Бас тақырып

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: “Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру”

8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берілді және Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары қарастырылды.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ – 4 ПАЙЫЗ

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, биылғы жоспардың талқыланатынын атап өтті.

– Өткен жылы ел экономикасы 4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі – 5,5%, құрылыс индустриясы 7,6%-ға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық – 9,2%, көлік саласы 3,6%-ға артты. Дегенмен, инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғалары қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматтарымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады. Қазіргі мәліметтер бойынша бизнеске 100 миллиардтан астам теңге көлемінде залал келді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің пандемияға, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және ұлттық қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанына назар аударды.

– Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті, тұтастығын да сақтап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту – басым міндеттің бірі.

– Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инфляцияны ауыздықтау мәселесін екінші міндет ретінде атады.

– Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы экономиканы өркендету үшін қосымша қаражат қарастыру міндетіне де тоқталды.

– Еркін экономикалық аймақтардың көпшілігі инвестиция әкелу үшін тиімді бола алмады деп мен бірнеше рет айттым. Жарты триллион теңгеге жуық ауқымды салықтық ынталандыру топтамасына қарамастан жағдай осындай болып тұр. Нәтижесінде не таптық? Соңғы үш жылда еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауар көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан аспайды. Ал экспорттың үлесі жалпыелдік өнімнің 0,1 пайызын ғана құрайды. Осы мәселені реттейтін кез келді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке бір айдың ішінде заңға өзгеріс енгізуден бастап, барлық қажетті шараны қабылдауға, соның ішінде іштен және сырттан инвестор тартуға тапсырма берді. Мемлекет басшысы кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет деп санайды.

– Тағы да қайталап айтамын: ондағы былықты жөнге келтірмесе, салдары қиын болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 миллиард доллар болуы – соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күннің ішінде нақты әрі толық жауап күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент барлық деңгейдегі әкімдердің бюджет дербестігін одан ары арттыруы қажет екеніне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, аймақтардың 82 пайызының дотацияда болуы дұрыс емес.

– Мен бұған дейін бюджетаралық қатынастың жаңа жүйесін қалыптастыру туралы тапсырма берген болатынмын. Осы тапсырманы тағы да естеріңізге саламын, – деді Мемлекет басшысы.

УТИЛИЗАЦИЯЛЫҚ АЛЫМ МӨЛШЕРІ АНЫҚТАЛАДЫ

Президент утилизациялық алым мәселесіне де тоқталды.

– Утилизациялық алым бойынша барлық қаражат мемлекет пайдасына түседі деп шештік. Ендігі мәселе – мөлшерлеме деңгейін анықтау. Жұмыс тобы осы мәселені қызу талқылап жатыр. Бірден айтайын, утилизациялық алым қайта қаралады. Бірақ шектен шықпаған жөн. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашудың, ескі автокөліктерді сырттан әкеліп, қалдықтан нарық ашудың қажеті жоқ. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы – тұтынушылар үшін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьютерлер тарапынан әрекет болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Бұл бастама өткен жылы іске қосылуы керек еді.

– «Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлық платформаны әзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес әкімдіктер немесе құрылыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу едицина және тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсай алады. Осы жүйе бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін биылғы 1 мамырдан кешіктірмеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне баса мән берілді. Президент соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін еске салды. Алайда, оның айтуынша, субсидия қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ.

– Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті, ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті, кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды. Бұдан бөлек Президент жерді белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне тоқталды.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі бір тұлғаға 98 мың гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін иемденуге рұқсат беретін қаулы жобасын әзірледі. Бұл өлшеусіз жер иелену құқығын заңдастыру әрекеті сияқты көрінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру тапсырылды. Мұны осы жылдың 1 мамырына дейін бекіту керек. Президент энергетика кешенін дамытуға тағы бір басым міндеттің бірі ретінде тоқталды. Мемлекет басшысы былтыр осы салада болған дағдарысты еске салды. Атап айтқанда дизель отынының, авиакеросиннің, сұйытылған мұнай газының, электр қуатының тапшылығы байқалды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін АЭС салу арқылы тез арада шешу қажет деп санайды.

– Жауапты тұлғалардың атом станциясын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін. Шындығын айту керек: егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгілі, барлық экономикадан да, аймақтық көшбасшылықтан да айырылып қаламыз. Бізге электр қуаты, әсіресе таза атом энергиясы аса қажет. Экономикалық ахуалдан хабары жоқ популистердің сөзіне ермейік. Атом энергетикасының мәнін кәсіби деңгейде түсіндіру қажет, – деді.

РЕФОРМАЛАУ ЖОСПАРЫ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

Президент «Самұрық-Қазына» қоры бойынша реформаларды іске асыру жоспары 10 күннен кейін қайта толығырақ талқылайтынын айтты.

