ашық пікір алмасу, емен-жарқын сұхбат жағдайында өтті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button