Тұсаукесер

«Ғасыр адамына» – ұстаздар құрметі

Қарағандыдағы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияда физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, «Ғасыр адамы» атанған Темірғали КӨКЕТАЕВҚА арналған кабинет ашылды.

Жиынға қатысқан Темірғали Әбілдаұлы және қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім мен Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың физика-техникалық факультетінің деканы Асылбек Зейниденов кабинеттің лентасын қиды. Ашылу салтанатында мектеп директоры Қымбат Оспанова сөз сөйледі.

– Ғұлама атындағы мектеп-гимназияның төрінен физика-математика ғылымын дамытуға үлес қосқан Темірғали Әбілдаұлының құрметіне кабинет ашуды жөн көрдік. Осы кабинеттен білім алған шәкірттеріміз «Ғасыр адамы» атанған ғалым секілді талай жерде топ жарып, елімізді әлемге танытсын деген оймен аштық. Бұл іске себепкер болған мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Мархабат Сүйіндікқызына және әріптестеріме алғыс білдіремін, – деді мектеп басшысы.

Кабинет заманауи құралдармен жабдықталған. Мектеп оқушылары келген қонақтарға ғалымның өмір жолы мен еңбектерін таныстырды. Сондай-ақ, оқушылар ғалымға сұрақ қойып, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Мектеп ұжымы жиын соңында Темірғали Көкетаевқа шапан жапты.

– Мұндай кабинеттің ашылуы дұрыс болар. Себебі, осында алған білім оқушылардың еліне, қазақ халқына деген сүйіспеншілігін оятып, ғылым-білімге деген қызығушылығын арттырса, осы жерден Қазақстанның үлкен азаматы шықса, мен оған қуанатын едім. Аянбай еңбек еткен адам өз арманына жетеді, қандай шыңға болса да шығады. Адамды адам ететін – еңбек. Сондықтан, еңбекқор болып өсіңдер. Бүгінгі жастар – бақытты ұрпақ. Біз отаршылдық қамытын киіп өстік. Олар қазақ халқын өз құндылықтарынан адастырып, қол астындағы бүкіл халықты жойып жіберуді мақсат тұтты кезінде. Бірақ, ол ойлары жүзеге аспады. Өйткені, қазақ халқының рухы мықты. Мен дүние жүзіндегі ең қабілетті халық деп өз халқымды айтар едім. Еркін өскен тәуелсіздік азаматтары да қабілетті болуы тиіс. Сонда ғана елімізді дүние жүзіне танытып, алдыңғы қатардан көрсетеді деп сенемін, – деді Темірғали Әбілдаұлы.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button