– Ол реформалар өте маңызды. Мен Мәжілістің отырысында сөйлеген сөзімде қорды шындап қайта құрылымдау қажеттігіне баса назар аудардым. Біріншіден, бұл, әрине, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы. Бұл туралы мен осымен үшінші жыл айтып келемін. Әзірге шынайы өзгерістерге қол жеткізіле қойған жоқ. Онымен бірге бұл тендерді ашық өткізуге де байланысты. «Самұрық-Қазына» құрылыс және қайта жарақтау саласында ауқымды жұмыс атқарады. Әдетте белгілі бір компаниялар ғана тендерді ұтып, кейін жұмысты қосалқы мердігерлерге береді. Бұл, әрине, біріншіден, жұмыстың сапасына, екіншіден, баға өлшемдеріне қатты әсер етеді, –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент денсаулық сақтау мәселесі жөнінде айта келе, бұл саланың қаржыны көп қажет ететінін атап өтті.

– Қолда бар қаржыны түгендеп, басымдықтарды қайта қарау керек. Бұл – алдағы жобаларға, соның ішінде мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі арқылы салынатын 20 ауруханаға қатысты мәселе. Оның әрқайсына жұмсалатын шығын қолданыстағы заманауи ауруханалардың құнынан бірнеше есе артық. Мұндай мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қажет емес, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін түйіндей келе, мемлекет пен бизнес басшылыққа алуға тиіс қағидаттарды айқындады.

– «Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады. Сонымен бірге, жеке меншікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екенін айтты. Бұл идеология компрадорлар мен уақыт өткізіп жүргендердің, масылдардың орнын алмастыруға тиіс. – Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарды және онда сатып алынған активтерді елімізге қайтару жолдары жөнінде ұсыныс әзірлеуге 2 ай уақыт беремін, – деді Президент. Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоры қалай жұмыс істейтініне тоқталды.

– Бизнестен салықтық адалдық пен әлеуметтік жауапкершілік талап етіледі. Бұл тәсілдің бір көрінісі – «Қазақстан халқына» берілетін қайырымдылық. Мен бұған дейін айтқан болатынмын, бүгін оны қалыптастыру негізінен ірі ұлттық буржуазия есебінен жүруі тиіс екенін тағы да қайталаймын. Дегенмен, басқа компаниялардың, соның ішінде шетелдік инвесторлардың жарналары, әрине, құпталады. Тағы да атап өткім келетіні – бұл мәжбүрлеу емес. Табысты компаниялар мен азаматтарға жалпыұлттық игі мақсаттарға қаражат бөлу мүмкіндігі, – деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жастардың кімге қарап бой түзейтінін айтып өтті. «Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе жастар, маңдай терін төгіп жұмыс істегісі келмейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргенді жөн көреді. Өйткені олар «бізде адал еңбек бағаланбайды» деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін алаяқтар мен жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті, соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығуда. Оған қоса тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін білген соң еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына мемлекетке де, жақындарына да масыл болуда, – деді. Құрылыс саласына да тоқталған Президент:

– Былтыр еліміз бойынша 17 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын ешқашан болмаған көрсеткіш. Алайда, оның қаншалықты дұрыс мәлімет екенін тексеру керек. Әкімдер жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосып жібереді деген ақпарат бар. Ал, биыл былтырғыдан 1 млн. шаршы метр артық үй салынады деп жоспарланып отыр. Бірақ, құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатыр. Елордамыздағы ахуал – осының айқын дәлелі, – деді.

108 ТАПСЫРМАНЫҢ 44-і ОРЫНДАЛДЫ

Өз кезегінде сөз алған Премьер-Министр Әлихан Смайылов Президенттің қаңтар оқиғасынан кейін берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.

– Қаңтар айында болған қайғылы оқиғалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына түзетулер енгізді. Әлеуметтік-эконмикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында осы жылдың басынан бастап Сіз Үкіметке шұғыл және жүйелі 108 тапсырма бердіңіз. Бүгінгі таңда 44 тапсырма орындалды, – деді Әлихан Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-жоспар аясында елдің барлық аймақтарында қоғамдық тәртіп қалпына келтірілген.

– Ластаушы заттар шығарындыларын азайтуға, қалдықтар мен су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіруге, көлдерді қалпына келтіруге бағытталған шараларды іске асыру жалғасады. Автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін айтарлықтай азайту жағы қайта қаралып жатыр, – деді.

Үкімет басшысы сонымен қатар, тұщы суды тұтыну көлемін реттеу және табиғи қоқыстардың көлемін азайту бойынша шаралар жүзеге асырылатынын атап өтті. Премьер-Министр газ бағасы екі жыл бойы 2021 жылғы баға деңгейінде сақталатынына да тоқталды.

– Ішкі нарық қосымша 150 мың тонна көлемінде сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етілетін болады. Шикі және тауарлық газдың бағасы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін өткен жылғы желтоқсан деңгейінде бекітілетін болады, – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ол тарифтік саясатты жетілдіру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру және олардың инвестициялық бағдарламаларды іске асыруына бақылауды қамтамасыз ету жөнінде заңнамалық шаралар қабылданатынын жеткізді.

