Бас тақырыпЖаңалықтар

Ғасыр жасаған батыр ана

Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде Октябрь аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Солдат – соғысқа, солдат – еңбекке» атты дүбірлі кеш өтті. Шараның басты кейіпкері Ұлы Отан соғысының ардагері, дәрігер подполковник Нина СОРОКИНА. Батыр ана, ержүрек дәрігер – мерейлі 100 жасқа толды.

Кеш басында ержүрек ананың жүріп өткен өмір жолы турасында арнайы деректі фильм көрсетілді. Әсер алмаған адам қалмады. Бейнетке толы ғұмыры әр көрерменді елітті, көздеріне жас алғандар қаншама. Біздің де жүрегіміз толқыды. Ел экранға көз қадап, сүйсініп әрі таң қалып отыр. Тірі аңыз Нина Сорокина – сахнада. «Нұрби» би ансамблі нақышына келтіре қазақтың ұлттық биін билеп, кеш шымылдығын түрді.

Алғаш сөз алған Октябрь аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Марат Аймағамбетов ыстық ықыласымен игі тілегін жаударды. ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Халық Қаһарманы, Армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың құттықтау хаты оқып таныстырылды. Ресми орган өкілдері мен қоғамдық ұйым басшылары да шешіле сөйлеп, құттықтау хаттарын оқыды. I-дәрежелі «Ел қорғаны» медалі Нина Сорокинаға елге сіңген ерен еңбегіне орай тапсырылды.

Айта кетейік, Нина Сорокина Воронеж облысының Россощ ауылында, император полкі гвардияшысының шаңырағында туыпты. 1941 жылы Воронеждегі медицина институтын бітіріп, Алтай өңіріне учаскелік дәрігер болып жұмысқа орналасады. Дәл осы сәтте екінші дүниежүзілік соғыс басталып, жас маман Нинаны 362-атқыштар полкінің 315-мотоатқыштар дивизиясына кіші дәрігер ретінде қабылданған. Арнайы дайындықтан кейін полк ең сұрапыл соғыс жүріп жатқан Сталинград майданына аттанады. Осы майдан Нинаны әбден шыңдап, жігерлендіре түскен. Кейін Украина мен Қырымды азат етуге қатысып, мыңдаған адамның жанына араша болыпты. Соғыстан кейін де қаламыздың медицина саласында 50 жылға жуық жемісті еңбек еткен. Батыр ана, ер мінезді кәсіби дәрігердің ерлікке толы өмір жолы ұрпаққа үлгі боларлықтай.

– Қазақстан – менің екінші Отаным! Жо-жоқ, бірінші Отаным! Бұл ел маған өте ыстық. Мен Ресейге барып жұмыс істемекші болдым. Бірақ, мені осында тартты да тұрды. Бар саналы ғұмырымды сүйікті мамандығыма арнадым. Елге қызмет еттім. Оған бір сәт те өкінген емеспін. Көңіл-күйімізге қарап, жағдайымызды жасап келеді осы Октябрь аудандық ардагерлер кеңесі. 100 жасқа толған мерейлі туған күнімді жасап бергендері де мен үшін өте тосын сый болды. Барша қазақстандықтарға ризамын, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, – деді Нина Сорокина.

Басқа материалдар

Back to top button