БОЛЖАМ: БИЫЛҒЫ ӨСІМ 3,9-4,2 ПАЙЫЗ

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов жиында айтты.

– Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, 2021 жылы жаһандық ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 40 жылдан астам уақыт ішінде ең жылдам болып, 5,9 пайызды құрады. 2022 жылы экономиканың қалпына келуі жалғасады. Бірақ өсу қарқыны төмендеп, Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша 4,4 пайызды құрайды. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, Қазақстан экономикасы 2022 жылы 3,7-4,0 пайызға өседі, Ұлттық банк оны 3,9-4,2 пайыз деңгейінде болжап отыр», – деді ол.

«Үкіметпен бірлескен шараларды іске асыру нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция қыркүйек-қазан айларындағы ең жоғары 8,9 пайыздан 8,4 пайызға дейін баяулады. Алайда, базалық инфляцияның траекториясы инфляция баяулауының әлі де тұрақсыз екенін көрсетеді. Биылғы қаңтарда инфляцияның тағы 8,5 пайызға дейін жеделдеуі осыны дәлелдейді», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Сонымен қатар, Ұлттық банк бағаның өсуін одан әрі төмендету үшін дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыратынын айтты.

– Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде мемлекеттік бағалы қағаздар аукциондарындағы нарықтық инвесторлардың үлесі 2020 жылғы 32,7 пайызға қарағанда 2021 жылы 69,2 пайызға дейін өсті. Талап етілетін өтеу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру үлесі 53 пайыз болды, – деді ҰБ төрағасы.

Оның атап өтуінше, 2021 жылы бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық банктің ноталарына салған инвестициясының көлемі 596 млрд. теңге.

– Экономиканы дағдарысқа дейінгі деңгейге дейін қалпына келтіру міндетін орындаған экономиканы қолдаудың 5 бағдарламасын іске асыруды аяқтау инфляциялық қысымды төмендетудің қосымша қадамы болды. Ақша-кредит саясатының стратегиясына сәйкес, Ұлттық банк экономиканы қаржыландырудың нарықтық қағидаттарын енгізуді жалғастырады. Макроэкономикалық саясатты үйлестіру туралы келісімде белгіленген мемлекеттік қолдаудың нарықтық емес құралдарынан біртіндеп шығу бойынша Үкімет тарапынан 5 жылдық жол картасын қабылдау маңызды болып саналады, – деді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің кірістілігін арттыру жұмысы жалғасатынына да тілге тиек етті.

– Зейнетақы жинақтарының 2,6 трлн. теңге сомасында мерзімінен бұрын алынуына қарамастан зейнетақы активтері 13 трлн. теңгеге дейін 152 млрд. теңгеге өсті. Өткен жылғы инвестициялық кірістің көлемі – 1,4 трлн. теңге, зейнетақы жарналарының көлемі – 1,3 трлн. теңге, зейнетақы төлемдерінің көлемі – 268 млрд.теңге болды. Зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі – 2,7 пайыз. 2022 жылы портфельді одан әрі әртараптандыру арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің кірістілігін арттыру жұмысы жалғасатын болады, – деді Ғалымжан Пірматов.

«Цифрлық теңгені енгізу – пилоттық жоба» деген Ұлттық банк төрағасы:

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық банк 2021 жылғы қарашада Ұлттық төлем жүйесінің компоненттері – карточкалық транзакцияларды өңдеу үшін төлем карточкаларының банкаралық жүйесін және мобильді онлайн төлемдерге қызмет көрсету үшін лездік төлемдер жүйесін пилоттық режимде іске қосты. 2021 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобаға бастамашы болды. Қазіргі уақытта платформаның прототипін әзірлеу аяқталды. 2021 жылғы желтоқсанда пилоттық жобаның нәтижесі бойынша қорытынды баяндама жарияланды. Биыл пайда мен шығасыларды бағалай отырып, цифрлық теңгені енгізу моделі бойынша қорытынды шешім әзірленетін болады, – деді.

МЕКТЕПТЕР ДӘСТҮРЛІ РЕЖИМДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

– Омикронға байланысты эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлаған болатын. Қазір жағдай бақылауда деп айтсам, артық емес. Тәулігіне 16 мыңнан 2000-ға дейін азайып отыр. Сондықтан, мұның бәрі – жалпы жағдайдың дұрысталып келе жатқанының нақты көрінісі деп айтуға болады. Осыған байланысты 24 қаңтарда өзіңіз берген бизнеске жағдай жасау туралы тапсырмаңызға байланысты оларға жол ашу үшін негізгі карантин шаралары алынып тасталды. Сонымен қатар, кеше ғана қазақстандық және шетелдік азаматтардың елге кіріп-шығуын жеңілдету үшін нақты шаралар қабылданды. Келесі дүйсенбі, 14 ақпаннан бастап барлық мектептерде оқуды оффлайн режимге ауыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, жиын барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйледі.

Әзірлеген Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button